- Advertisement -

Баукең, Нұрағаң және Дәуқара

245

- Advertisement -

«Қазақ әдебиеті» газетiнiң өткен жылдардың біріндегі санында «Деген екен» айдарымен  шағын мақала берілген еді. Онда қазақтың бiртуар азаматы, күйшi-сазгер Нұрғиса Тiлендиев ағамыздың Қызылорда облысының Арал қаласына барған сапары туралы баяндайды. Осы мақаланы оқи отырып, бұл күнде марқұм болып кеткен  жазушы  Адам Мекебаевтың бұдан бiраз жыл бұрын айтқан бiр әңгiмесi есiме түсті…

1967 жылдың жаз мезгілі болса керек. Мақалада айтылғандай қызылордалықтар Нұрағаңды қонаққа шақырады. Сонда бiрнеше күн болып ел аралайды, концерт бередi. Сапарының соңғы күндерiнiң бiрiнде олар Арал еңбеккерлерiмен кездесуге аттанады. Бұл жолы Нұрағаңның қасына «Лениншiл жас» (қазiргi «Жас Алаш») газетiнiң оңтүстiк аймақтардағы сол уақыттағы тiлшiсi Мұхтар Шаханов, жас жазушы Адам Мекебаев, облыстық партия комитетінің, мәдениет саласының бiрнеше өкілі iлеседi.  Аралдықтар оларды жақсы қарсы алады. Емен-жарқын өткен кездесулер. Сол жолы жаңа ән – «Аралдағы жеңешем» әнінiң тұсауы кесiледi. Соңғы күнi аудандағы ең үлкен «Аралрыбпромстрой» деген мекеменiң банкет залында құрметтi қонаққа арналып түскi ас берiледi. Мекеме басшысы дәу, божбан қара кiсi екен.  Қолына үлкен бекiренi ұстап тұрып сөз бастайды.

– Қадiрлi Нұреке, бiз сiздi жақсы бiлемiз, сiздiң творчествоңыз… – деп ұзақ-сонар тостқа кiрiседi. Нұрағаң ақырын зер салып қараса, мекеме басшысы сөзiн Мұхтар Шахановқа қарап айтып тұр. Мұны аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Қошмағамбет Қартақов та байқаса керек:

– Әй, сен Мұхтарға емес, мына кiсi ­ Нұрекеңе қарап сөйле. Нұрғиса Тiлендиев деген күйшi-сазгер осы кiсi, – дегенде анау бекiресiн тастай салып тұра қашады.

Нұрағаң да қарап тұрсын ба, артынан қуып бередi. Ана кiсiнің қашуы ұялғандықтан ба, әлде басқа себебi бар ма, белгiсiз, Нұрекең сыртқы есiкке жетпей қуып жетiп, құшақтап бетiнен сүйедi.

Жиналған жұрттың бәрi аң-таң. Божбан қара бастық неге қашты, Нұрағаң неге қуды? Қуып жетiп неге бетiнен сүйдi? Дастарқан басындағылар үшiн бұл жұмбақ. Сөйтсе әңгiменiң төркiнi былай екен.

Дәл осы оқиғадан бiр жыл бұрын Нұрекең Алматыдағы өз үйiнде шабыттанып рояльде ойнап отырады. Бiр кезде есiк тарс етiп ашылады да, әлдекiм:

– Встать! – деп айқай салады. Нұрағаң жалт қараса, айқайлап тұрған Баукең – Бауыржан Момышұлы екен, – Шагом марш! – деп есiктi нұсқайды ол кiсi.

Сасып қалған Нұрекең аяғына сүйретпенi iле салып сыртқа шығады. Үстiнде майкi мен трико ғана. Есiк алдында сүлiктей қара волга тұр екен. Әлi де ешнәрсе түсiнбеген Нұрекең Баукеңнiң нұсқауымен волганың артқы орындығына сылқ етiп отыра кетедi. Баукеңнiң өзi алдына отырады. Волга Алматыдан шығып, бағытты батысқа қарай бұрады. Үнсiздiк. Нұрекең алғашында: «Е, Баукең Жамбыл жәкемнiң басына барғысы келген екен ғой, соған менi iлестiрiп шыққан ғой» деп ойлайды. Жоқ, волга Ұзынағашқа бұрылмай өте шығады. Нұрағаң ендi «Е, Кенекеңе – Кенен Әзiрбаевқа барайын деген екен ғой» деп ойлайды. Жоқ, қара волга Кененнiң ауылына бұрылмай, Қордай асуынан да өтiп кетедi. Бағыт – Фрунзе қаласы секiлдi. Баукеңнiң түксиiп отырған қабағынан именген Нұрекең ләм деместен өз ойымен өзi болады. Бiрақ қашанғы үнсiз отырсын, бiр кезде:

– Бауке, бiз қайда бара жатырмыз, – дейдi.

