- Advertisement -

«МЕМЛЕКЕТ ДӘУЛЕТІ ТАЛАПАЙҒА КЕТСІН ДЕГЕН ЗАҢ ЖОҚ!»

20

- Advertisement -

Шерхан МҰРТАЗА:

«МЕМЛЕКЕТ ДӘУЛЕТІ ТАЛАПАЙҒА КЕТСІН ДЕГЕН ЗАҢ ЖОҚ!»

Бұл күндері жаңа Қазақстан құру жолында саяси жаңару мен жаңғыру мәселесі қоғамдық ортада жан-жақты қолдау табуда.

Мемлекет басшысының Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыру бастамалары мен идеялар тұжырымдамасының негіздері жалпы халықтың көңілінен шықты

Қазақстан жұртын қатты қапаландырған «Қасіретті қаңтар» сабақтары қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтардың ортақ көзқарастарына, ұлт зиялыларының көшбастаушылық қызметі мен елтұтқа ерік-жігеріне де ауыр сын болғаны анық. Осындай қылкөпір жағдайда халықтың сөзін сөйлейтін ел серкелері мен жақсы-жайсаңдарын жан- жағымыздан алаңдап іздегеніміз рас.

Көп жылдан бері әбден қордаланып, былық-шылыққа батқан қоғам дерттеріне көз жұмбайлықпен қарап, озбыр топтар мен бетімен кеткен алпауыттарға неге тосқауыл қойылмаған, халық сенім артқан таңдаулы қайраткерлер мен рухы мықты адамдар құрдымға кетіретін қисық дүниелерді неге билік басына ертерек ескертпей келген, сонда қауіпті бағытқа қарай белең алған әлеуметтік-саяси жағдайларды ашық айтуға жарайтын бір айбынды кісі табылмағаны ма? деген сүйекқашау сөздер айтылмай қалған жоқ.

Бұл ренішті жағдай өте орынды еді.

Қоғамды тазарту арқылы әділетті қоғам құруда күрескерлік мінезі мен қайсарлық қасиеттері күшті, аузы дуалы адамдарға шынында да ауадай қажеттілік бар.

Ал мұндай текті жандар мен тегеурінді кісілер біздің қоғамда болған және олардың өмірлік өнегесі өшкен емес.

Күні кешеге дейін ұлылардың ақылды сөздері мен ірілердің шындық үшін шырылдаған жанайқайын естігенбіз. Бірақ…

Қазақ халқының арғы-бергі тарихи толқынында туған ел-жұрты мен өзі жаратылған ұлтының қамын тереңінен ойлап, мемлекеттің шаңырағын шайқалтуға төнген ішкі қауіп-қатер мен кеселдерді билік басына қаратып еш жасырмай, бүркелемей, барынша ашық, мейлінше батыл, тұспалдамай-ақ тура, іркілмей айтып, жанашырлықпен орнықты ойларын тасқа басып, өшпестей жазып кеткен ағартушы тұлғалар мен қажымас қайраткерлер болған. Бұл ақиқат.

Ал енді Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігінің елең-алаңынан бастап қоғам мен мемлекетте орын алған өрескелдіктер мен кем-кетіктерді ел мен ұлттық мүдде тұрғысынан ащы шындықты табан тіреп айтқан әрі ақиқатқа тік тұрып, отты ой қозғаған тәуелсіз тұлғалардың бірегейі – қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар ұстаған халық жазушысы Шерхан Мұртаза ұстанымы деп анық айта аламыз.

Алаш идеясы мен оның арыстарының ізін жалғастырушы Шераға өжет өміршеңдіктің өрелі сөзін сөйлеп, көзі тірісінде сол санаттың жаңа легінің басы болды.

Қазақ жұрты Шерағаның қорғасын құйғандай ауыр, қаhарлы сөзін құмарта қабылдап, әр көзқарасын қуаттап отырды. Өйткені оның әрбір іс-әрекеті, жазған шығармалары мен публицистикалық жазбалары халықпен тығыз байланыста болды.

