- Advertisement -

Тағы да қуаңшылықтың құлағы қылтиып тұрғандай ма?

264

- Advertisement -

Немесе су қоймалары бұл мәселеде қандай қам жасап жатыр?

Қыстың ортасы келсе де Жаңа жыл қарсаңында ғана жауған қардан басқа жерге ылғал түскен жоқ. Болар-болмас жауған ақ ұлпа да ұзақ жатпады. Шаруа баққан жұрт жауын-шашынды көп болып көктен тілейтінін ескерсек, аспанға қарап алаңдаған елдің жай-күйін түсінеміз.

Кейінгі жылдары өңірді қуаңшылық қысып тұрғанына уайымдаған жұрт бастауын қырғыздың Алатауынан алатын облыстың бірнеше ауданының аумағынан өтетін Талас және Шу өзендерінің суына тәуелді. Жуалылық, жамбылдық шаруалар болса Көксай мен Аса өзендерінде судың мол болуын тілейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде «Соңғы жылы елімізде қуаңшылық болды. Былтырғыға қарағанда жиналған астық көлемі 4 миллион тоннаға кеміді. Бұл шикізатпен және жем-шөппен қамтамасыз ету ісіне әсер етті. Болжам бойынша биыл да ахуал күрделі болуы мүмкін» деп жаңадан жасақталған Үкіметтің алдына нақты міндеттер қойды. Шынында биыл шаруалардың шабындық және жайылымдық жерлеріне су салу мәселесі қалай болар екен?
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстар комитеті Шу-Талас бассейндік инспекциясының мәліметінше Шу бойындағы «Тасөткел» су қоймасының жобалық сыйымдылығы 620,0 миллион текше метр, Қырғыз Республикасының аумағына орналасқан Талас өзені бойындағы «Киров» су қоймасының сыйымдылығы 550 миллион текше метр, ал Аса өзенінің бойындағы «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының сыйымдылығы 158,0 миллион текше метр. Қазақстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасы арасындағы су қатынастары 2000 жылғы 21 қаңтардағы екі мемлекеттің Үкіметтері арасындағы Шу және Талас өзендеріндегі мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану туралы келісімнің негізінде реттелетін көрінеді. Талас өзенінің суы екі елге теңдей 50 пайыздан бөлінсе, Шу өзенінің суы біздің елге 42, ал қырғыз ағайындарға 58 пайызы беріледі. Шу өзені бассейні бойынша суармалы жерлердің көлемі 140 мың гектарды құраса, Талас өзені бойынша 62 мың гектарды құрайды.
Трансшекаралық су объектілерінен су беру мәселелері екі ел комиссиясының Шу және Талас өзендеріндегі мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі жұмысы шеңберінде шешіледі. 2005 жылдан былтырға дейін комиссия 29 отырысын өткізіпті. Қырғыз тарапы мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы каналдары арқылы су берудің келісілген кестесін сақтай бермейтіндіктен жамбылдық шаруалар екі өзеннің суына зар болып жатады. Жыл сайын вегетация кезеңінде мемлекетаралық каналдар арқылы су беру бекітілген кестелерді бұза отырып жүзеге асыру ендігі жерде жаңадан жасақталған ел Үкіметінің назарында болса дейміз.

