- Advertisement -

Тұңғыш Президент. Тәуелсіздік һәм тұрақтылық

86

- Advertisement -

Жиырма бірінші ғасыр. Тәуелсіздіктің отызыншы жылы. Қазақ тарихына тағы да тұрақтылық пен гүлдену кезеңі болып енді. Қазақстан үздіксіз өрлеу үстінде. Бұл өрлеу шырқау шыңдарға жеткізетіні де күмәнсіз. Сонау тоқырау жылдарынан өрлеуге дейін, өрлеуден шырқау шыңға дейінгі процесте Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қандай шешуші рөл атқарғанын тағы бір ой елегінде екшеп, салмақтасақ. Мұндай ниет алдында бірнәрсенің айқын екенін шегелей айтқан жөн: Елбасы шешімін тапқан ең қиын екі мәселе бар – тәуелсіздік һәм тұрақтылық.

Әлемдік тұлғалар қатарында – Әбішұлы

Мыңжылдықтар тоғысар тұс. Ә дегеннен дүниежүзі тарихына жаңа мемлекет құрған тұлғалар мен белді саясаткерлер сыйлады. Мәселен, Махатма Ганди мен Джавахарлал Неру. Бұл есімдерді үнді халқы қасиет тұтады. Өйткені қос алып өз ұлтын батыс отаршылдарының езгісінен құтқарып, Үндістан Республикасын құрды, даму жолына салды. Түрік бауырларымыздың тыңнан түрен салып, биікке құлаш сермеуі Мұстафа Кемал Ататүріктің еңбегінің жемісі. Ал аспан асты елінің даңқын асырып, дамуына даңғыл салған – Дэнь Сияопин. Малайзиялықтардың жарқын болашағы үшін доктор Махатхир Мохаммад сара жол меңзеді. Сингапурды Ли Куан Ю бүгінгі биігіне шығарды. Алып ұлдарының арқасында алпауыт мемлекеттер қатарына қосылған тек шығыстықтар емес. Өздерін «көне демократияның» отаны санайтын Батыс елдері де бірегей туған перзенттен кенде емес. АҚШ тарихындағы Франклин Рузвельт пен Францияның заманауи шежіресінің бас кейіпкері Шарльде Гол – осындай жандар.
Өткен ғасырдың соңы қазақтың да несібесін зорынан қылды. Тарих сахнасына есімі жаңа ғана айтылған тұлғалармен қатар аталатын, туған елінің дамуы жолында сіңірген еңбегі де, адамзаттық проблемаларды шешуге қосқан үлесі де әлгілерден кем соқпайтын бір ұл шықты. Қазақтан! Қазақ ұлтынан! Ол – Қазақ елінің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Кеңес одағының іргесі сөгілген соң, оның орнына пайда болған жас мемлекеттердің тізгінін әр түрлі азаматтар ұстады. Солардың арасында біздің Көшбасшы мемлекет басқарудың ең тиімді үлгісін ұстанды. Тірлігі жадау, келбеті жүдеу, бірлігі бос жұртты жиырма жылда аяғынан тік тұрғызды, қолын аузына жеткізді, бірлігін бекем етті.

Тоқсан бірдің тоқырауы-ай!

Мәдениетімізді мұқатып, дәстүрімізді тоз-тоз қылып, төл дінімізді тұншықтырып тынған Кеңес заманынан Қазақ еліне не қалды? Әрине, әбден мешеу күйде артта қалған шикізаттық экономиканы еншіледік. Шегіне жете шиеленіскен әлеуметтік проблемаларға ұрындық. Бабаларымыздың күшімен һәм қанымен, аналарымыздың ақ тілеуімен һәм көз жасымен келген байтақ та бай жерімізді талапайға салуға асыққан қатерлер тағы бар. Шекара бойындағы шырмауықтай созылған кикілжің ше?.. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын айтпағанда, аталғандардың бәрі үлкен тәуекелдерді қажет ететін.
Міндеттердің алғашқысы мынау еді: «Кеңестік мұраларға» байланысты әлгі мәселелерді халықаралық қауымдастыққа таныту және мойындату, сондай-ақ түйіні тарқатылмаған мәселелерді шетелдік әріптестермен реттеу керек.

Біз асқан алғашқы белестер

1992 жыл. Қазақстан Біріккен Ұлттар ұйымының мүшесі атанды. Басқа да беделді халықаралық ұйымдар жас мемлекетті қатарына алды. Тіпті бірқатар еларалық ұйымды өз қолымызбен құрдық. 1996 жылы Қазақстан Шанхай Ынтымақтастығы ұйымы бастамашыларының бірі болды. Еуразия құрлығындағы аймақтық қауіпсіздік ісінің ең басты тетігі болған бұл ұйым көпшілікке «Шанхай бестігі» деген атпен мәлім. Тағы бір басымдық беріп айтатын нәрсе, Елбасының тікелей бастамасымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес дүниеге келді. Кейін Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше болғанымыз, өзіміздің төрағалығымызбен Нұр-Сұлтан шаһарында іргелі ұйымның Саммитін өткізгеніміз әлемдік аренадағы беделімізді бекемдеп, тұғырымызды нықтай түсті.

