Ауыл азаматтарымен ажарлы

6

Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады» деген. Бұл ақылды сөз бүгінгі күнде де аса қасиетті, жүрек төрінен орын алады.

Жұрт үшін қам ойлайтын, ілгері басатын іс қылатын, көпке сүйенген жеке адамдардың тірлігін көзбен көріп, қолмен ұстаған кісілер сүйсінбей тұра алмайды.
Кешегі жаппай жекешелендіру науқанында көп ауылдың өзі де, талай дүниесі де талапайға түскені өтірік емес. Әсіресе шалғай жатқан ауылдардың жағдайы шатқаяқтап қалды.
Содан бері біраз жыл өтті. Қазақтың алтын бесігі – ауылдың амандығы үшін осы кезге дейін біраз жұмыстар атқарылды. «Ауыл жылы» да болды. Алайда бүгінгі күнге дейін біркелкі емес, өзекті әлеуметтік мәселелер әлі де көп. Бұл жағдайда көзге еңсесін тіктеген, заманына қарай игілікті тірліктерімен танылған ауылдардың үлгісін сонау құм қойнауында жатқан Құмөзек ауылынан көреміз деп кім ойлаған?!

Атақты Мойынқұмның қалың ортасынан асып, Шу өзенінің өзектері мен сағасы орап жатқан маңда осы «Құмөзек» деген кеңшар болған ертеректе. Саңлақ сазгер Шәмші Қалдаяқовтың жұрт сағынышпен жырлайтын «Мойынқұмда» әнінде айтылатын жерге бай осы Құмөзек. Әннің сөзіне осы атаудың енуінің өзі қызықты әңгімеге арқау боларлықтай.
Атақты Шәмші де, ән мәтінінің авторы Сабырхан Асанов ағамыз да ел «ұсынысын» орынды деп қабылдаған ғой.
Сол Құмөзек нарық жағдайы өзекке тепкен кезді де бастан өткерген. «Ауыл тағдыры қалай болар екен?» деген уақытта Байұзақ Саурықов ағамыз осы аумақтық әкімдіктің тізгінін өз қолына алып, жұртқа тірек боларлық іс атқарып, ел құрметіне құт болған жан еді…
Журналистік жолда талай мәрте кездескен тау тұлғалы ағамыз, қариялық жасында да өз туған ауылының бақыты мен байлығы үшін еңбек етті. Ағайынның айқайшысы, алыстағының ардақтысы, жақынның жанашыры болды.

Бар болғаны 700 адам тұратын Құмөзегін қайта түлетудің жоспар-жобасын сызып, жұртты ұйыстыру ісіне кіріскен-ді. Қамқор көңіл аға қолдан келетін қарекеттерді тастай ғып қағазға түсіреді. Барлық ауыл тұрғындарының ортақ мүддесін ойлап, көркейту, жұмыс орнын ашу, тап-тұйнақтай ауылға керекті әлеуметтік ғимараттарды жөндеу секілді міндеттерді белгілейді.
Кешегі ауыл әкімі, енді ақылшы ағаның алды ақ жайлаудай ашылды. Өз кіндігінен тараған перзенттерінің басы Ерболат баласы білдей бір жоғары оқу орнының ректоры болып, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты атанған абыройлы сәтінде «Балам, сен енді бізге ауыл мектебін күрделі жөндеуден өткізіп беруге депутаттық және азаматтық абыройыңмен жәрдемдес. Саған сол аманат» деп көпшіліктің тілегімен жүк артады. Әке сөзінен ой толқыды. Ел тілегін орындау – парыз. Ұлы ағартушы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп – өзі де оқып, білім алған алтын ұя. Сәті келді. Ауыл мектебі танымастай өзгеріп сала берді. Жиhаз-жабдықтары жаңа заманға сай құлпырды. Оқу залын жаңа кітаптармен өзі толтырып берді.

Кешегі жас түлек, бүгінгі оқымысты-академик ауыл мектебін әдемілеп жас ұрпаққа сыйлағандай болды. Шын мәнінде дәнекер, ұйытқы болды. Көше бойлары түзелді. Ауыз су ақты. Қаладағылардан бір кем емес үйлер салына бастады. Ескі көпір жағалауы қорғаныш шарбақ темірмен өрнек салды. Ех, мына ескі саябақтың ағашы қурап, арам шөп басқаны-ай!
Қатал мінезінен кейде мейірімі көп төгілетін әкесі болса, баласының жұмысбастылығын сезінсе де «бәрін бір өзің істей бересің бе», демеді. Сұңғақ бойы мен ойы бірдей өскен Ерболат қазақ мәдениеті мен Тараз руханиятының ұстазы Шераға – Шерхан Мұртаза ағасының жолын үлгі тұтты. Халық жазушысы, шындықтың жебесі Шерағаның асыл мұрасын ардақтау және ол кісінің 80 жылдығын дүркіретіп өткізуде інілері лайықты қызмет етті.

