- Advertisement -

«Тараздың» ойыны талайларды тамсандырған еді

211

- Advertisement -

Футбол әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрі саналатыны баршаға белгілі. Жаһанда ала допқа аңсары ауған фанаттар өздерінің сүйікті командаларының қарсыластарының жанкүйерлерімен жаға жыртысып төбелесіп жататын кездер де аз емес. Мұның өзі осынау командалық спорт түрінің қай кезде де бәсі басым тұратынын байқататын құбылыс емей немене?

Әсіресе Еуропаның белді бес елінің чемпионатындағы тартыс қай кезде де әлем елдеріндегі жанкүйерлерді бейжай қалдырған емес. Әлбетте, Кеңес одағы кезіндегі қазақ футболы мен тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазақ футболының жай-күйі екі түрлі екені мәлім. Бодандықтың қамыты мойнымыздан алынғаннан кейінгі жағдай қалай болғанда да басқаша екені айтпаса да түсінікті. Азаттыққа қол жеткеннен кейін Қазақстан командалары дербес түрде ел чемпионатында бақ сынау мүмкіндігіне ие болды. Бұл әрине, ел футболындағы жағымды жаңалық еді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ облыстың футбол командасы ойдағыдай нәтижелерге қол жеткізуді мақсат тұтып, биік межелерді бағындыруға талпыныс жасады. Алдымен 1992 жылы «Фосфор» атауымен бақ сынаған тараздық ұжым Қазақстан кубогының финалына жолдама алса, арада жыл өткенде аталмыш жетістігін қайталап, үлкен жеңістерден үмітті екендігін байқата білген болатын. Жанкүйер қауым да команданың аяқ алысына сүйсіне бастаған. Ал 1994 жылы «Тараз» футбол клубы Азияның мықты командалары арасындағы додада топқа түсіп, сары құрлықтың үздік сегіз ұжымының қатарынан көріне білді.

«Тараз» футбол клубының ел чемпионатындағы алғашқы табысы 1995 жылмен тұспа-тұс келді. Дәл осы жылы «Тараздың» жейдесін киген жігіттер жасыл алаңда жасындай жарқырап, әрбір кездесуде маңызды ұпайларды қоржынға салу үшін жан аяп қалған жоқ. Жеңісті серияны жалғастыру жолында барын салды. Талай мықты қарсыластарының мысын басқан ұжым чемпионат қорытындысында екінші орыннан көрініп, күміс жүлдені иеленіп, жанкүйерлерін кәдімгідей желпінтіп тастады. Тараздық команданың жеңісті әрі жемісті жорығы мұнымен толастаған жоқ. 1996 жылы клуб өз тарихындағы ең жоғары жетістігіне қол жеткізді. Ел чемпионатында кереметтей ойын өрнегін көрсете білген «Тараз» футбол клубы Қазақстан чемпионы атанып, жаңа бір белесті бағындырған еді. Арада жыл өткенде команда ел чемпионатының күміс жүлдегері атанып, тағы да мерейімізді өсірді. Сол кезде облыс әкімі қызметін атқарған Амалбек Тшанов «Тараз» футбол клубына айрықша қолдау көрсеткенін жанкүйерлер әлі күнге тамсанып айтып жүргенін білеміз.

Расында «Тараз» футбол клубының толайым табыстары ел Тәуелсіздігінің бастапқы жылдарымен тұспа-тұс келіпті. Жоғарыда біз жазған тамаша табыстардан кейін команданың тізгінін ұстаған бас бапкер Ваит Талғаевқа Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы берілді. Сонымен қатар команданың футболшылары спорт шебері атағын иеленді.