– Молчать, дурак! – деп гүр ете түседi Баукең.

Нұрекеңнiң де мiнезi бар. Бiрақ Баукеңе әшейiнде қанша еркелегенiмен мынадай түксиiп отырған сәтiнде қарсы келмейтiн әдетiмен  үнсiз қалады.

Содан қара «сәйгүлiк» Фрунзеге кiре берiстегi «Алламедин» деген ресторанның тұсына келiп тоқтайды. Жүргiзушi елгезек жас жiгiт екен. Баукең мен Нұрағаң кең залға кiрiп, төргi орынға жайғасқанша үш лағман мен бiр шөлмек араққа тапсырыс бередi. Алдыларына дәм  келген соң Баукең  арақты дәу екi қырлы стақанға теңдей етiп бөлiп құяды да:

– Ей, дурак, неғып отырсың, бери, – деп гүр ете түседi де өз сыбағасын басына бiр-ақ көтередi. Баукең тартып салған соң Нұрағаң қарап тұрсын ба, ол да шөпiлдеп тұрған қырлы стақандағыны сiмiрiп салады. Баукеңдi қайдам, ащы су Нұрағаңның iшiн күйдiрiп, басын айналдырғандай болады. Лағманды жедi ме, жемедi ме, есiнде жоқ. Баукең тағы да гүр ете түседi.

– Кеттiк!

Нұрағаң аяғын әлтек-тәлтек басып келiп, машинаға отырады. Қара волга тағы да ұзын жолға түседi. Бағыт сол баяғы батыс жақ. Күн ыстық. Нұрекең «Осы 250 грамм арақ үшiн 260 шақырым жүрдiк пе?» деп ойлап отырып, ұйықтап кетедi.

Бiр кезде Нұрағаңның құлағына абыр-сабыр дауыстар естiлгендей болады. Көзiн ашып алса қара волга бiр ауылдың ортасында тұр екен. Нұрағаңның бұрын көрмеген жерi. Баукең сыртта. «Привет!» деп қолын көтерiп, жиналған бiршама халыққа сәлем берiп тұр екен. Бiр кезде сыртқы терезеге еңкейiп, Нұрекеңе:

–  Слезай! – деп бұйырады.

Нұрекеңнiң басы мең-зең. Машинадан сүйретiлiп зорға түседi. Баукең адымдай басып бiр үйге кiредi. Соңынан ол да  iлеседi. Қонақ бөлмеге үлкен дастарқан жасалыпты. Үстi неше түрлi тағам. Қазы-қарта, жал-жая дейсiң бе, самсап тұр. Таңертеңнен берi 200 грамм арақтан басқа нәр татпаған Нұрағаңның iшi мына тамақты көргенде шұрылдап кетедi. «Құдай бұйырса бiр тоятын болдым ғой» деп ойлап қояды. Қайда?!

Баукең дастарқанға бөгелместен түпкi бөлмеге өтiп кетедi де:

– Жеңеше? – деп айқай салады.

Шүйкедей бiр кемпiр кiрiп келедi.

– Айран әкел!

Кемпiр екi тостаған айран әкелiп екеуiне ұсынады.

– Әй, дурак,  ана айранды iшiп ал, жатар алдында асқазанға ауырлық түсiрмейдi, – дейдi Баукең. Содан кейiн:

– Мен төсекке, сен анау диванға жатасың. Давай, спать! – деп жатып қалады.

Нұрекең болса жатқысы жоқ. Дастарқан жайылған бөлмеге жалтақ-жалтақ қарайды. Өйткенi аш, асқазанда жаңағы бiр тостақан айраннан басқа ешнәрсе жоқ. Түнде ұрланып барып тамақ iшуден де кет әрi емес. Сөйтiп жатып ұйықтап кетедi.

– Встать! – деген дауыстан Нұрағаң оянып кетiп, атып тұрады. Сағатына қараса, таңғы 5 екен. – Қасымда iлесiп жүр, бiраз қыдырыстап қайтайық, – дейдi Баукең.

Сыртқа шыққан соң Баукең:

– Мынау Мыңбұлақ деген жер. Менiң әке-шешем, менiң бауырларым, менiң өзiм осы жерде туып, осы жерде өстiк. Понятно тебе! – деп Баукең әңгiмесiн айтып, ауылды аралап келедi. Ал, Нұрағаң болса оның бiреуiн ұқса, бiреуiн ұқпайды. Өйткенi басы мең-зең, қарны аш. Осылайша олар сағат онға дейiн ауыл сыртын қыдырыстап жүредi.

