- Advertisement -

«Мен ұлтшыл емеспін, ұлтжандымын»

64

- Advertisement -

Қордайлық Берік Семетаев ұлттық нақыштағы бояуы қанық дүниелер жасап жүрген ұстаның бірі. Ол өзі басқарып отырған Цемзауыт ауылдық мәдениет үйінің бірінші қабатын кішігірім ұлттық жәдігерлер музейіне айналдырған. Онда орналастырылған бұйымдардың бәрін Берік өз қолымен жасаған. «Мұндағы мақсат – мәдениет үйіне келген адамның рухын ояту, тынысын ашу», – дейді ұста.

Карантин тұсында мәдениет үйіне келушілердің саны азайып кетті. Сондықтан бізге тұрғындарды қызықтыру үшін ерекше бір дүние ойлап табуымыз қажет болды. Мен осы қазақы нақыштағы бұйымдарды жасап қоюды ұсындым. Бастапқыда бұдан келіп кетер пайда жоқ, не істейсіз деп қарсы шыққандар да болды. Бірақ ешкімге құлақ аспай, қолымнан келетін заттарды жасауды қолға алдым. Біртіндеп мектеп оқушылары, балабақша тәрбиеленушілері келе бастады. Жуырда ғана спорт мектебінен келгендер де қызығып қарап кетті. Бұл жердің бір ерекшелігі — келушілер мұндағы заттардың бәрін ұстап көре алады, оның өзі адамға ерекше әсер сыйлайды. Сондай-ақ кейде түрлі іс-шаралар өткізерде ұлттық бұйымдарды таппай қаламыз. Ал мұндағы жәдігерлерді кез келген мекеме қалаған уақытында алып, қолдана алады», – дейді ол.

Расында, бұл мәдениет үйінің аурасы өзгеше. Мұнда кіре сала құдды бір этно ауылға тап болғандай күй кешесің. Ең алдымен музейдің дәл ортасында тұрған үлкен, қызыл түсті ханның тағын көзіміз шалды. Шебердің бұл ғажайып туындысы талай тұрғынның таңдайын қақтырғаны сөзсіз. Ұста оны жасауға екі апта уақытын жұмсапты. Одан кейін ақ сауыт киген батыр тұр. Беріктің бұл жұмысы 2020 жылы «Өнерлі елдің өресі биік» атты республикалық байқауда бас жүлде алыпты. Сонымен қатар Берік Тәңірбергенұлы Әлем жазушылары одағының бірлестігі жанында Қолөнершілер ассоциациясына мүшелікке қабылданып, екі жылдан бері бірге жұмыс істеп келеді.

Ұлттық жәдігерлер музейінен  бүгінгі таңда ұмыт болып бара жатқан бұйымдарды да кездестіресіз. Солардың бірі – ашамай. Ер-тоқымды көпшілігі жақсы біледі. Ал ашамай деген – 3-4 жастағы балаларды тайға отырғызып үйрету үшін қолданылатын ер-тұрманның бір түрі.

– Бір жолы іс-шара өткізерде ашамай қажет болып, еш жерден таппадық. Сонда неге өзім жасамасқа деп ғаламтордан суретін тауып істедім. Мен әр бұйымды жасап отырып, оның тарихына үңілемін. Ол зат қандай мақсатта қолданылған, неден жасалады бәрін зерттеуге тырысамын. Тағы бір көненің көзі – күбі мен келі. Келі – қол диірменнің бір түрі болса, күбі – қымыз піскенге арналған ыдыс. Күбіде тек қымызды емес, сүтті де пісуге болады. Әже-апаларымыз ертеректе күбіде сүтті әбден пісіп, одан қолдың сары майын алған екен», – дейді Берік Семетаев.

Он саусағынан өнер тамған шебер қазақ қуыршақ театрының бастауы – ортекені де жасап қойыпты. «Баяғы заманда дала музыканттары ағаштан жан-жануарлардың мүсінін жонып алып, оларды жіппен өзінің саусағына байлап, домбыра тартатын. Сонда әлгі мүсін – бойына жан біткендей болып, билей жөнелетін. Бұл көшпенділердің алғашқы қуыршақ театры болатын», – деген ол келесі кезекте бізге тастан қашап жасалған адам бейнесіндегі ескерткіш – балбал тасты көрсетті. Көне түркі мәдениетінің бір бөлігі саналатын тасты ұста ерінбей цементтен қалаған. Одан кейін Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі алты ғасырлық тарихы бар Тайқазанның макетін көзіміз шалды. Алып қазанның макетін ол темір мен родбандтан жасап шығыпты.

