- Advertisement -

Босаңсуға болмайды

157

- Advertisement -

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің кеңейтілген отырысына бейнебайланыс арқылы қатысып, еліміздің жаңа Премьер-Министрінің кандидатурасын ұсынғанын баршамыз білеміз. Осы мәселені талқылай отырып, депутаттар Үкімет басшысы лауазымына ұсынған Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасын бірауыздан қолдады және артынша жаңа Үкіметтің құрамы жасақталды.
Мемлекет басшысы еліміздегі саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы осы кезге дейінгі қалыптасқан өзекті мәселелерді шешу бойынша ауқымды баяндама жасап, жаңа Үкіметке бірқатар тапсырмалар берді.
Осынау ел басына күн туған, егемендігімізге, мемлекетімізге қауіп төнген қиын-қыстау сәтте ҰҚШҰ тарапынан жасалған көмектің қажет болғанын, алдағы уақытта мұндай бейбастықтың қайталанбайтынын, осыған байланысты шекараны нығайту, күштік құрылымдар мен әскери салаға баса көңіл бөлу қажеттігін, олардың жағдайын жасау керектігін жаңа Үкіметке тапсырды.
Осы кезге дейін халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей қатысты жалақыны көтеру мәселесінің тек қағаз жүзінде болғаны, халық үшін аса қажетті тұтыну тауарларының, азық-түліктің, жанар-жағармайдың бағалары шектен тыс көтеріліп кетуі, кәсіпкерлердің қысымға ұшырауы, олигархтар мен банктердің өзімділікпен жұмыс жасауына байланысты наразылықтың туындауы негізсіз еместігіне тоқталған Мемлекет басшысы аталған салалардың барлығында қайта құру керектігін айтты.
Ең бастысы, тыныштық болсын! Келеңсіз жағдайлар түзеліп бейбіт өмір орнап, әлеуметтік, экономикалық және саяси бағыттағы жаңа реформалар қабылданып жатыр. Әлі де босаңсуға болмайды. Коменданттық сағат кездегі шараларды қатаң сақтайық. Ол біз үшін қажет. Тәртіп бұзуға жол бермейік. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау араз болса ауыздағы кетеді» дегендей барша облыс тұрғындарын бірлікке шақырамын.

Бағлан Қарашолақов,
«Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support