Ел қамы мен ұлт тағдырына қатысты көзқарасы қазақ біткеннің көзқарасымен бірдей, уақыт өктемдігіне мойынсұнбайтын ұмытылмас тұлғалардың рухымен сусындап, тарих тағылымына терең бойлаған табандылығы мен бұлтартпас батырлығын тұрақты түрде аңғартып отырды.

Аса ардақты ұлт перзентінің әлемі таланттан, ойдан, еңбектен және адал тәртіптен тұрады.

Шын мағынасында ұлтжанды, мемлекетшіл Шерағаның өзгеден бір артық ерекшелігі етіңнен өтіп, сүйегіңе жеткізіп айтады және соны қалай айтуды біледі. Соған керекті сөздерді де, мысалдарды да табады.

«Елім саған айтам, елбасы сен де тыңда!» және «Бір кем дүниесі» тәуелсіз еліміздің тарихы ғана емес, ел мен мемлекет тағдырына қатты алаңдаушылық білдіріп, ұлттың жоғын дамылсыз жоқтаған, биліктегілердің қателері мен берекесіз тірліктерін бетіне басып ашық айтып, қарапайым халықтың наразылығын қалам құдіретімен де, күн туғанда шамшылдықпен де шамырқанып жеткізген күрескерлік өмірі десек те болады.

Жасыратын несі бар, қазір де Қазақстан Парламенті десе, өр дауысты халық қалаулысы.

Шерхан Мұртазаның аты сағынышпен аталады.Ұлт зиялысының сөзі қандай болуы керек десе, заман сөзін кім айта алар десе, ұлт намысын жыртып, найзағадай жарқылдайтын Шерағаңдарды қимастықпен еске түсіреді.

Билік сол өткен шақта қоғамдағы өткір шындықты басын бәйгеге тігіп айтқан Шерағадай дара қайраткерлердің әрбір адал сөзіне құлақ асып, жөнсіз, ашкөздік тірліктерін жанталаса түзеп, тыңдағанда кім біледі, халықтың қаңтарда ушыққан ыза-кек, ашуына тап келмеген болар еді.

Бұл енді жеке ойымыз. Шындықтың жебесі тәрізді Шерағаның ел тағдырына байланысты сол кездегі билікке қаратып айтқан алмастың жүзіндей сыни сөздері мен өткір жазбаларына құлақ түріп, зейін қойып тыңдасаңыз, замана мен дәуірдің өкпе қабындыратын өзекті мәселелері мен айнымас ақиқатын қалай дәлме-дәл, шымбайға батырып тура айтқанына қайран қалатыныңыз хақ.

Бұл еліне ес пен сес көзқарастар еш талассыз қоғам назарында тұруға тиісті аманатты іс. Шындыққа, өзіне артылған аманатты жүкті жеріне жеткізе білген ол кісінің тек шындыққа қана жүгінген ой-талаптары еш ескірген емес, керісінше, енді мемлекетті саяси жаңғырту арқылы Жаңа Қазақстан құруды жүзеге асырудың түбегейлі мән-мақсатын жаңаша айқындай түсуге де жәрдемдеседі.

Енді…

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза ағамыздың кезінде тасқа басылған (негізінен «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген) тарихи, құнды жазбалары мен публицистикалық мақалаларынан билік тізгінін ұстағандарға қаратып айтқан оқтан да өткір отты сөздерін , әсіресе әлеуметтік әділеттілік, мемлекетте заң үстемдігін шынайы орнату және жалпы қоғам тазалығын сақтау тақырыбына қатысты тағылымды үзінділерді келтіріп, ой жалғауды жөн санаймыз.

Егемен елі мен күллі қазақтың мүддесін қорғау.