Атом бомбасы беделімізді асырмайды

Иә, Кеңес одағы тарағаннан кейін ядролық қаруға ие болу кейбір жаңа тәуелсіз мемлекеттердің басшыларына егемендікті сыртқы қауіп-қатерден қорғаудың бірден-бір кепілі секілді көрінген. Алайда Нұрсұлтан Назарбаев ұзақмерзімді халықаралық саясат тұрғысынан алғанда ядролық қаруға иелік ету Қазақ елі үшін қауіпсіздік кепілі емес, керісінше, қауіптің басты көзіне айналуы бек мүмкін екенін жақсы түсінді. Қазақстан әлемдегі алпауыт ядролық державалармен бетпе-бет келіп, жекпе-жекке шақыруға шамасыз, шамасы болған күннің өзінде ел басшылығы оны қаламайтын.
Тұңғыш Президенттің пікірінше, біздің күшіміз жаппай қырып-жоятын қару-жараққа иелік етуімізде емес, әлем қауымдастығының алдындағы абырой-беделімізде, тату қарым-қатынасымызда. Расында, қолымыздағы ядролық қарудан бас тартуымыз Қазақстанға «ядролық қарусыз» мәртебесін әперді. Бұл мәртебе мерейімізді әлсіреткен жоқ, асырды, көпке үлгі етті.
Мұндай асқан жауапкершілік қадамды табысты жасау үшін ел бастаған адамның үлкен ерік-жігері, көреген болмысы, табандылығы, мемлекетшілдігі қажет еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бойынан осы қасиеттердің барлығы артығымен табылды. Ол еліміздің қауіпсіздігімен қатар, жалпақ әлемнің қауіпсіздігін сақтауды ойлады. Бұл жерде Елбасы өзін өз мемлекетінің ғана емес, барша адамзаттың қамын жеген әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде танытты.

Айқай арасындағы тыныштық аралымыз

Ел дербестігін енді иеленген. Алдан тағы бір үлкен міндет көлегейлейді. Ол – діни және ұлттық кикілжіңдер мен қақтығыстардың пайда болуына, осыдан туындайтын экстремизмнің өрістеуіне жол бермеу. Шыны сол, аса қиын шаруа. Өйткені сол кезде іргедегі Өзбекстан мен Қырғыз елін тұрақсыздық жайлаған. Тәжікстанда азаматтық соғыс бұрқ етті. Бұл соғыс Қазақ Президентінің дипломатиялық шеберлігінің арқасында 1999 жылы ғана аяқталды. Грузия мен Молдавияда да қақтығыстар. Армения мен Әзербайжан таулы Карабах дауына байланысты қан төгісуде. Ресейде Шешенстан мәселесі асқынып тұр.
Осындай аса күрделі аймақта орналасқан, тұрғындары сан түрлі ұлттар мен діндердің өкілдерінен тұратын Қазақстан жан-жақтан қаумалаған қауіп өртінің ортасындағы жалғыз ғана тұрақтылық пен тыныштық аралына айналды. Елбасының бұл жағдайда ел тағдырына қатысты мәселені қалай шешкені қос ғасыр тоғысқан тұста әлемдік ахуалды зерттеген саясаттанушылардың басын қатырды, тарихшылардың аузынан түспес құбылыс болды. Айрықша атап айтарлығы, Қазақстан Президенті өз мемлекетін ТМД аумағындағы бірде-бір ел айналып өте алмаған кедергінің ешқайсысына ұрындырмай, аман-есен алып өтті.

Үмітті ақтаған айбоз ұл

1991 жылдың желтоқсаны. Қазақстандағы алғашқы президент сайлауы. Халық бір ауыздан Нұрсұлтан Назарбаевқа ел тізгінін сеніп тапсырды. Сол кездегі аса күрделі түйткілдердің түйінін тарқату мандатын қолына берді. Тұңғыш Президент тағдырын қолына сеніп ұстатқан халқының үмітін ақтады. Сол себепті, одан кейінгі президент сайлауларының барлығы барша қазақстандықтың оған деген шексіз сенімін көрсетті.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетті дамытып қана қоймай, оның шынайы егемендігін, тұрақтылығы мен қарқынды дамуын қамтамасыз етті. Сондықтан біздің елімізде көрші мемлекеттердің көбісі ұрынған, біреулері әупіріммен аман қалған «түрлі-түсті төңкерістердің» алғышарттары пайда болмақ түгілі, ондай жағымсыз құбылыстың исі де сезілген жоқ. Қытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтаоның сөзімен айтсақ, «Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді басшылығының арқасында бүгінгі Қазақстанның тұғыры берік саяси тұрақтылықты, үздіксіз әлеуметтік-экономикалық дамуды және елдің халықаралық саясат сахнасындағы абырой-беделінің үнемі нығая түскенін көруге болады». Міне, Елбасы жас мемлекеттің алдында тұрған екі маңызды мәселені – егемендікті қамтамасыз ету және тұрақты саяси жүйе құру міндеттерін дер кезінде әрі сапалы түрде шеше алды.

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ,

№46 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support