Облыстың командасы тәуелсіздіктің бастапқы кезінде ғажап жетістіктерге жеткенін жоғарыда айттық. Сол жылдары командада доп тепкен футболшылардың қатарында сұрмергендер де аз болған жоқ. Мәселен, 1993 жылғы ел чемпионатының қорытындысында команданың шабуылшысы Александр Шмариков қарсылас командалардың қақпасынан 28 мәрте саңылау тауып, өзінің шын мықты екенін дәлелдей білсе, 1994 жылдың қорытындысы бойынша Олег Литвиненко 20 голдың авторы атанып, үздік шықты. 1997 жылы қарсыластардың қақпасына 16 гол тоғытқан Нүркен Мәзбаевтың шын шебер екеніне ешкім дау айта қоймас. Одан бөлек Олег Воскобойников үш жыл қатарынан (1996-1998) жылдың үздік футболшысы атағын жеңіп алып, мерейімізді тасытқан еді.

Жамбыл футболының даңқты түлектерінің толайым табыстары қай кезде де мақтануға тұрарлықтай болған. Кәсіби мансабында оннан астам футбол командасының сапында жасыл алаңға шыққан Олег Литвиненконың техникалық шеберлігі мен шабуылдағы тамаша ойын үлгісі ешқашан жанкүйерлердің жадынан өшпейтін шығар. Қазақстан чемпионатындағы үздік шабуылшылардың бірі болған марқұм Олег Литвиненко жасыл алаңда қай кезде де кәсібилігімен дараланған болатын. Одан бөлек ел чемпионатында 142 гол соққан Нүркен Мәзбаев, қарсыластардың қақпасын 131 мәрте дәл көздеген Мұрат Тілешев секілді сұрмерген ойыншылардың да есімдері клуб тарихында алтын әріптермен жазылған. Бұл футболшылардың барлығы да түрлі клубтардың сапында айтарлықтай жетістіктерімен мақтана алады. Жанкүйерлер жасыл алаңда қызба мінезімен танылған Мұрат Тілешевті әлі күнге ұмыта қойған жоқ. Тілешев туралы олар қай кезде де майын тамызып әңгімелеуге әзір.

Әрине, «Тараз» футбол клубы бірде супер лига енді бірде премьер-лига аталған Қазақстан чемпионатында әр түрлі нәтижелерге қол жеткізіп жүрді. Тіпті премьер-лигадан шығып қалып, бірінші лигада өзінің мықты екендігін дәлелдеп, премьер-лигаға қайта оралған кездері де аз болған жоқ. Клубты жаттықтырған мамандар ұжым өрлеген кезде де, нәтижесі құлдыраған шақта да талантты футболшылардың тынысын ашудан танған жоқ. Әріге бармай, беріден зер салсақ, Ұлан Қонысбаев, Бауыржан Исламхан, Бақтияр Зайнутдинов, Еркебұлан Сейдахмет секілді талантты футболшылардың есім-сойын тізіп кете беруге болады. Осылардың ішінде ерекше талантымен көзге түскен Бақтияр Зайнутдинов бүгінде Ресей премьер-лигасындағы ең мықты командалардың бірі саналатын мәскеулік «ЦСКА» ұжымында лайықты деңгейде ойын өрнегін көрсетіп жүр. Сондай-ақ Бақтияр Зайнутдинов ұлттық құрама сапында да өзінің шын шебер екенін дәлелдеуден танған емес. Бір сөзбен айтқанда «Тараз» футбол клубын таланттарды дайындайтын академия десек те болады. Ал Бақтияр Зайнутдинов «Тараз» футбол клубында доп теуіп жүрген кезде, яғни 2017 жылы «Қазақстанның ең үздік жас футболшысы», «Маусым ашылуы» аталымдары бойынша жыл қорытындысында жеңімпаз атанғанын жұртшылық жадынан шығарған жоқ.

1997 жылдан кейін «Тараз» футбол клубының фанаттары команданың табысты нәтижесін аңсай бастаған болатын. Ұжымның ойдағыдай ойын өрнегін көрсете алмай жүргеніне ренжігендер де аз болған жоқ. Әйткенмен, клубтың шын жанкүйерлері «Тараздың» әйтеуір бір күні жеңісті жорықты бастайтынына сенді. 2004 жылы олардың сенімі ақталды.