Бүгінде «Киров» және «Теріс-Ащыбұлақ» сынды ірі су қоймалары вегетация кезінде су жинақтау режимінде, ал «Тасөткел» су қоймасы вегетациялық кезеңге сәйкес, Шу өзенінің төменгі сағасына экологиялық мақсатта секундына 70 текше метр су тасталып жатса керек. Сонымен қатар бассейн аумағындағы барлық су қоймаларының жұмыс істеу кестесі бекітіліп, кестеге сәйкес су жинау режимінде жұмыс істеп жатыр. Биылғы 11 қаңтардағы жағдай бойынша «Киров» су қоймасындағы судың көлемі 265,92 миллион текше метрді құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 50,5 миллион текше метрге артық. Жобалық көлемнің 48 пайызын құрайтын судың қоймаға келіп жатқаны секундына 30,5 текше метр болса, жіберу секундына 3,8 текше метр.
«Тасөткел» су қоймасындағы судың көлемі 332,2 миллион текше метрді құрап, өткен жылмен салыстырғанда 51,5 миллион текше метрге артық жиналған. Бұл жобалық көлемнің 66 пайызын құраған. Келетін су секундына 70 текше метр, жіберу де секундына 70 текше метр. «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасында да былтырғыдан 2,2 миллион текше метр артық су жиналып, жобалық көлемнің 25 пайызын құраған. Келіп жатқан су секундына 3,2 текше метр, ал су жіберу жүзеге асырылмайтын көрінеді. Қазір қоймада 36,6 миллион текше метр су жиналған.
Судың аз болуы салдарынан облыс бойынша биылғы вегетация кезеңінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді сумен қамтамасыз ету бойынша қиындықтар туғызуы мүмкін. Осыған орай Шу-Талас бассейндік инспекциясы қажетті шараларды қабылдау мақсатында облыстық тиісті басқармаларға, аудандық әкімдіктерге және ауылдық округ әкімдеріне ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында ылғал сүйгіштігі төмен дақылдарды орналастыру, суды ұтымды пайдалану, каналдарда қайталама су пайдалануды жүзеге асыру, суарудың ылғал үнемдеуші технологиясын қолдану, су айналымы суаруларды қолдану жағдайында ауыспалы егісті сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Шу және Талас өзендеріндегі су қоймаларының биылғы вегетациялық кезеңге мемлекетаралық каналдар арқылы су беру кестесін талқылап, бекіту алдағы сәуір айында жоспарланыпты.
Жамбыл, Байзақ, Талас және Сарысу аудандарының аумағынан өтетін Талас өзенінде жағдай қалай? Қай заманда да судың шуы бір басылмаған сарысулықтар не күйде? «Су аяғы – құрдым» деген. Таластың суы облыс орталығының батысында 170 километрдей қашықтықта жатқан сарысулық шаруаларға жетпей жататынын жыл сайын естиміз, естіп қана қоймай, облыстың бас басылымы – «Aq jol» газетінде дабыл да көтеріп келеміз. Іргелес жатқан таластықтар да суға қарық болып жатыр дей алмаймыз.
– Биылғы 10 қаңтарда Талас өзенінің «Талас» су торабына секундына 14,06 текше метр су келіп жатыр. Бұл су түгелдей Талас және Сарысу аудандарына экологиялық мақсатта тасталуда. Талас ауданының «Жиембет» су торабында су шығындарынан қалған су секундына 8,6 текше метр болып баруда. Оның секундына 0,75 текше метр суы «Жұмабек» каналы арқылы ауданның шабындықтары мен жайылымдықтарына жайылуда. Қалған 7,85 текше метр су «Ойық» су торабы арқылы өтіп, «Юбилейный» және «Бөлекқызыл» су қоймаларын 1 ақпанға дейін толтыруға берілуде. Қалған су Үшарал ауылындағы «Нұрабай» каналы арқылы Сарысу ауданының Тоғызкент, Досбол, Жаңаталап, Игілік, Байқадам және Жайылма ауылдық округтерінің шабындықтары мен жайылымдықтарына берілуде, – дейді Шу-Талас бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Талғат Ибраев.
10 қаңтарда осы судың басы Тоғызкент пен Досбол ауылдарының ортасындағы Қайқы көлінен өтіп, Досбол ауылына шамамен 7-8 километрдей қалыпты . Экологиялық мақсатта осы жоғарыда сөз болған аудандарға су тастау суармалы кезең басталатын мерзім 15 сәуірге дейін жалғасатын көрінеді. Бұдан басқа Шу-Талас бассейндік инспекциясы су көлемін арттыру мақсатында Талас ауданындағы «Жұмабек» каналын 10 қаңтардан бастап жабуды «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалына тапсырыпты. Инспекция басшысының орынбасары 1 ақпаннан бастап «Юбилейный» және «Бөлекқызыл» су қоймаларына су беруді тоқтатып, Талас және Сарысу аудандарына су тастау көлемін секундына 2,0 текше метрге дейін арттыруды жоспарлап отырғандарын да еске салды. Байқадам және Жайылма ауылдық округтеріне көктем айларында қосымша Шабақты өзені арқылы су тастау мүмкіндігі қарастырылатынын да жеткізген Т.Ибраев Талас және Сарысу аудандарына экологиялық мақсатта су тастау Шу-Талас бассейндік инспекциясының қадағалауында бола береді дейді.
«Селдетіп өткен жауыннан сіресіп жатқан қар артық» дейтін шаруа баққан жұрт. Көктемгі жауын-шашынға үміт артып, қол қусырып отыра беруге болмайды. Оның үстіне көктемде көктен қанша мөлшерде ылғал түсетіні де бір Аллаға ғана аян. Болса да ауа райын болжаушылардың болжамы да көңіл көншітпейді. Жоғарыда еске салғанымыздай, қыстың тең жартысы өткенімен сіресіп жатқан қар жоқ. Осыны ескеріп, өзендердің, каналдардың суын тиімді пайдалану, жаңбырлатып, тамшылатып суару технологиясын барынша тиімді қолдану су шаруашылығымен айналысатын мекемелердің ғана емес, облыстық ауыл шаруашылық басқармасының, аудан, ауыл әкімдерінің, басқа да тиісті мекемелердің міндеті болуы тиіс.

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support