жолында Шераға қандай жоғары мемлекеттік лауазымды қызметте болмасын, бас газеттің бас редакторы, мемлекеттік телерадионың төрағасы, Парламенттің үш шақырылымының депутаты бола жүріп, ешбір жағдайда ешкімге бас имей, күштілердің ығына жығылмай , әлсіздерге болысып, қоғамдағы қиянатқа қарсы, ал мемлекеттің дәулеті ту-талапайға түспей, өркениетті дамуына қажетті турашыл сөзін қанжардай қадап, әрдайым ашық айтып, халықтық құрметке ие болғаны қоғамдық-саяси өмірімізде қайраткерлердің қадір-қасиетіне өлшем екені де рас. Жұрт жақтаған азулы редактордың өзі де сойқан жазады, Парламентте табандап тұрып әділдікті талап етеді, өзгеге де жаздырады, рухани бағытта жол ашады. Жазғандары қозғаушы күш-көпшілік пікірге де әдетте селсоқ, жаттанды қарайтын сол тұстағы қоғамға, ой-санаға жарылыс жасады десек те болады.

Шераға не айтар екен? деген сенім қалыптасты.

Елінің күткені-ержүрек адамның мінезі мен халықтық абыройына тән өрелі сөздері мен елдік озық, батыл ойлары еді.

Міне, шындықтың шыңы…

ШЫНДЫҚТЫ ақтарылып айту өте қиын. Бәлкім, дүниедегі ең қиыны осы шығар. Дүние – дүние болғалы бұл түйін әлі шешілген жоқ. Адам шындықты айтпайын демейді. Айтайын десе қорқады. Бірақ Құдайды қайтеді? Құдай бәрін көріп тұр ғой. Адам Құдайды да алдауды үйренді.

Шындық ащы. Тіпті ажарсыз.

ТӘУЕЛСІЗДІК – жаңа шығып келе жатқан Күн. Елдің емес, жас мемлекеттің емес, өз қарақан басының қамын ойлаған жемқорлар, парақорлар, Қазақстан байлығын талан-таражға салған сатқындар! Жаңа шығып келе жатқан Күнді көлегейлеп, бұлтпен бүркемелеп, тұмшаламаңдар!

ТӘУБЕ, тәубе! Азаттық алдық. Зорлықтан, құлдықтан азат болдық. Тәуелсізбіз. Егеменбіз.

Сөйтсек, зорлық-зомбылық, жемқорлық, ұрлық-қарлық, парақорлық та заңсыз азаттық алған сияқты. Сияқты емес, дәл солай.

Ал енді бұл қай парадокс?!

ҚАЗІР «патриот» деген сөздің құны арзандады. Патриотизмге баулып жатқан идеология да жоқ. Қазақстанды елім, жерім, алтын бесігім деп жүректі сыздататын сезім көпшілігімізде әлі ұйықтап жатыр. Қазақстанның, Ұлы Отанның тілеуін тілеуден гөрі өз қарақан басының қамын ойлап, қалай баюды көксеп, «приват» – жеке бас, «приватизацияны» – «прихватизацияға» айналдырып жібергендер бас көтеріп тұр. Олар үшін нақты Отан жоқ. Олар үшін азақстанның байлығын тонап, шетелге қашып кетіп, сол шетте тұрып алып, туған елге қара тас лақтырса, – міне, айыз қанатын шаруа сол.

ҚАЙРАН, Қазақстан байлығы. Кімдердің қолында болмаған, кімдерден кейін қалмаған.

Енді бүгін… Жезқазған мысын корейлер, Қарағанды көмірін голландықтар сорып жатыр. Тоқта! Осы жерде бір кінәрат бар-ау. Олар тек корейлер ғана ма! Аты-жөнін жасырып өзіміздің алпауыттар тұрған жоқ па тасада?!

ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ. Мейлі. Бірақ әділеттілік қайда? Неге әркімнің еңбегіне, қоғамға қосқан үлесіне қарай бөлмеймісің. Қолы жеткен алды-кетті деген бола ма екен. Әділетті, құқықтық мемлекет орнатамыз деп жүріп, қадам басқан сайын әділетсіздікке жол берсек, құқықтық мемлекет құра алмаймыз ғой.

ҚАЗІР дүниежүзі таныған «демократияға бет бұрды» деген, Қазақстан атты беделді мемлекеттің Жоғарғы сотының төрағасы жемқор, парақор атанып, ақырын ғана орнынан алынады да, жым-жылас жоғалып кетеді. Оның алдында республиканың тәртіп тұтқасын ұстап тұрған министрліктің басшысы, яғни, Ішкі істер министрі Шумов, о да дүниеқоңыздық пен құлқынның құлы болып, қол-басын былғап алып, қашып кетеді.

Ләм-лим деген ешкім жоқ. Бұл нақты екі-ақ мысал. Бұлар едәуір. Ал,бірақ «неге, қалай?» деген Үкімет те жоқ. Заң да жоқ. Демократия дейміз, ұялмаймыз.

…ДӘЛ осы қазіргі заман кесиеті қандай? Президент неге қайта-қайта жемқорлық, ұрлық-қарлық, парақорлықпен аяусыз күрес туралы Жарлық шығарады?

Міне, шындықтың керек кезі. Оны айтатын, үкім шығаратын кім? Сот па?

Сот туралы халық баяғыда айтқан:
Құдайым! Қаңғырған оқтан сақта!
Парақор соттан сақта! – деп. Жемқорлықпен, парақорлықпен күресетін соттың сиқын Халық осылай бағалаған. Әділ сот табылса осы сөзді жоққа шығарсын. Дүние сонда түзеледі.

САРЫАРҚА мен Атырау, Алтай мен Қаратау қойнаулары нағыз алтын сандық екен. Соның кілті енді еліміздің қолына тиді, деп жазыпсың (Газет арқылы хат жазысқан Камал Смайылов досына қаратып айтқаны).

…Онда біз сол алтын сандықтың үстінде неге жалаңбұт отырмыз? Ашпаймыз ба сандықты? Малымаймыз ба қолымызды алтын-күміске?!

ҚАЗАҚСТАН, қайран, Қазақстан Құдай-тағала бай жаратқан Қазақстан талапайға түсіп кетті. Осыны айтсаң басшылар ашуланады. Оу, шындықтың несіне шамырқанады? Қазақстан байлығы қорқаулардың талауына түспесе, сол байлық өз халқына асырауға жетеді ғой, жетіп артылады ғой.

АЛАЙДА мереке деген құр даурықпа, мақтансоқ, яки жағымпаз жылтырақ сөз емес. Қайта дәл мереке күні ащы шындықты айта білуге дағдылансақ керек-ті. Өтірік мақтау – асқа у қосып берумен бірдей. Сондықтан да мен жалаң жалбақтауға әдейі бармадым. Жоқты бардай, тайлақты нардай етіп қампитып, шындықты бүлдіретін сол жағымпаз.

МЕМЛЕКЕТ қазанының қақпағы жоқ. Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді. Байлық ұстағанның қолында, тістегеннің аузында жүр. Олар азшылық. Қалың көпшіліктің аузынан ризығын, несібесін жырып алғандар. Олар заманның үрдісіне орай «шүленші» қолдың мырзалығына қарай, оңай олжаға күмп беріп, кенеттен байығандар. Ондайды «нувориш» дейді. Белі бүгіліп, маңдайынан тер тамшылап тапқан табыс емес, адалдан емес, арамнан табылған мал.

«Бұл қалай?» десең, «рыночная экономика» дейді. Бола қойсын. Бірақ мемлекет дәулеті талапайға кетсін деген Заң жоқ…

Шерағаның осы жазғандарының өзінен-ақ көп-көп жағдайды ой таразысына салып, ірі қайраткерлермен санасудың не беретінінен қорытынды жасауға болады.

Қазақтың руханият әлемінде Шерхан Мұртаза ағамыздың қолтаңбасы мен өшпес ізі жүректерде сақтаулы, өйткені ұлтымыздың бағына туған адам ұмытылмайды. Осы арада көрнекті қаламгердің тағы бір жазбасына назар аударғанымыз жөн деп санаймыз.

Бұл – «Көзқарас» деген тақырыппен 2000 жылы Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға жазған хаты.

Ең алдымен маған өз кітабыңызды сыйлағаныңыз үшін шын көңілден рақмет айтамын, деп сөз бастаған Шераға автордың «Внешняя политика Казахстана в условиях глобализации» деп аталатын кітабынан алған әсері мен туындаған ойларын молынан айтады.

