Ел-жұрттың тілегі ескерусіз қалмайды

Ел-жұрттың тілегі  ескерусіз қалмайды
ашық дереккөз
Ел-жұрттың тілегі ескерусіз қалмайды
Ел болашағы жолындағы мәселелерді шешу ісінде «AMANAT» партиясы да елеулі рөлге ие. Әсіресе ауылдық жерлердегі тұрмыстық-әлеуметтік проблемалар партия жұмысының негізгі бағыттарының бірі екені анық. Осы мақсатта ауыл-аймақтарда туындап отырған мал жайылымы мәселесін шешуге атсалысуға «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық филиалы да ынта танытып отыр. Осы орайда партия облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов Жуалы ауданында болып, жайылым төңірегінде қалыптасып отырған мәселелерге қанықты. Ауыл тұрғындарының өтініш-тілектеріне назар аударды. Дауыл Ынтықбайұлы өз сөзінде, ауылдық жерлерде туындап отырған мал жайылымы мәселесін шешу жұмысы партияның назарында тұрған мәселе екенін айта келіп, осы түйткілге байланысты партияның жанынан «Жер Аманаты» деп аталатын комиссияның құрылып, жұмыс жасай бастағанын тілге тиек етті. Сонымен қатар мал жайылымы мәселесінің туындауының бір себебі, кейінгі жылдары Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру пилоттық жобасымен алынған мал басының күрт өсуімен байланысты екенін айтып, бұл мәселені бірқатар шараларды қолға алу арқылы шешу керектігіне тоқталды. «Қазақстан Фермерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің Қарасаз ауылдық округіндегі төрағасы Ермахан Қойлыбаев өз сөзінде, ауыл әкімдігі және ауылдағы белсенді жанашыр азаматтардың араласуымен Тобышақты (Алатаудың етегі) жайлауынан 484 гектар жайылымдық жердің алынып, ауыл әкімшілігінің теңгеріміне берілгенін қуанышпен жеткізді. Сонымен қоса, оның сөзінше, ауыл маңынан тағы да 12 гектар жайылымдық жердің қолданысқа алынғанын айтты. Бұл жайылымдық жерлерде тұрғындар малдарын бағуда. – Ауылда малдың басы жыл санап өсіп келеді. Оған ең біріншіден жайылым қажет. Елдің өсетінін, ал жердің өспейтінін ескерсек, біраз жылда ауылдағы қарапайым тұрғындар жайылымсыз қалғалы отыр. Өйткені ауыл маңындағы бес және жеті шақырымдық радиустағы жерлердің бәрін ірі шаруа қожалықтар иемденіп алған. Оның ішінде ол жерлердің айналасын жыл сайын қосып аударып, оған егін егіп тастайды. Содан жайылымдық жерлердің көлемі азайып барады. Жерді осылай заңсыз пайдаланып отырғандар да көп. Қарасаз ауылының өзінен 600 бастай сауынды сиыр өріске шығады. Оған жайылымдық жер керек. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, сиырлар ауылдың маңындағы өзеннің жағасында айналшықтап жүр. Күн сайын малдың тісі мен тұяғы тиген жерлер тақырға айналып барады. Биыл жауын-шашын мол болып, жер әлі де болса көгеріп тұр ғой. Әйтпесе жаздың ортасына жетпей-ақ жайылымдық жерлердің шаңы шығып жататын. Ауылда тұрғындардың негізгі күнкөрісі төрт түлік малмен байланысты. Оның өрісі жыл санап тарылып кететін болса, тұрмысымыз не болмақ?! Осы жағын терең ойланатын кез жетті. Ауыл маңындағы бұрынғы сай-сала, егістіктің жағасындағы жайылымдық жерлерді ортақ пайдаланысқа қайтарып алуымыз қажет, – деді Ермахан Қойлыбаев. Келесі кезекте сөз алған ауыл тұрғыны, округтегі билер кеңесінің төрағасы Нұртаза Омаров кейінгі жылдары ауылдың белсенді азаматтарымен бірлесіп, жайылымдық жерлерді қайтарып алуға әрекеттер жасалып жатқанын, бұл мақсатта жайылымдық жерлерді заңсыз игеріп отырғандарға қатаң жаза қолдану немесе қомақты айыппұл салу керектігін баса айтты. Ең бірінші кезекте ауыл маңындағы бес және жеті шақырым радиустағы жерлерді қайтару туралы ұсынысын қоса жеткізді. Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы өз сөзінде, ауыл маңына 600 бастай сауынды сиырдың шығатынын айтып, одан бөлек, бойдақ малдардың таудағы жайылымдарда бағылып жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, ауылдық округтегі шаруа қожалықтардың иелігінде 4 500 гектар, ал «Бірлік» өндірістік кооперативінің иелігінде шамамен 1 500 гектардай жер бар. Ал ауыл тұрғындарының қолдағы малының өзіне норматив бойынша 8 мың гектардан аса жайылымдық жер қажет екен. Кездесуде сонымен қатар, ауылдық округ ардагерлері кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов, ардагер ұстаз, ауылдағы аналар алқасының төрайымы Айгүл Омарова сөз сөйлеп, мемлекеттік сатып алулардағы келеңсіздіктер, осыған байланысты ауылдағы жол жөндеу, көше жарықтандыру, лоток орнату, тағы басқа жұмыстардағы көз көріп, құлақ естіген кемшіліктерді сын тезіне алу қажеттігін баса айтты. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қадірхан Жарасұлы, «AMANAT» партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов жауап беріп, мал жайылымы туралы мәселелердің назарға алынатынын айтты. «AMANAT» партиясы облыстық филиалының өкілдері, облыстық және аудандық мәслихаттың бірқатар депутаттары келесі кезекте Нұрлыкент ауылының тұрғындарымен кездесіп, олардың мұң-мұқтаждарына құлақ түрді. Алдымен ауылдық округтің әкімі Нұржігіт Бөлекбаев ауылдағы жайылымдық жерлер туралы ақпарат беріп, биыл 300 гектардай жайылымдық жердің ортақ пайдалануға берілгенін айтты. Оның сөзінше, Нұрлыкент ауылынан 800 бастай сауынды сиыр жайылымға шығады. Кездесуде ауылдың белсенді тұрғындары Бауыржан Нұрмаханұлы және Баймұхан Исламов ауыл тұрғындарының негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы және диқаншылыққа тікелей байланысты екенін айтып, мал жайылымы және ағын су төңірегіндегі мәселелердің түйінін тезірек тарқату қажет екенін жеткізді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ, журналист.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар