Ұлжан балабақша ашып, арманына қол жеткізді

7

Жеке кәсіпкерлердің күшімен мектепке дейінгі білім беру мекемелері көптеп ашылуда. Оны жүзеге асыруда «Береке» аймақтық қаржыландыру бағдарламасы өз тиімділігін көрсетуде. Осы бағдарлама аясында Байзақ ауданы Түймекент ауылындағы «ЕУ-АДИН» ЖШС-нан қолдау тауып, Ұлжан Алтынбекқызының жетекшілігімен осыдан үш жыл бұрын балабақша ашылған.

Кәсіпкер мақсатына қол жеткізу үшін балабақшаға ыңғайлы ғимаратты жалға алып жұмыс істеп келген. Биыл ғимарат иесінен ғимаратты сату туралы ұсыныс түскен соң оны кәсіпкер өз меншігіне алып қалуға күш салады.

– Балабақша ашуға көп күш жұмсадым. Қаржы салдым. Ғимарат сатылымға қойылған сәтте оны сатып алуға әрекет жасадым. Жеке кәсіппен айналысу оңай шаруа емес. Оған да парасаттылық пен ақыл, жігер керек. Қаржылық та сауатың болса жаман болмайсың. Өйткені банктермен, қаржылық ұйымдармен жұмыс істейсін. Менің арманымды жүзеге асыруда «Даму» қорының үлесі зор, – дейді кәсіпкер.

Ұлжан Алтынбекқызы өз арманына қол жеткізу үшін «Даму» қорының Жамбыл облысы бойынша филиалына жүгініп, толық кеңес алған соң, несие алу үшін «Қазақстан Халық банкі» АҚ-на жүгінеді. Сөйтіп, Ұлжан Алтынбекқызы «Береке» өңірлік қаржыландыру бағдарламасы аясында балабақша сатып алу үшін жылдық 7 пайыздық мөлшерлемемен несие алады. Бастаған ісінің сәтті аяқталуына оның бүгінге дейін атқарған жұмысының оң нәтижесінің септігі тисе керек.

– Бүгінде мектепке дейінгі білім беру орталығына 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар қабылдануда. Аптасына 5 күндік, таңғы сағат 8.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс уақыты. Бүгінде балабақша ұжымында 29 адам еңбек етуде. Ұжымымыздың ынтымағы жақсы. Алдыға қойып отырған мақсаттарымыз да жоқ емес. Балабақшаға қабылданатын бала санын арттырып, тәрбие бағытын жаңашаландырып, ата-ана көңілінен шығуды басты мақасат етіп қойдық, – дейді ол.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Байзақ ауданы.

Comments are closed.