2004 жылғы футбол маусымында көпшілік «Тараз» футбол клубы қандай да бір табысқа қол жеткізеді деп ойламаған шығар. Алайда команданың жейдесін киген жампоздар жеңіске деген ерекше талпыныстарының арқасында ел кубогын ұтып алуға барынша тырысып бақты. Дәл осы жылы Қазақстан кубогы жолындағы аламан ешқандай ұжымға оңай соққан жоқ. Өйткені додада 45 команда топқа түсіп, кубок жеңімпазы атанудан үмітті болған еді. Әр жұптың жеңімпазы ширек финалға дейін бір ғана ойынның нәтижесімен анықталып жатты. Тек ширек финалға жеткен командалар ғана екі кездесу өткізуге мүмкіндік алды.

Қазақстан кубогын жеңу жолындағы «Тараздың» жорығы басталмай жатып аяқталуы мүмкін еді. 1/16 финалдық бәсекеде «Тараз» футболшылары Павлодардың «Ертіс» футбол клубына қарсы жасыл алаңға шықты. Дәл сол жылдары «Ертістің» «Таразға» қарағанда бәсі де, десі де басым болатын. Бұл кездесу негізгі уақытта да, қосымша уақытта да 0:0 есебімен тең аяқталды. Пенальти сериясы жанкүйерлердің жүйкесіне ши жүгірткені анық. Бірақ, бұл күні дәлдік жағынан «Ертіс» футболшыларына қарағанда басымдыққа ие болған «Тараз» футболшылары 6:5 есебімен жеңіске жетіп, фанаттарын қуантып тастады. Ал 1/8 финалда «Тараз» футбол клубы Ақтөбенің «Ақтөбе Жас» командасын бұйым құрлы көрген жоқ. Жас футболшылардан жасақталған ұжымды біздің жігіттер 9:1 есебімен тас-талқан етіп ұтып, ширек финалдың жолдамасын қалтаға басты. Тараз үшін шешуші ойындар енді басталмақ…

Ширек финалда «Тараз» футбол клубын қарымды қарсыластардың бірі «Ақтөбе-Ленто» (қазірге «Ақтөбе») командасы күтіп тұрды. Бір жақсысы, жартылай финалдың тағдыры енді екі кездесудің қорытындысы бойынша шешілмек. Сырт алаңда өткен бірінші ойында «Ақтөбе-Ленто» командасы екі доп айырмасымен жеңіп жатқан болатын. Бірақ, «Тараз» оңай беріле салған жоқ. Олег Тарасов мергендігімен көзге түсіп, есеп айырмасын қысқартты. Түзде қарсыластарына 1:2 есебімен есе жіберген «Тараз» командасында жартылай финалға шығатын тамаша мүмкіндік бар. Ол үшін өз алаңында кеткен есені қайтару керек. «Тараз» футболшылары жанкүйерлердің сенімін ақтады. Қарымта ойында барын салған жігіттер тиісті нәтижеге қол жеткізіп, «Ақтөбе-Ленто» командасын 2:0 есебімен жеңді, осылайша жартылай финалға шықты.

Жартылай финалда «Тараз» футболшыларын тағы бір батыстық ұжым күтіп тұрды. Шешуші ойынға жолдама алу үшін жігіттер енді «Атыраудан» айласын асыруы керек. Қазақстан кубогының финалы Тараз төрінде өтетінін естіген жігіттер қалайда финалға шығу керектігін жақсы түсінді. Алайда түзде өткен алғашқы ойында атыраулықтардың мерейі үстем болды. Олар 1:0 есебімен басым түсіп, финалға бір табан жақындай түскендей көрінді. Әйткенмен, «Тараздың» футболшылары қарымта кездесуде шын мықтыға тұсау болмайтынын дәлелдеді. «Тараз» футбол клубы екінші ойында қарсыластарын 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, финалға жолдама алды.

Шешуші ойынға «Таразбен» бірге Алматының «Қайрат» футбол клубы жолдама алды. Алматылықтар алдымен Қарағандының «Шахтер» командасынан 2:1 есебімен жеңісті жұлып алса, одан кейін «Алматы» командасын 5:2 есебімен жеңген болатын. Ширек финалда «Қайрат» футболшылары Өскеменнің «Восток 2» командасын екі ойын қорытындысы бойынша 9:0 есебімен ойсырата ұтты. Жартылай финалда елордалық «Жеңіс» командасын 4:3 есебімен жеңген «Қайрат» футболшылары Тараз төріне жай келе салған жоқ. Кезекті мәрте ел кубогын мойындарына көтеруден үмітті болды.