«Әзірге жеке шеберханам жоқ. Бәрін үйде жасаймын. Сондықтан Тайқазанды есікке сыятындай кішігірім қылып жасауға тура келді. Болашақта үлкенін жасау ойда бар. Түркістанға арнайы баруға әркімнің жағдайы келе бермейді ғой. Ал бізге келіп, түпнұсқасы болмасада тайқазанның қандай екенін көзіммен көріп, қолыммен ұстап көрулеріне мүмкіндік жасағым келеді. Оның үстіне ауданда өзге ұлт өкілдері көп тұрады. Олар да қазақ халқының тыныс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен жақын танысу үшін бізге келе алады», – дейді ұста.

Мұнда қазақтың қыз-келіншектері таққан алқа, сырға, шашбау, сақина сынды күміс әшекейлері мен ерлердің жауға шапқанда қолданған шоқпар, айбалта, садақ сынды қару-жарақтарын көре аласыз. Сонымен қатар, қабырғаларға шежіре тақтасы, аңшылық өнердің түрлері туралы мәліметтер жазылған. Келген адам қазақ халқы туралы барынша молынан ақпарат алсын деген шебердің талпынысы көрініп-ақ тұр.

рухани азық өте қажет. Пенде тамақ ішіп-жемей бірнеше күн шыдар, ал рухани жігер болмаса сол аштыққа да шыдамайды. Елім үшін, ұрпағым үшін деп ойлайтын адамдардың қатары артса деймін. Мен ұлтшыл емеспін, ұлтжандымын. Ұлтымыз туралы бір нәрсе айтылса маған қатты тиеді. Әрбір қаракөзім менің жалғызым. Халықты құртатын ең жаман қасиет – өзімшілдік. Өзін ғана ойлайтын, бір күнмен ғана өмір сүретін адам құрдымға кетеді. Ертең ұрпағың, елің мақтанатындай бір нәрсе қалдыруың керек қой.

Бізде эгоизм деген бұрын болмаған. Жау шапса ата-бабаларымыз бала-шағам бар деп үйде отырмаған. Елім, жерім, сол балаларымның жарқын болашағы деп қасық қаны қалғанша күрескен», – деп ойымен бөлісті ұста.

Берік ағаның бірінші мамандығы – ағаш ұстасы. Оған қоса шебердің әкесі де, атасы да темірден таға, әшекей бұйымдар жасайтын ұста болған жандар екен. Қанмен дарыған қабілет оның кенже баласында да бар. Әкесінің жанында отырып ол да қиялындағы бұйымдарды жасауды жақсы көреді. Ара тұра әкесінің жұмыс орнына да келіп, мәдениет үйін аралайды.

«Болашаққа жоспар көп. Осы жердегі жәдігерлердің әрқайсысының паспорты болуы керек екен. Соны жасау керек. Сонымен қатар қазақтың ши басу, текемет басу, түкті кілем тоқу сынды өнері болған. Қазір бұл өнер жоғалып бара жатыр. Осыларды әкеп қойып, міне бұрын әжелеріміз осылай жасаған деп көрсетсем деймін. Сондай-ақ біз ұлттық киімімізді тек Наурыз мейрамында киеміз. Өзімнің қызметтестеріме осы ұлттық киімді біздің мәдениет үйінің формасы қылсақ деген ұсыныс тастап жатырмын. Керемет емес пе?! Кірген адамды ұлттық киімде қарсы алып, киелі қара шаңырағымызда сыйласақ, төрде ұлттық жәдігерлер көрмесі тұрса, нағыз қазақы иіс аңқып тұрған орта боламыз», – деп ол ойға алған бірқатар жоспарларымен де бөлісті.

Бекжол ӘПІЛЖАНОВ,

журналист.

Қордай ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support