- Advertisement -

Мектепалды даярлау кадрларының кәсіби біліктілігі қай деңгейде?

50

- Advertisement -

Еліміздегі мектепалды даярлау педагогтерінің кәсіби деңгейіне деген көзқарас теріс сипатта көрініс тауып жатқаны жасырын емес. Оған себеп – балабақша тәрбиешілері мен мұғалімдерінің біліктіліктеріндегі кемшілікер болса керек.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Telegram желісіндегі жазбасында осы мәселе жайын тарқата айтты. Ол: «Он жылдан астам уақыт бұрын балабақшалар санының жылдам өсуін ынталандыру үшін лицензиялаудан, кейін мемлекеттік бақылаудан, мониторингтен және олардың қызметін реттеуден бас тарту туралы шешім қабылданды. Оның нәтижесінде, жекеменшік балабақшалар саны күрт артып, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар бірден 99%-ға дейін қамтылды. Бұл – жақсы нәтиже. Алайда балабақшалар санын көбейтуге мүмкіндік болса да, сапа мәселесі өзекті болып қала береді. Балабақшалардың жартысы техникалық және санитарлық талаптарға сай келмейтін ғимараттарда, білікті мамандарсыз және қауіпті жағдайларда ашылған. Мұндай фактілер жеткілікті» деп жазады.
Сондай-ақ ол осындай мәселелерді шешу үшін бес негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтады. Жаңа бұйрықта мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаларға қойылатын талаптар күшейтілетінін кеңінен түсіндіреді. Онда тәрбиешілер мен басқа да педагогтердің біліктілігі мен біліміне қатысты талаптар енгізілген. Жұмыс істейтін тәрбиешілер бойынша үлгілік штат нормативін сақтау талабы енгізілді. Яғни, мысалы, бір мұғалім күні бойы 50 баламен жұмыс істей алатын тәжірибеден бас тарту. Бала саны 25-тен аспауы тиіс. Міндетті түрде бейнекамералар орнату, балабақша ғимараттары мен үй-жайларының санитарлық нормаларға толық сәйкестігі де назарға алынады. Өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі де жіті қадағаланады. Білім басқармаларына мемлекеттік тапсырыс орналастырылғанға дейін балабақшалардың жұмысымен және онда жасалған жағдайлармен танысу құқығы беріледі. Бұл ретте, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында мұндай мониторинг балабақшалар қауымдастығы мен қоғам өкілдерінің қатысуымен ғана жүргізіледі. Сондай-ақ білім басқармалары балабақшаларға мемлекеттік тапсырыстарды бөлу мүмкіндігінен айырылады. Енді жалпы талаптарға сай келетін балабақшалардың тізімі әзірленді. Ал ата-аналар жасалған тізімнен балабақшаны өздері таңдай алады. Демек мемлекеттік тапсырыс ата-аналар таңдаған балабақшаларға жіберіледі.
Келесі үлкен мәселе – бұл саладағы мамандардың біліктілігі. Соңғы жылдары мектепке дейінгі білім беру мамандығына оқуға түсуге конкурс күрт төмендеп кетті. Бұл ең алдымен жалақыға байланысты болса керек. Себебі тәрбиешілердің жалақысы жыл сайын 25 пайызға өскенімен, негізгі құраушы жалақының аздығынан ол әлі де болса аздық етіп отыр.
Осы білім беру бағдарламасының студенттерінің назары әлеуметтік немес қаржылай факторлардан бөлек, ел болашағының мүддесінде болса екен. Балалардың қауіпсіздігі мен бақытты балалық шағы олардың толыққанды тұлға болып қалыптасуында көрініс тапқандықтан, өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен алған білімі – Қазақстанның болашағы екенін естен шығармауымыз қажет. Әр сәбидің Тәуелсіз елде еркін, бақытты жеке тұлға болып дамуына құқығы бар.

Әделя Тұрсұмбекқызы,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің
3-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support