Әп, бәрекелді! Ағалар жолымен жүрсең, адаспайсың деген ғой. Бұны әкесі көріп қуанады. Өзі де Шерағаңмен сонау жылдары дәмдес болған күндері естен шығар ма? «Балам КазГУ-дің аспирантурасына оқуға келді. Көне түрік жазуының ғұламасы Алтай Аманжоловтан ғылыми диссертация қорғайды» дегені сірә, ұмытылар ма?
Ұлы ұстаздан осылай – ақ батасын алған. Біз сол ғажап күндерді ағамен бірге ойға алғанымыз ойдан шыға ма? Сол аяулы Құмөзекке көзі тірісінде бауырмал ағамыз қанша шақырса да жол түспеген еді. Уақыт деген кейде осылай… Асыл ер абыз жасына аяқ басқан шағында, денсаулығы сыр бере қоймаған тың кезінде әлемді әлекке салған індет құрғырдың құрығына ілініп, жұртты өкінішке қалдырып кете барды.

Арада бір жыл өтті… Ерболат баласы аяулы әкенің тағы бір аманатын орындады. Ауылға әкесі айтқан Алла үйін өз қаражатына салдырды. Үлкен мешіт Құмөзектің қақ ортасында тұр. Бұл – ауыл көркі және имандылық құты. Біздің ауылға жол түсіп келуіміздің алдында бірер күн бұрын ашылуы болған. Ақпарат құралдары сол шуақты күні Құмөзекке алыс-жақыннан қонақтар ағылып, салтанатты жиын, өнер жүйріктерінің концерті, спорт жарыстары өтіп, аймақ көкпаршылары атой салған мерекенің өн бойынан әсерлі телерепортаж хабарларын таратып жатты. Аядай ауылдың аты Алашқа танылды. Танытты!
Кереметті көзбен көрдік. Алатауда өсетін түрлі көркем ағаштар бағы құмды далада қалың өсіп тұр. Дұрысы, қарағайлар мен шыршаларды жағалай отырғызыпты. Көктем күніндей әлем. Енді… Ауылға наубайхана салып берді. Енді көп жылдан қараусыздау бос тұрған бір мекеме жатақхана үйін жас отбасылар үйіне айналдырып, күрделі жөндеуден өткізбек.Сөйтіп, жас мұғалімдерді ауылға шақырып, оларға бау-бақша өсіруге жер телімін беріп, тұрақтандыруды ойластырып жүр. Берекелі дастарқан басында болған әңгіме үстінде сүйкімді де ибалы анасының іштей тәубе еткен әрбір сезімтал қасиетін аңғармау мүмкін емес еді. Біздің інілік пейілімізге қарай «Өзіңе де жиі хабарласып, әңгімелесуші еді, ағаң. Бір ойлы мақала оқып шықса, соны адамдарға жеткізуге асығатын. Ол туған балаларына сеніп мағыналы өмір сүрді» деді қоштасарда көңілі босап. Жаулығының ұшымен көз жасын сүртіп… Ақ баталы анасы тағы да ақ жол тіледі. Біздің ойымызда текті әулеттің ұрпағы Байұзақ Саурықовтың кейінгі қария шағында «Балаларына сеніп өмір сүрді» деген ғұмыр ғибраты мен ақ жаулықты анасының айтқан ең асыл сөзі қалып қойды. Бұл жалғанда ұрпақтарына сеніп өмір сүрген адам бақытты. Өмірдің шындығы осы.

Ғасырлар өзені Шудың мол суынан нәр алған мына өңір қандай ғажап. Жаздың бір кешінде табиғат құшағында шомылғандайсың. Бір уақ қармақ салып балық аулаған кішкентай балалар құлдыраңдаған дала жолымен жүріп келеміз. Сенімді, адастырмайтын әкелер жолымен. Жол серігіміз, құтты Құмөзек ауылының түлегі Ерболат Саурықовтың сол әке сенімін елдік сенімге ұластырған тұлғасына біз де сүйсіне қарадық. «Ауылды түгел тамашалаңыз», деп әдемі жымиған Ерекең бір көше бойында ағаштары сиректеу өскен алқапты меңзеп, «келесі жылы амандық болса, осы жерді саябаққа айналдырып, жаңғыртамын», деді сеніммен. Сонда ауылдың атрибуттары бақуатты елдің бағын ашады.

Бұл ауылды бір адамның арқасында жаңарған, яғни, Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры, профессор, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Ерболат Саурықовтың жаңа заман талабына сәйкес қоғам қайраткерлігімен қатар ел ішінде іскерлік қасиетімен танылған айшықты кезеңі деп айтуға болады. Біздің жұртқа Ерболаттай ұлтжанды, ар ойлайтын, еліне жанашырлықпен қызмет ететін, қоғамшыл жігіттер керек. Құмөзек жазбасынан бір үзік ой-толғам осындай.

Мейрамбек Төлепберген,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

Comments are closed.