Сол күнi олар түс ауа Шымкентке келедi. Қалалық мәдениет үйiнде ақындар айтысы жүрiп жатыр екен. Баукең осы жерге келген соң қара волганы тоқтатып, Нұрағаңа:

– Әй, ертең сағат екіде Шымкент қонақ үйiнiң 17 бөлмесiне кел, ал қазiр машинадан түс! – дейдi.

Нұрағаң машинадан түседi. Қайда бармақ. Мына ақындар айтысы өтiп жатқан мәдениет үйiне кiрейiн десе үстiнде трико, аяқта сүйретпе. Оның үстiне қатты қызу. Басқа жаққа барайын десе қалтада көк тиын жоқ. Құлағы қалқиып, не iстерiн бiлмей, өткен-кеткенге сүлесоқ қарап тұрған сәтiнде бiреулердiң:

– Нұрекеңдi қара! – деген даусын естiп қалады.

Артына қараса, Шәмшi Қалдаяқов пен Жамбыл облыстық театрының режиссерi Тұрар Дүйсебаев екен. Оларды көрген соң Нұрағаң арқаланып, Баукеңе ұқсап:

– Әй, дурактар, берi келiңдер, – деп екеуiн дедектетiп қасына шақыртып алады, – Менiң қарным аш, түрiм болса мынау.

Олар сөзге келместен, ләппай десiп Нұрағаңды такси ұстап ала жөнеледi. Тамақтанады, бас жазады. Не керек, бұл күнi Нұрағаң Баукең болып, ана екеуi Нұрекеңнiң «рөлiн» орындап, бiр түндi бiрге өткiзедi.

Ертеңiнде дәл сағат екiде Нұрағаң Баукең айтқан қонақ үйдiң 17 бөлмесiне келедi. Келсе ақын Әбдiлдә Тәжiбаев пен Баукең диванда жантая жатып, коньяк iшiп отыр екен.

– Келдiң бе? – дейдi Баукең.

– Келдiм, – дейдi Нұрағаң.

– Келсең үйiңе қайт! Мә, мынау пойыздың билетi, – деп қалтасынан бiр қағазды шығарып Нұрағаңның қолына ұстатады.

Нұрекең не десiн. Билетiн қолына алып, бұрылып жүре бередi. Вокзалға келсе, пойыз да жүргелi тұр екен. Орны бiрiншi купенiң үстiнгi төсегi болса керек. Iшi балық сасиды. Кiрсе еңгезердей бiр дәуқара мен қаңбақтай қатпа қара шал отыр екен. Нұрекең олармен амандасады да екiншi сөредегi өз орнына қарғып шығып, жатып қалады.

Бiраздан кейiн бiреу түртiп оятады.

– Пастел керек пе?

Қайдағы пастел. Үйден трикошаң, сүйретпемен шыққан адамның қалтасында пастел алатын ақша бола ма екен?

– Жоқ, керегi жоқ, рақмет, – дейдi Нұрекең.

Нұрекең тағы да ұйқыға кетедi.

Бiршама уақыттан кейiн тағы бiреу түртiп  оятады. Қараса купедегi көршiсi дәуқара екен.

– Бала, отыр мұнда, – дейдi.

Ортаға бекiре балық қояды. Сөмкеден коняк шығарып, үш ыдысқа құяды.

– Ал, алып жiберейiк, жолымыз болсын!

Нұрағаң үн-түнсiз тартып жiбередi. Балықтың қабығын сыпырып жiберiп қомағайлана жейдi.

Дәуқара сөмкесiнен тағы бiр шөлмек шығарып, тағы да үшке бөлiп құяды. Содан кейiн:

– Мен, Қызылордадағы «Аралрыбпромстройдың» директорымын, атым бәленше. Мынау бас бухгалтерiм. Ал, таныстық үшiн алып қоялық, — дейдi де, – айтпақшы, жүздiң түрiн бiлгенше, бiрдiң атын бiл деген, атың кiм сенiң, таныса отырайық, – деп қосады.

– Нұрғиса.

– Iм… Фамилияң ше?

– Тiлендиев.

– Жарайды тартып жiберейiк!

