- Advertisement -

«Алтыншы орыннан төмен түспейміз» деп еді…

109

- Advertisement -

«Тараз» футбол клубы неге үмітті ақтамады?

Футболдан ел турнирі өз мәресіне жетті. Жерлестеріміз  «Тараз» футбол командасының турнир кестесінде жеткен жері – оныншы орын.  Бұл тараздықтардың  соңғы бірнеше  жылдан бергі үйреншікті орны. Бірақ биыл командадан мұндай нәтижені спорт мамандары да,  жанкүйерлер де күткен жоқ. Маусым басталарда команда  бапкерлері мен ойыншыларын облыс  әкімі Бердібек Сапарбаев қабылдап, жігер беріп,  сәттілік тілеген еді. 

Сол кезде клуб директоры Талғат Абсаматов пен бас бапкер Вардан Минасян жақсы өнер көрсету үшін барлық мүмкіндіктер бар екенін айтып,  нәтиженің  жоғары боларына сендірген еді.  Өңір басшысы кемінде алтыншы орыннан көрінуіміз  керектігін қадап айтқан. Ол уақытта мұның барлығы  мүмкін сияқты да еді. Бірақ маусым аяқталғандағы көрсеткішіміз көңіл көншітпеді.

Айтпақшы, маусымды жерлестеріміз жаман бастаған жоқ. Алты ойын бойы жеңіліс көрмей,  үмітімізді үкіледі.  Қызылорданың  «Қайсарын» сырт алаңда 3:2 есебімен ұтып, Алматыда өткен ойында «Қайратпен» 2:2 есебімен ұпай бөлісті. Осы ойында «Тараз» екі доп айырмасымен ұтып жатып, соңғы минуттарда ғана қолымызда тұрған үш ұпай уысымыздан сырғып кетіп еді. Оған да шүкір дескенбіз. Өз алаңымызда Қарағандының «Шахтерін» 4:0 есебімен ұтқанда бөркімізді аспанға аттық. Алғашқы ойындарда турнир кестесіндегі жағдайымыз да дұрыс еді. Тіпті екінші, үшінші орындарда тұрған сәттеріміз болды. «Тараздың» сол сәттегі қарқынын көріп, медальдің біреуінен дәмелі болғанымызды несіне жасырайық. Несін айтасыз, үмітіміз үлкен-ақ болды.  Содан кейін, көз өтті ме, әлде сөз өтті ме, қайдам, кері кете бердік. Қатарынан тоғыз ойын ұтылдық. Әйтеуір сәтсіздіктен  көз ашпадық. Тіпті аутсайдер командаларға да үш ұпайды «қиналмай»  ұстатып жаттық.

Бірнеше ай бұрын әлеуметтік желіде клубтың қарызы жайлы ақпараттар тарай бастады. Желі қолданушылары сөзіне сүйенсек, клуб қаржылық қиындықтарға тап болған көрінеді. Ал  клуб басшылығы мұндай жағдайлар Премьер-лигадағы көптеген командаларда да кездесіп отырған жайт екендігін хабарлап,  клуб әкімшілігі футболшылар алдындағы міндеттемелерін толық орындауға тиісті шараларды қабылдайтынын мәлімдеген.

Желіде қызу талқыланған бұл мәселе облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен бұқаралық спортты дамыту және халықаралық жарыстардағы облыс спортшыларының жетістіктері жөніндегі кеңесте де айтылған болатын. Сонда Бердібек Машбекұлы қарыз мәселесіне тоқталып, клуб директоры Талғат Тұрлыбайұлына бірқатар тапсырмалар жүктеген еді. Бірақ сол тапсырмалар уақтылы орындалған жоқ. Ал бас бапкер Варданның, команда ойыншыларының әр жеңілістен кейін жанкүйерлерден кешірім сұрап, ақталудан басқа амалы қалмады. Мәселен, бас бапкердің «Астанамен» өткен ойыннан кейін: «Бұл ойында біз барлық жағынан қателіктерге бой алдырдық. Әсіресе матч басында. Кездесуге қойылған тактикалық жоспар мүлдем орындалмады. Ұтылғанымызды мойындаймыз. Бірақ біз әрі қарай жылжимыз. Алда чемпионаттың төрт матчы күтіп тұр. Оның үшеуі өз алаңымызда. Біріншілік пен кубоктағы алға қойған мақсат сол күйі өзгермейді. Соған жету үшін жұмыс істейміз» дегені де есімізде. Ал чемпионат аяқталуға үш ойын қалған кезде клуб директоры Талғат Абсаматов: «Үш ойынның екеуін өз алаңымызда ойнаймыз. Алты немесе жетінші орыннан әлі де үміттіміз» деуінен танған жоқ. Тіпті, «Жетісуды» 2:1 есебімен ұтқанда жетінші орынға барып қалғандай қуанғанымыз да рас. Бірақ осы жеңістен кейін «Тараз» тағы да жүрісінен жаңылды. Өз алаңында әуелі Шымкенттің «Ордабасы», артынша Қызылорданың «Қайсарына» 2:1 есебімен жол беріп, алақанда тұрған алты ұпайдан айырылды. Егер осы 6 ұпайды уыстан шығармағанымызда да жағдайды түзеуге мүмкіндігіміз бар еді. Айтпақшы, жерлестеріміз «Ордабасыдан» жеңілгеннен кейін  бас бапкер Вардан Минасян өз еркімен отставкаға кетті.  Кетерінде:  «Сіздер кездескен қиындықтарға қарамай, әрқашан өз аттарыңызға лайық және кәсіби болуға тырыстыңыздар. Футболда әлі үлкен жетістікке қол жеткізесіздер. Бастысы дұрыс ойланып, көп жұмыс істеу керек. Барлықтарыңызға табыс тілеймін!» деп  ой-пікірін айтып кетіпті. Бірақ осындай да өзі неге 25 ойын бойы көп жұмыс істеп, неге дұрыс ойланбады екен деген ой келеді? «Тараз» Қазақстан кубогында да сәтті ойнады деп айта алмаймыз. ¼  финалдан аса алмады. Айтып айтпай не керек, осымен оныншы жыл қатарынан «тараздықтар» оныншы орыннан аса алар емес.

Ал «Тараздың» 1995 жылы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері болғанын, 1996 жылы ел чемпионы атанғанын, араға бір жыл салып тағы күміс жүлдеге қол жеткізгенін, 2004 жылы ел кубогын алғанын қазір  сағынышпен еске алатын болдық. Биыл  Қостанайдың «Тобылы» араға 11 жыл салып, қайтадан  ел чемпионы атанды. Алтын тұғырды кезек-кезек иеленіп жүрген  «Астана» мен «Қайраттың» алдын орап кетті.

Ал біздің «Таразға» осыдан 25 жыл бұрын ел чемпионы болған сәті қашан оралар екен? Сәтсіздіктер сериясы қашан аяқталады? Бұл  жақын жылдарда жауабы табылмайтын сұрақ секілді…

Есет ДОСАЛЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support