- Advertisement -

Пилоттық жоба бойынша өнім көлемі азайған

170

- Advertisement -

Жамбыл жерінде үш жыл бұрын қолға алынған тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру пилоттық жобасы бүгінде қай деңгейде орындалуда? Нәтиже қандай? Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте жан-жақты айтылды. Басқосуда Нұржан Молдиярұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірімізде халықтың табысын арттыру бойынша шаралар қабылданғанын, пилоттық жобаның негізгі мақсаты — жамбылдықтардың тұрмысын жақсартуға негізделгенін атап өтті.

Жиында алғаш сөз алған облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов пилоттық жобаның 5-ші бағыты бойынша ауылдық жерлерде жеке кәсібін ашуға ниетті ауыл тұрғындарына 56,2 млн. теңге қаражат берілгенін жеткізді. Осылайша, нан, шұжық, шырын, ара балы және кондитерлік өнімдерін өндіретін 8 жоба іске қосылып, 27 адам жұмыспен қамтылған. Десе де, пилоттық округтерде өнім көлемінің кемуі байқалады. Мәселен, бірінші бағыт бойынша пилоттық ауылдық округтерде 2020 жылы қолдау көрсету нәтижесінде жеке қосалқы шаруашылықтар үй іргесіндегі жерлерінен 978,7 млн. теңгені құрайтын 11,5 мың тоннаға жуық өнім өндірілген. Ал былтырғы жылы аула саны мен егіс көлемі қысқармаса да жиналған өнім көлемі 2808 тоннаға немесе 24 пайызға азайған.

– Өнім көлемінің қысқаруының басты себептері – аудан және ауыл округ әкімдіктерінің түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстарының жоқтығынан. Сондай-ақ өткен жылы орын алған ауа райының қолайсыздығымен құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтері тарапынан ауыл тұрғындарына көмек беру жұмыстарының тоқтатылғаны, – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар Ербол Жұмабекұлы жоба аясында жалпы сомасы 25,7 млн. теңгені құрайтын 9 несие алушылардың берешегі 90 күннен асқанын атап өтті. Оның айтуынша, ағымдағы берешек 35,6 млн. теңгені құрап отыр. Жалпы, құрылған кооперативтерге 356,1 млн. теңге айналым қаражаттары берілген. Осы қаржының бүгінгі күнге 124,5 млн. теңгесі кері қайтарылса, 2020-2021 жылдары қалыптасқан құрғақшылыққа байланысты қалған 231,6 млн. теңгені қайтару мерзімі 2 жылға ұзартылған.
Өз кезегінде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков жұмыссыздықпен күрес, халықтың табысын арттыру шаралары туралы баяндады. Ол бүгінгі таңда өңірдегі жұмыссыздардың 25,7 мың адамды құрайтынын айтты.

– Жастардың жұмыспен қамтылуына ерекше назар аударылатын болады. Ағымдағы жылдан бастап NEET санатындағы жастар үшін «Алғашқы жұмыс орны» жобасының субсидиялардың ұзақтығы мен мөлшерін ұлғайта отырып, түлектер үшін «Жастар практикасын» жүргізу, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасын жүзеге асыру көзделіп отыр. Осындай іс-шараларға қатысушылардың 70 пайызы тұрақты жұмыстарға орналасады, – деді басқарма басшысы.

Жиын қорытындысында облыс әкімі жастар өз кәсібін бастаймын десе, барлық жағдай жасалғанын және бұл тұрғыда мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін тиімді пайдалану қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ Үкіметтен қолдау тапқан ауқымды жобаның тиісті деңгейде жүзеге асуына аудан әкімдерімен басқарма басшылары жауапты екенін еске салып, оларға нақты міндеттер жүктеді.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support