- Advertisement -

Ел еңсесін биіктеткен тұлға

120

- Advertisement -

Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толды.Бұл – тарих үшін қас-қағым сәт. Бірақ біз үшін ғасырдың жүгін арқалаған шешуші үш онжылдық болғаны сөзсіз. Қазақстан осы мерзімде әлемдік аренада толық мойындалды. Шекарасы шегенделіп, экономика мен саясатта толағай табыстарға қол жеткізді. Мұның барлығы аға буынның, әсіресе Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі мен ерік-жігерінің нәтижесінде қол жеткізген жетістіктер. Әлбетте, күйреген Одақтың орнында жаңа тәуелсіз мемлекет құру оңай емес. Бұған қоса бізге жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өтуге тура келді. Сол кезде елде түрлі әлеуметтік толқулар болып жатты. Осындай күрделі оқиғалар болып жатқан кезде елді даму жолына бастау оңай болған жоқ. Ол үшін үлкен ерлік , талмас еңбекқорлық, көрегендік, стратегиялық пайым, мұқалмас жігер мен шебер көшбасшылық қажет еді.

Осындай игі қасиеттер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бойынан табылды.Елбасымыздың әрбір қабылдаған шешімі тәуелсіздіктің тұғырын нығайтуға,оны баянды етуге бағытталды. Мемлекеттіліктің негізін бекемдеу үшін саяси құрылымды қалыптастырудың маңызы зор. Осы тұрғыда Елбасының президенттік билікті күшейтуі өте дұрыс шешім болды.Тәуелсіздік алған кезде еліміз ауыр дағдарысты бастан кешірді. Өндіріс ошақтары жабылып, елді жұмыссыздық жайлады, инфляция шарықтады.Уақыт жедел әрі шұғыл шешімдер қабылдауды талап етті.Президенттік билікке жүгіну – елдік мүдде тұрғысынан дұрыс шара екенін ол жақсы түсінді. Мемлекеттік басқару жүйесі түбегейлі қайта құрудан өтті. Жаңа мемлекеттік институттар мен органдар – жаңа министрліктер, Қарулы Күштер, басқа да көптеген құрылымдар құрылды. 1993 жылы қарашада ұлттық валюта – теңге айналымға енгізілді.Ұлттық рух, мүдде, мұрат жолындағы басымдықтар да назардан тыс қалмады. Ана тілімізге мемлекеттік тіл мәртебесі беріліп, ұлттық рәміздеріміз бекітілді.
Мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығы мен күшті президенттік билік түбегейлі және дәйекті экономикалық реформаларды іске асыруға мүмкіндік берді.Нарықтық экономиканы қалыптастыру қолға алынып, отандық кәсіпкерлердің шоғыры пайда болды.Елбасымыздың бастамасымен 1995 жылы этносаралық қатынастарды үйлестіретін және жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ететін Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Әлемде баламасы жоқ бұл институт елдің тұрақтылығы мен бірлігін қамтамасыз ететін басты тетіктердің біріне айналды. Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылы әлемдік деңгейдегі батыл қадамымен жаһанды өзіне қаратты. Елбасы қырық жыл бойы дүниежүзін үрейлендірген, жергілікті халыққа апат алып келген Семей полигонын жапты. Еліміз посткеңестік мемлекеттер арасында бірінші болып шекарасын делимитациялауды аяқтады.Бүгінде бірқатар мемлекеттердегі жағдайға қарап, бұл жұмыстың қаншалықты маңызды болғанын бағамдауға болады.
Экономикалық тоқырау тұсында Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен халықаралық «Болашақ» бағдарламасы қолға алынды. Ол еліміздің адами капиталын дамытудағы маңызды бастамаға айналды.Қазірге дейін 11 мыңнан астам жас шетелдің озық университеттерінде білім алып, ел игілігі үшін еңбек етіп жүр. Тұңғыш Президентіміз 1997 жылы халыққа «Қазақстан – 2030» Стратегиясын жария етті.Сол арқылы Қазақстан бұрынғы КСРО елдерінен бірінші болып мемлекеттік басқарудың тиімді құралы ретінде стратегиялық жоспарлау жолын таңдады.2000 жылдардың басында 1990 жылдардағы дағдарыс еңсерілді,экономикамыз тұрақты даму жолына түсті. Нұрсұлтан Әбішұлының абырой-беделінің арқасында елімізге шетелдерден инвестициялар тартуда зор табыстарға қол жеткізілді. Тәуелсіздік алғалы Қазақстанға келген инвестиция көлемі 350 миллиард долларға жетті. Негізгі салалардағы инвестициялық ірі жобалар экономиканы дамытудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың басты драйверіне айналды.Ұлттық қор құрылып, қазынамыз молая түсті.