Мен өзімнің бір пенделігімді, бәлкім, кемшілігімді жасырмаймын: бас қатыратын ғылыми стильді, шетелдік терминдерге толы саяси кітаптарды оқуға зауқым соға бермейді, – деген жазушы: – Бірақ Сіздің көлемді кітабыңызды бас көтермей оқыдым. Өйткені оның шыншылдығы, дипломатиялық құйтырқысыз, ашық, адал жазылғандығы, – деп атап айтқан. Одан әрі ел мен ұлт, мемлекет пен қоғамдағы ең өткір проблемаларды алға тарта отырып, тәуелсіздікке қауіп төндіретін өрескел мәселелермен ой-пікір бөліседі. Айтқанда да саясат пен экономикалық жағынан қатты алаңдаушылық туғызған жағдайларды қопарып айтады.

Сол кезде Мәжіліс депутаты болған ағамыз: «Бұл кітаптан түйгенім: Сіз мемлекеттік қайраткер ретінде экономиканы да, саясатты да жете меңгерген адамсыз. Қазақстан сияқты бай елдің алтын сандық үстінде отырып, кедей болғанына қынжыласыз. Таза шикізат сатып күн көргенімізге күйінесіз. Мысалы, астықты, етті, майды, сүтті, көптеген өндірістік тауарларды шеттен сатып алардай не күн туды басымызға?! Керісінше, солардың бәрін келістіре өзіміз өндіріп, шетке сатпаймыз? Мұнай бізді қашанғы асырайды, егер асырап жатқаны рас болса…» деген өзін мазалаған сұрақтармен де өрбітеді.

Адалдықты асқақтатып, әркез ақиқатқа жүгінген Шераға өз хатын «Сіздің өз басыңыздың періштедей таза екеніне күмәнім жоқ. Айналаңызға абай болыңыз. …Алдағы уақытта да осы бағытыңыздан таймаңыз» деген ағалық ақ тілегімен аяқтайды. Мұнда көп мән жатқанын, бұны осыдан жиырма екі жылға жуық бұрын жазғанын айтар болсақ, зор сенімді ақтаудың шын мәнісінде тарихи сипаты мен мағынасы кешегі мен бүгінгі көкжиектерден ортақ ойды толқытады.

Халық қалаулысының ерекше арнайы хатына ізгі ниетпен жеке, қысқаша хат түрінде жауап берген Қасым-Жомарт Кемелұлының «Барша Қазақстан халқының ортақ арманы – Отанымыздың қуатты, тұрмысы оңды, мемлекетіміздің абыройы биік болуы ғой. Мақалаңызда ел тағдыры, оның болашағы жайлы қозғаған тың пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз мені де ойға қалдырғанын жасырмаймын. Оларды негізінен оң бағалаймын, мүмкіндігінше үкімет істерінде ескеретінімді де білдіргім келеді» деп жазғанына қазір де терең мән бергеніміз абзал.

Бұл күндері Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Мені ең алдымен, халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады. Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалумен үшін аса маңызды» деген азаматтық ұстанымының негізгі қағидалары Шерағаның хатында да көрініс тапқанын аңғаруға болады.

Өз халқының шын мәнінде қолдауына ие, беделді де сыйлы Шераға – Шерхан Мұртазаның артында қалдырған мол әдеби шығармалары мен қайталана бермес қайраткерлік, есе жібермес күрескерлік жазбалары, өткір бір ауыз сөзі де біздің қоғам үшін, өзі өмір бойы қастерлей білген халқы үшін рухани құндылықтары болып қалатыны хақ. Биыл туғанына 90 жыл толғалы отырған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің сүйікті Отаны алдындағы қарызы мен парызын адал атқарған өнегесінің өзі өміршең . Қазақ мәдениетінің дамуына ерекше үлес қосқан дара тұлғаның мұрасымен бірге есімін ұрпақтар санасында жаңғырту да киелі парыз.

Елдің шерін тарқатқан, өмірде таңдаған жолынан таймаған Шерағаның шыңы мен шындығы сондықтан да біз үшін тым биік әрі қымбат.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

 

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support