- Advertisement -

Өңірімізде эпидахуал күрделі

96

- Advertisement -

Бірер күн бұрын мектеп оқушылары  үшін ІІІ тоқсан  басталды.  Мектепте білім алушының денсаулығы қалай қамтамасыз етіледі? Жалпы оқу жылына дайындық барысы жайлы облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов және аймақтағы эпидахуал бойынша облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділда Шыналиев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтып берді.

«Бүгінгі күні облыста 478 мектеп бар. Онда 245 623 бала білім алады. Қазіргі таңда аудан орталықтары мен қалалық жерде орналасқан 93 мектеп қашықтан оқытуға жіберілген. Ал қалған 385 мектеп штаттық форматта санитарлық талаптарды сақтай отырып, жұмысын жалғастыра береді. Білім алушылар саны 600-ден асатын аудан және қала орталығында орналасқан барлық жалпы білім беру ұйымдары қашықтан оқыту форматына ауыстырылған.

Онлайн оқуға көшірілген барлық білім алушылар компьютерлік техникамен қамтамасыз етілді. Ал оқушылардың санына қарамастан барлық ауылдық мектептер сондай-ақ білім алушылар саны 600 оқушыға дейінгі қалалық мектептер штаттық форматта жұмысын жалғастыруда. Оқытуды штаттық форматта ұйымдастыру кезінде «Бір кабинет – бір сынып» қағидаты және санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы қатаң қадағалануда. Ал колледж студенттерін оқыту SmartNation, EduPage, Platonus, AuС және Moodle сандық білім беру платформалары арқылы жүзеге асырылады», — деді Б.Жамангозов.

Жиын барысында сондай-ақ облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділда Шыналиев аурушаңдық көрсеткіші 7 есеге өскенін атап өтті. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 16 қаңтарынан бастап эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес,  облысымыз  «қызыл аймаққа» ауысып, 1-16 қаңтар аралығында коронавирустық инфекцияның 1082 жағдайы тіркелген. Соңғы аптада 954 жағдай, ал өткен тәулікте 257 коронавирустық инфекция жағдайы анықталды. 2021 жылдың желтоқсан айында 144 жағдай анықталған еді, яғни өткен аймен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші 7 есеге өсіп отыр.

-Халық арасында сырқаттанушылықтың күрт өсуін және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында «Омикрон» штамының айналымын ескере отырып,   облыстағы «Омикрон» штамының айналымын анықтау үшін ағымдағы жылдың 14 қаңтарында науқастардан биоматериалдың 20 үлгісі Нұр — Сұлтан қаласының «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК филиалының молекулярлық – генетикалық зерттеулер зертханасына толық геномдық секвенирлеуге жіберілді,- деді Б.Шыналиев.    Өкінішке қарай, әлемдегі кеселдің әлегі әлі де басылған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, барлық сала оның ішінде білім беру саласы да бұрын-соңды болмаған сындарлы кезеңнен өтіп келеді. Бұл, әрине, ұстаз, оқушы, ата-ана арасындағы жауапкершілікті ширата түсуге үндейтіні сөзсіз. Облыс аумағында карантиндік шектеу шараларын қатаңдату туралы қаулы шықты. Онда COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасынына сай өңірдің «қызыл» аймаққа кіргені айтылған. Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде   облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бағлан Қыдырбаев айтты. Оның мәліметінше, «Ashyq» жобасына қатысатын объектілерде 30 адамға дейін еске алуды өткізуді қоспағанда, бұқаралық іс-шаралар, отбасылық, естелік жиындарды ашық ауада да, үй ішінде де өткізуге тыйым салынады. Сонымен қатар концерт залдарының, театрлардың, цирктердің, филармониялардың қызметіне, діни бірлестіктер объектілерінде ұжымдық іс-шаралар өткізуге, конференциялар, семинарлар, көрмелер, форумдар ұйымдастыруға болмайды.

Есен САҒЫНАЙҰЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support