Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы
ашық дереккөз
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы
«Жастар – еліміздің ертеңі. Мемлекетіміздің болашағы жарқын болуы үшін бүгінгі өскелең ұрпақтың тәрбиелі әрі білімді болып қалыптасуы шарт». Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев зиялы қауым, дін өкілдері, спортшылар және жастармен кездесуінде осылай деді. Аймақ басшысы орын алған жаппай тәртіпсіздіктің салдары ешкімге оңай тимегенін, бүлікке қатысқандардың басым бөлігі жастар екеніне тоқталды. – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазір елімізде, өңірімізде қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қолға алынып, жағдай тұрақталды. Облыстағы оқиғаларға қатысқан 2000-нан астам адам полицияға жеткізілді. 300-ден астам адамға қылмыстық және әкімшілік іс қозғалуда. Ұсталғандардан 150-ден астам қару-жарақ тәркіленді. Мен осы ретте аймақтағы ахуалды қалыпқа келтіру жолында жұмыла жұмыс істеп жатқан құқық қорғау, күштік құрылымдарға үлкен алғысымды айтқым келеді. Сондай-ақ тәртіпсіздіктер кезінде алдыңғы қатардан табылып, елге басу айтып, тәртіпке шақыруға атсалысқан зиялы қауым, дін өкілдеріне, белсенді жастар мен спортшыларға ризашылығымды жеткізгім келеді. Арандатушылар, қылмыс-керлер біздің жастарды пайдаланып кеткені өкінішті. Алдағы уақытта мұндайға жол бермес үшін жастар тәрбиесімен жүйелі айналысу керек. Әлеуметтік мәселелерді шешу, халықтың табысын арттыру бойынша Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүктеген міндеттері мен тапсырмаларын жүзеге асыру үшін өңірде кешенді жоспар әзірленуде, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев бүлікке қатысушыларға, алаңға жиналғандарға екі күн бойы оқ атылмағанын, қарсы күш қолданылмағанын баса айтты. Тек, бүлікшілер әкімдік нысандарын қиратып, тас, шу шығаратын гранаттар лақтыра бастағанда ғана оларға тойтарыс беруге тура келгенін жеткізді. Мемлекет басшысының Жарлығымен төтенше жағдай енгізілгеннен кейін қылмыскерлерді құрықтау шаралары қызу қолға алынған. Кездесуде сөз алған өзге де қатысушылар өздерінің орамды ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков зиялы қауымның жастар тәрбиесіндегі рөліне тоқталды. – Шынын айту керек, қазіргі зиялы қауымның жастар тәрбиесіндегі жұмыстары өз нәтижесін беріп отыр деп айта алмаймыз. Жастар оларды тыңдауға құлықсыз. Күні кешегі оқиғалар оған көзімізді жеткізе түсті. Бізге беделді зиялы қауым, арагерлердің өкілдерінен тұратын арнайы топ жасақтау керек. Бұрынғы ата-бабаларымыз айтқандай, «Аузының дуасы бар» тұлғалар жастармен жиі кездесіп, оларға ақыл-өсиеттерімен бөлісіп, елдегі бірлік пен тұрақтылықтың қадірі туралы көбірек насихат жүргізуі тиіс. Ол кездесулерде жастардың барынша ауқымды бөлігін қамтуға күш салу керек. Біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын бос ұран ретінде ғана емес, жастар тәрбиесінде ұтымды пайдалану қажетпіз. Сонымен қатар ата-аналардың өз балаларына деген жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстарға назар аударған абзал, – деді М.Сарыбеков. Облыстық мәслихат депутаты Ерболат Саурықов, Тараз қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушыcы Саттар Бейсембаев та өз сөзінде аға буын мен жастар арасында өзара байланысқа, билік пен халық арасындағы нәтижелі диалогты жандандырудың маңыздылығына тоқталды. Олимпиада жүлдегері, белгілі спортшы Ақжүрек Таңатаров жастарды көбірек спортқа тартып, баулу қажет деп санайды. – Спортқа берілген жастар Отаншыл, патриот болып келеді. Олар Мемлекет жасап отырған мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өзін дамытып, байрақты бәсекелерде еліміздің атын танытып, көк Туымызды биіктен желбіретуді көздейді. Мұндай мақсаты айқын жастар біреудің айтағына, арандатуына ермейді, үлкендерге құрметпен қарайды, – деді А.Таңатаров. Қоғам белсендісі, Республикалық «Время» газетінің меншікті тілшісі Айжан Әуелбекова да спорттың жастар тәрбиесінде маңызын айта келіп, аралас жекпе-жектен бірқатар жастардың басын қосқан «Гладиатор» спорт клубын қолдау мәселесін көтерді. Қоғам белсендісі Нұрлан Қанатов жастардың барлығын бірдей қаралауға болмайтынын, өңірлік жастар саясатына айрықша назар аудару керектігін жеткізді. Ал облыстық «Jas Otan» ЖҚ төрағасы Уәлихан Болатбек мектепте, колледждердегі тәрбие секторына жауап беретін орынбасар, психологтардың мүмкіндіктері мен әлеуетіне талдау жасап, реформалау жайын қарастыру қажеттігін айтты. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі барлық ұсыныс-пікірлердің ескерусіз қалмайтынын, олар бойынша жұмыстар жүргізілетінін атап өтті. – Президенттің тапсырмасына сәйкес жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар болмаса, жазаны жеңілдету үшін шара қабылданады. Алайда нақты арандатушылар мен қылмыскерлер жазасыз қалмайды. Тергеу амалдары кезінде бәрі анықталатын болады. Облыста өңірлік жастар бағдарламасы қабылданған. Ол бойынша жұмыстар нәтижелі жалғасуы тиіс. Бізге қоғамдағы тұрақтылық пен келісім бәрінен маңызды. Берекеміздің негізі саналатын бірлігімізді сақтауымыз керек, – деп түйіндеді сөзін Б.Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ұқсас жаңалықтар