Жанкүйерлердің күткені де осы еді. «Тараз» Қазақстан кубогының финалында. Бұл күні «Орталық» стадион жанкүйерлерге лық толды. Олардың команданы қолдаған айқайы құлаққа жағымды естіледі. «Қайрат» футбол клубы кездесудің қағаз жүзіндегі фавориті болғанымен, «Тараздың» жейдесін киген саңлақтар өліспей беріспейтінін байқатты. Төреші ысқырығы естілісімен қос команда футболшылары есеп ашу үшін жанталасты. Бірде «Тараз» жігіттері шабуылға иек артса, енді бірде «Қайраттың» жампоздары қарсы шабуылға лап қояды. Кездесудің бірінші кезеңінің өзі осылайша алма-кезек ұйымдастырылған шабуылдармен өтіп жатты. Бірінші кезеңнің бітуіне бар болғаны бір минут қалған еді. Футбол фанаттары: «Әзірге гол соғылмайтын болды. «Тараз» екінші кезеңде бір амалын табар» деген оймен орындарынан қозғала берген. Сол сәтте біздің команда есеп ашты. Жанкүйерлердің қуанышында шек жоқ. Сөйтіп кездесудің 44 минутында «Тараздың» аңыз ойыншысы болған Нүркен Мәзбаев өз мүмкіндігін мүлт жібермей, командасын есепте алға шығарды. «Жарайсыңдар, жігіттер!» десті команданың сәтті шабуылына риза болған жұртшылық.

Үзілістен кейін «Тараз» футболшылары аракідік қарсы шабуылдар ұйымдастырып, есепті еселеуге тырысқанымен, негізінен басымдық алматылықтардың қолында болды. Олар жанұшыра алға ұмтылып, таразы басын теңестіруге ниеттенді. Алайда бұл күні «Тараздың» қорғаныс шебін бұзып өту мүмкін емес еді. Стадион толы халықтың қолдауынан күш алған біздің команданың футболшылары қарсылас команданың шабуылшыларын тұсап ұстады. Тарихи сәт, «Тараз» футбол клубы Қазақстан кубогының иегері атанды!

Осылайша «Тараз» футбол клубы үшінші мүмкіндіктен ел кубогын иеленді. Оған дейін екі мәрте финалға шыққан біздің команда қарсыластарынан айласын асыра алмаған болатын. 1992 жылы жоғарыда жазғанымыздай, «Фосфор» атанған ұжым шешуші ойында дәл осы «Қайраттан» 5:1 есебімен жеңілгенін жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Арада бір жыл өткенде «Тараз» «Достық» футбол клубына 4:2 есебімен есе жіберіп, кубоктан қағылған еді. Қысқасы, 2004 жыл «Тараз» футбол клубының тарихында алтын әріптермен жазылды. Тәуелсіздік жылдарындағы «Тараздың» соңғы табысы дәл осы Қазақстан кубогындағы жеңісі болып тұр.

Әрине, «Тараз» футбол клубының жанкүйерлері командаға сенуден жалыққан емес. Алайда талай таланттардың тұсауын кескен клуб 2004 жылдан кейін ойдағыдай нәтижеге қол жеткізе алмай келе жатқаны кейде көңілге қаяу түсіретіні бар. Содан да шығар, футбол фанаттары 1995-1997 жылдардағы «Тараздың» нәтижесін жиі-жиі еске алып тұрады. Сондай-ақ 2004 жылғы Қазақстан кубогының финалы да олардың жадынан өшпек емес. Осылайша естеліктерді жиі айтатын фанаттар сол бір кезді аңсайды. «Тараздың» тағы да тамаша нәтижелерге қол жеткізгенін қалайды. Ол күн де туатын шығар, кім білсін?!

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support