2003 жылы еліміздің индустриялық- инновациялық даму стратегиясы қабылданды. «Батыс Европа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізі – ғасырдың ғаламат құрылысы атанды. Бұл – Ұлы Жібек жолының жаңа заманға лайық жаңғырған нұсқасы екені сөзсіз. Алып құрлықтың күретамырына баланған транзиттік дәліздің 2787 километрі қазақ жерінен өтеді. Мемлекет дамуына ерекше ықпал еткен шешімдердің бірі де бірегейі – елорданы Алматыдан Астанаға көшіру болды. Бұл – Н.Назарбаевтың саяси ерік-жігері мен тәуелсіз мемлекет құру саясатының жүйелі түрде жалғасқанын көрсеткен маңызды тарихи оқиға болды. Елорданы көшіру өңірлердің серпінді дамуына жол ашты. Нұр -Сұлтан – бүгінде әлемдегі ең әдемі шаһарға айналды. Аз ғана жылдарда халқының саны миллионнан асты. Астана – Елбасымыздың төл туындысы,ерлігі мен еңбегінің жемісі.Әлемді шарпыған 2007-2009 жылдардағы дағдарысты біз Ұлттық қордың арқасында тез еңсердік. Соның аясында елімізде шағын және орта бизнесті, аграрлық кешенді қолдау, тұрғын үй құрылысына тың серпін берілді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік қоғамдастыққа ұсынған идеялары диалогқа, прагматизмге және экономиканың ашықтығына негізделген халықаралық қауіпсіздіктің жаңа парадигмасына баланды.Елбасымыздың мұндай бастамалары Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік пен экономикалық ынтымақтастық саласындағы алаңдарда – Шанхай ынтымақтастық ұйымында, Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңесте және Еуразиялық экономикалық одақта нәтижелі іске асырылды. Бұл бастамалар өз кезегінде әлемдік және Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістердің жеделдеуіне және дамуына ықпалын тигізді. Еліміз «Қазақстан – 2030» Стратегиясында белгіленген міндеттерді мерзімінен бұрын орындады. Сондықтан да Елбасы 2012 жылғы Жолдауында «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жариялап, қалыптасқан мемлекеттің жаңа бағыт-бағдарын ұсынды.Бұл құжатта әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосылу көзделген.
2014 -2015 жылдары әлемде геосаяси жағдай шиеленісіп, энергия ресурстарының бағасы құлдырап кеткені белгілі. Нұрсұлтан Әбішұлы әлеуметтік-экономикалық сын- қатерлерге жауап ретінде Бес институттық реформа және жаһандық тұрақсыздық кезеңінде мемлекетті нығайтуға арналған «Жүз нақты қадам» Ұлт жоспарын ұсынды. Бұл реформалар кәсіби және қоғамға есеп беретін мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға, заңның үстемдігін және сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуге, индустрияландыруға, экономикалық өсу үшін жағдай жасауға, ұлттың бірегейлігі мен бірлігін нығайтуға арналды. Экономикалық және саяси реформалармен қатар, қоғамдық сананы жаңғырту да назардан тыс қалмады.Елбасы 2017 жылдың сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» тұжырымдамалық мақаласында осы мәселеге кеңінен тоқталып, ұлттық мүдде тұрғысынан көптеген басымдықтарды атап өтті.
Мақала «Рухани жаңғыру», «Мәдени мұра» және «Халық – тарих толқынында» бағдарламаларының заңды жалғасы ретінде салмақты жүк арқалады. Бүгінде бұл бағдарлама ұлттық кодымызды сақтап, санамызды серпілтуге игі ықпалын тигізіп келеді. Білім саласында да іргелі бастамалар қолға алынды.Елімізде «Назарбаев университеті» және «Назарбаев зияткерлік мектептері» сияқты бірегей оқу ордалары пайда болды. Қазақстанда тәуелсіздік жылдары ІЖӨ 14,9 есе өсті. Мұның бәрі Елбасы бастамалары мен реформаларының нақты нәтижесі екені сөзсіз. Қазақстанның атын әлемге әйгілеген іс-шаралардың бірі – 2017 жылы өткізілген халықаралық ЭКСПО көрмесі екені анық. Еліміз көрмеде әлемнің күн тәртібіндегі маңызды мәселе – болашақтың энергиясына назар аударды. Міне, мұның барлығы Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің зор екенін айғақтайтын көрсеткіштер.
Оның дана шешімдерінің бірі – 2018 жылы қасиетті Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесін беруі еді. Осылайша тұтас түркі дүниесі үшін қастерлі мекен саналатын шаһардың екінші тынысы ашылды.Түркістанның қайта түлеуі өңірге ғана емес, бүкіл еліміздің бойына қан жүгіртіп, өркендеуімізге ерекше екпін берді. Түркітілдес мемлекеттер басшыларының бейресми саммитінде Түркістан «Түркі әлемінің рухани астанасы» болып жарияланды. Түркістан тұтас түркі жұртының ортақ мерейіне айналды.Халқымыз «Жақсыдан – шарапат» деп текке айтпаса керек. Жамбылдықтар да ел еңсесін тіктеуі жолында Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген ұшан-теңіз еңбегін ешуақытта ұмытпайды. Ел 2000 жылдары дағдарысты енді ғана еңсеріп келе жатқан еді.Елбасының пәрменімен Тараздың 2000 жылдығы тойланды. Экономикалық қиындықтар кезінде тозып кеткен шаһар жаңа келбетке ие болды. Облыс аумағындағы Аманкелді газы Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей көп күш-жігер жұмсауымен игерілді. Мұндай кеудеге қуаныш ұялататын мысалдарды көптеп келтіруге болады.
«Бәрін айт та бірін айт» демекші, Қазақ елі отыз жылда ғасырға татитын жетістіктерге қол жеткізді. Әлбетте, бұл – тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған Нұрсұлтан Назарбаевтың туған елі мен халқына сіңірген орасан еңбегінің жемісі. Біз тұңғыш Президентіміздің әлем таныған тұлғасын құрмет тұтып,мемлекеттіліктің негізін қалап, оны өркендетудегі ерен еңбегін әрдайым бағалауымыз керек.

Оңласын Есіркепов,
облыстық билер кеңесінің төрағасы,

Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support