- Advertisement -

Жұмылған жұдырықтай болайық!

123

- Advertisement -

Терроршылар мен бүлікшілердің салған сойқаны төбемізден жай түсіргендей әсер етті. Небір асыл азаматтарымыздан айырылдық. Бейбіт тұрғындардан да мерт болғандар баршылық. Қаншама шаңырақ қара жамылды. Бабаларымыз айтқандай, «Бөрі жоқ деме, бөрік астында, жау жоқ деме, жар астында» деген даналығының ақиқаттығына көзіміз жетіп отыр. Әсем қала Алматының қандай күйге ұшырағаны қабырғамызға аяздай батып отыр. Сүйікті қаламыз Тараздың келбетіне келген нұқсан да аз емес. Жауыздық әрекеттің бір орталықтан басқарылып, бүкіл облыс орталықтарында бір мезгілде басталған бүліктің салдарынан ел экономикасы қаншама шығынға ұшырағанын көз алдымызға келтіре алмаймыз.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың батыл шешімдер қабылдап, ішкі істер әскерін, Қарулы күштерді жұдырықтай жұмылдырып, бүлікшілердің бүлігін басты. ҰҚШҰ-ны көмекке шақыруы да дипломатиялық көрегендік болды. Бұл іс-шара бейбітшілікті, бірлікті, тыныштықты жан жүрегімен қалайтын халықтың көкейінен шықты.
Алайда қоғамға, ел бүтіндігіне, тәуелсіздігіне дұшпандық көзбен қарайтын экстремистер, жат пиғылды жандар, діни радикалдық бағыттағы қаскөйлер, конституциялық құрылымның іргесін шайқалтуды көздейтін топтар тәуелсіз мемлекетімізді құлатуды көздегені бүгінгі таңда айқын болып отыр. Олар өз қатарына ел ішіндегі әлеуметтік жағдайдың кейбір қиындықтарына наразы болып жүрген жандарды, көзқарастары қалыптаспаған олқылы-толқылы топ өкілдерін алдап-арбап тартуы кімді де болса ойландырмай қоймайды.
Президентіміз Қ.Тоқаевтың Парламент Мәжілісінде сөйлеп, жаңа Үкімет алдына қойған мәселелері көптің көңілінен шықты. Қоғам қойнауында қордаланып жатқан өзекті де өткір мәселелерді жеделдетіп шешуді тапсырды. Күштік құрылымдарды қайта реформалау мәселелерін ерекше атап көрсетті. Ең бастысы, қарапайым халықтың талап-тілегіне, әлеуметтік жағдайына, елгезектікпен үн қататын Үкімет керектігіне ерекше тоқталды. «Қазақстан халқына» атты қоғамдық әлеуметтік қордың құрылуы көкейімізден шықты. Сондай-ақ табысы ұланғайыр компаниялар мен байлығы әлемдік деңгейге жеткен тұлғалардың халық үшін осы қорға үлес қосуларының тетігін қарастыруды да қадап айтты.
Мемлекет басшысының ел басына күн туған шақта жанқиярлық, қажырлы еңбегіне халқымыз шынайы ризашылық білдіруде. Біз де бір ауыздан Президентімізді қолдап, бүкіл халқымызды берекелі бірлікке шақырып, Мемлекет басшысының маңына топталғанымыз абзал. Осынау сын сағатта, тәуелсіз мемлекетіміздің басына қатер төнген шақта әрдайым бірге болып, жұмылған жұдырықтай бола берейік.

Пернебай Дүйсенбин,
жазушы.

Жаңатас қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support