Iшiледi. Дәуқара араға бiраз уақыт салып сөмкесiнен үшiншi шөлмектiң басын қылтитады.  Бұл да түгiсiледi. Ендi Нұрағаңның шамасы жоқ секiлдi. Ал ана екеуi оған сап-сау секiлдi болып көрiнедi. Бiр кезде дәуқара:

– Әй, сен әлгi Тiлендиев деген композиторға қандай қатысың бар? – деп сұрайды.

–  Ол… ол… мен ғой, – деп Нұрағаң әрең жауап бередi.

Анау ала көзiмен ата:

– Әй, әлгi домбырашы Тiлендиев деген кiмiң болады?

– Ол… ол да менмiн, – дейдi Нұрағаң тiлi күрмелiп.

–  Әй, ал әлгi дирижер Тiлендиевтi бiлесiң бе?

– Ол… ол мен ғой…

Дәуқара төртiншi шөлмектi де ашады. Алдында отырған адамның Нұрғиса Тiлендиев екенiне сенбейтiн секiлдi. Ал Нұрағаң болса құлағы қалқиып, көзi бозарып, ұсынған арағын тартып салып отыра бередi.

Не керек, Алматының бiрiншi вокзалына пойыз келiп тоқтайды. Ана екеуi алдын ала хабарласып қойса керек, машина күтiп тұр екен. Мүшек-мүшек балық тиеле бастайды. Бiр кезде әлгi дәуқара Нұрағаңды мешок құсатып көтерiп алып далаға шығады да, май басқан үлкен жұдырығын тұмсығына тосып.

– Әй, бейшара, мен сенi қазақтың бiр баласы ғой, сапарлас болдық деп тамағымды бiр берiп, арағымды екi берiп, сыйласам, сенiң iстегенiң мынау. Мен Жұбановты да, Төлебаевты да, Тiлендиевтi де танимын. Ал, сен болсаң Тiлендиевпiн деп көкисiң. Сен бiреудiң атын жамылмай-ақ  өз күнiңдi өзiң көрсеңшi. Мына түрiңмен купеге қалай билет алып жүрсiң ей, сен! Барып тұрған алаяқ екенсiң, әрi арақты көп iшедi екенсiң. Осыдан кейiн тағы да кездесетiн болсақ мына тұмсығыңды талқан етемiн, өзiңнiң де бет-аузың тайпақ екен…Бар, – деп итерiп жiбередi.

Нұрағаң ол арадан түспей екiншi вокзалға келедi. Вагоннан әзiр түседi. Тамағы кеуiп, көзiнің алды бұлдырап, жүруге шамасы жоқ. Сонда да болса, iлбiп басып, сырттағы Калинин ақсақалдың ескерткiшiнiң жанына зорға жетедi. Ендi Гоголь көшесiнiң бойындағы үйiне жаяу жету арман болады. Троллейбусқа төлей қоятын қалтада 3 тиын да жоқ. Сөйтiп тұрғанда бiреу:

– Әй, күшiк, әй күшiк, мына тұрысың не деп шiңкiлдесе, ендi бiреуi:

– Нұреке, Нұреке, қайдан жүрсiз деп гүж-гүж етедi.

Нұрекең көзiн әрең ашып, көзiн сығырайтып қараса, Қармысов пен Ыдырыс Ноғайбаев екен. Сол тұстағы дүңгіршектердiң бiрiнен сыра iшiп тұрса керек.

– Ойбай, мына түрiңiз не, қайдан жүрсiз?

– Әй, көп сөздi қойыңдар да жан шақыртар сыраларыңды әкелiңдер. Содан кейiн менi үйге жеткiзiп салыңдар.

Сөйтiп Нұрағаң сәл ес жиып үйiне келедi.

Үйiне келсе Дариға жеңгей мен туыстары жиылып үйде отыр. Ендi олар милицияға iздеуге бермек болып ақылдасып отыр екен. Нұрағаңды көрiп Дариға жеңгей жылап жiбередi. Өйткенi, Баукең үйге келгенде үйде қарт анадан басқа ешкiм болмаса керек. Сол кiсi кешке – Дариға жұмыстан келгенде:

– Таңертең бiр мiлиса келдi де, «ставайт, шагом марш» деп Нұрғисаны алып кеттi, – деп айтыпты. Содан бүкiл туған-туыс аяғынан тiк тұрып, не iстерiн бiлмей отырған кезi болса керек.

Мiне, әлгi пойызда кездескен дәуқара сол «Аралрыбпромстройдың» директоры Нұрағаңның нағыз Нұрғиса Тiлендиев екенiне көзi жетiп, елдiң көзiнше ұялған тек тұрмас дегендей қаша жөнелсе керек.

 

Қыдырәлі ҚОЙТАЙ,

ҚР Мәдениет қайраткері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support