- Advertisement -

Аға буын тәуелсіз елдің алғашқы кірпішін қалады, қабырғасын көтерді

39

- Advertisement -

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта өңірдің қарияларын төл мерекелерімен құттықтады. Тараз қаласы әкімдігі мен ардагерлер кеңесі ұйымдастырған шараға қоғамда белсенділік танытып жүрген егде жастағы азаматтар мен қарттар көптеп жиналды.

Скандинавиялық жүру спортымен айналысып жүрген бір топ ата-әжелер өңір басшысын алдынан күтіп алып, өңірде атқарылып жатқан игі шаруаларға ризашылықтарын білдірді. Олар Бердібек Машбекұлына ауқымды жобалары мен қарқынды жұмыстары үшін алғыстарын жаудырып, ақ баталарын берді.

«Қариялы ел – қазыналы ел» деген бабаларымыз. Біз қашан да үлкендерін сыйлаған, құрмет тұтқан елміз. Соның арқасында біздің мемлекетіміз татулыққа, бірлікке, табысқа, дамуға қол жеткізіп отыр. Аға буынның төккен тері, ерен еңбегі, өшпес ерлігі біздің елімізді осындай шыңға шығарды. Олар еліміздің ілгерілеуіне өлшеусіз үлес қосты. Әсіресе, Тәуелсіздігіміздің отыз жылында аға-апаларымыз өздерінің тәжірибелерін, білімдерін, денсаулықтарын мемлекетіміздің дамуына, ұлтымыздың өркендеуіне арнады.

Бұған бүгінгі ұрпақ куә. Қазақ «Тақыр жерге шөп өспейді» деп бекер айтпаған. Негізі болмаса, ештеңе де болмайды. Қазіргі буын үлкендердің тектілігінен тәлім алады, тәрбиеленеді, үлгі-өнегесін сіңіреді», – деді Б.Сапарбаев.

Өңір басшысы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың да қарияларға деген ниеті алабөтен екенін айтып, жамбылдық аға буынның ішінде де Елбасымен бірге жұмыс істеп, елге қызмет еткендер аз емес екенін алға тартты. Олар ел егемендігінің ең алғашқы кірпішін қалады, қабырғасын көтерді. Соның арқасында Қазақстан бүгінде дүниежүзіне белгілі болды, көпұлтты елде достық, татулық, бірін-біріне деген сыйластық, сүйіспеншілік салтанат құрды.

«Біздің мақсатымыз – сондай құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтай білу әрі ұрпақ бойына сіңіру. Қариялар жергілікті биліктің көптеген бастамаларын, жобаларын әрдайым қолдайды. Денсаулықтарына, уақыттарының тығыздығына қарамай, аудан-ауданды, елді мекендерді аралап, «Асарлатып үй салу», «Бейбітшілік пен келісім» сияқты жобаларымызды насихаттап жүр. Өйткені мұндай игілікті істер өңірдің дамуы үшін керек. Қазіргідей аумалы-төкпелі заманда орын алып отырған түрлі дағдарыстарды осындай бірлігіміздің, тұрақтылығымыздың арқасында ғана жеңеміз. Ашаршылық, соғыс, қуғын-сүргін сынды талай қиындықты бастан өткерген еліміз бүгінгі кедергілерді де еңсеретіні сөзсіз», – деген Бердібек Машбекұлы аға буынды әлі де бірге жұмыс істей беруге шақырды.

Салтанатты шара барысында аймақ басшысы бір топ белсенді қарияны облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Оларға шапан жауып, сый-сияпат жасады. Сонымен қатар кешегі күні өңірдің бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметовтің туған күні екенін еске салып, жамбылдық қарттарға оның ақжолтай сәлемін жеткізді.

Жиын соңы ақ жаулықты әжелердің концертімен жалғасып, қариялар спорттың бес түрінен – шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, асық ату және бильярдтан спартакиядаға қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.

Асхат Райқұл

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support