- Advertisement -

Байзақ оқиғасы: қазіргі кезде қандай шаралар атқарылуда?

73

- Advertisement -

Байзақ ауданында орналасқан 28349 әскери бөлімі аумағында 26 тамыз күні болған өрт пен жарылыс көпшіліктің есінен біразға дейін шыға қоймасы анық. Өйткені, төтенше жағдай кезінде 17 азамат көз жұмып, 1 адам хабар-ошарсыз кетті, 100-ге тарта маман жарақат алды. Еенді еліміздің Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі облыс әкімдігімен, банктермен және өзге де қаржылық ұйымдармен бірлесіп, Байзақ ауданындағы жарылыстан қаза тапқан азаматтардың отбасыларының борыштық жүктемесін азайту жөнінде шаралар қабылдап жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев айтты. Оның сөзіне қарағанда, жергілікті билік бұдан өзге де көмек көрсету шараларын қолға алған.

 Қаза тапқандардың отбасыларына миллиондап көмек көрсетілуде

«Банктермен, микроқаржы ұйымдарымен және коллекторлық агенттіктермен жүргізілген жұмыстарымыз нәтижесіз аяқталған жоқ. Төтенше оқиға салдарынан қайтыс болған қарыз алушылар мен олардың артында қалған жесірлерінің берешектерін толық көлемде есептен шығару жөнінде бірыңғай шешім шықты. Бүгінгі таңда 47 несие бойынша берешек толығымен өтелді», — деп атап өтті Бердібек Машбекұлы.

Сонымен қатар төтенше оқиға салдарынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына қаржылық көмек көрсетілуде. Нақтылай айтқанда, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жерлеуге арналған жәрдемақы түрінде 17 шаңыраққа 1,9 млн теңгенің көлемінде үлестіріліпті. Мұның төменгі мөлшері 13 084 теңге болса, ең көбі — 152 850 теңге. Аймақ басшысының айтуынша, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры мен республикалық бюджет қаражаты есебінен де 14 отбасыға асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы тағайындалған.

«Бұл жәрдемақының мөлшері асырауындағы адамдардың санына қарай ай сайын 76 мыңнан 260 мың теңгеге дейінгі аралықты құрайды. Ай сайын жалпы сомасы 2,1 млн теңгенің шамасында төлемдер  алдағы қазан айынан бастап жүргізілетін болады. Сонымен қатар, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға сәйкес азамат әскери қызметін өткеру кезеңінде көз жұматын болса, оның мұрагерлеріне қаза тапқан күні атқарған лауазымы бойынша бес жылдық қаржылай қамтылым мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді», — деді облыс әкімі.

Еліміздің Қорғаныс министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан төлемдер мұрагерлер тобы анықталғаннан кейін жүзеге асырылады екен. Төлемдердің сомасы соңғы атқарған лауазымына сай еңбекақысына байланысты 7-23 млн теңге аралығындағы қаражатты құрайды.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Байзақ ауданындағы жарылыс салдарынан көз жұмған азаматтардың әрқайсысының отбасына 10 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеткен. Бұл бағытқа бюджеттен 170 млн теңге бөлініпті. Бердібек Сапарбаев, сонымен қатар жергілікті әкімдіктің есебінен қаза тапқандардың әрбірінің отбасына 5 млн теңгенің шамасында материалдық жәрдем берілгенін де мәлімдеді.

«Біз бұл мақсатқа қазынадан 85 млн теңге қарастырдық. Бұл қаражаттардың барлығы төтенше оқиға кезінде мерт болған азаматтарымыздың шоттарына толық көлемде аударылды», — деген өңір басшысы брифинг барысында зардап шеккен нысандарды да қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанына тоқталды.

Қатты зақымданған нысандарды қалпына келтіруге 1,2 млрд теңге қаралды

 Төтенше жағдайдан келтірілген залалды анықтау үшін арнайы комиссия құрылған. Нысандарды тексеру және қалпына келтіру мақсатында жергілікті атқарушы органдардан 5 жұмыс тобы жасақталыпты. Олардың қатарына әкімдіктің құрылыс басқармасының, ҚазҚСҒЗИ, жобалау ұйымдарының қызметкерлері мен төтенше жағдай саласының мамандары тартылды.  Жарылыстың зардаптарын зерделеу үшін құрылған жұмыс топтары тексерулер жүргізіп, ақау ведомостарын әзірледі. Қазіргі таңда 48 нысанға – 35 үй, 9 коммерциялық нысан, 1 мектепке қорытынды берілген.

Мұны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты. Аймақ басшысы мәлімдеген деректерге сүйенсек, төтенше жағдай салдарынан барлығы 176  жылжымайтын мүлік зардап шеккен. Оның ішінде 159-ы тұрғын үй болса, 12-сі коммерциялық нысан, 4-уі әлеуметік мекеме, 1-уі көлік инфрақұрылымы, яғни екі шақырымды құрайтын жол.

«Жарылыс кезінде 35 үй мен 12 коммерциялық ғимаратқа айтарлықтай залал келген. Бүгінде 12 мердігерлік ұйым қалпына келтіру жұмыстарына қызу кірісіп кетті. Жалпы, құрылыс жұмыстарына 22 техника мен 200-ге тарта жұмысшы жұмылдырылды. 124 тұрғын үй аз мөлшерде зардап шеккен, әйнектері мен есіктері жартылай сынған, ішкі әрлеу бұзылған. Бұларды қалпына келтіру шаралары толық аяқталды», — деді өңір басшысы.

Бердібек Машбекұлы зардап шеккен 4 әлеуметтік нысанның бірі сейсмикалық қауіпті жағдайдағы Жібек жолы ауылында екенін айтты. Айтарлықтай зақымданған №5 орта мектептің орнына 150 орындық жаңа білім ошағы тұрғызылмақ. Бүгінде жер учаскесі анықталып, құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген, мемлекеттік сараптама алынған. Ал қалған аз мөлшерде залал келген 3 ұйымды қалпына келтіру жұмыстары демеушілердің қаражаты есебінен жасалады.

«Жалпы, демеушілік қолдаулардың арқасында жиналған 4,8 млн теңге көлеміндегі қаражатқа 76 нысанды қалпына келтірдік. Айтарлықтай зардап шеккен нысандарды жөндеу жұмыстарына 1,2 млрд теңге қаражат қаралды. Нақтылай айтқанда, Қайнар ауылындағы 1 тұрғын үйдің құрылысына — 11,4 млн теңге, осы ауылдағы 18 үйді, Жібек Жолындағы 12 үйді, Үшбұлақ ауылындағы 4 үйді жөндеуге 250 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жібек жолы ауылына жаңа мектеп тұрғызуға 729 млн теңге бөлінсе, бүлінген жолды қайта төсеуге 35 млн теңгеден астам қаражат қаралмақ. Ал коммерциялық нысандардың құрылысына 170 млн теңге жұмсалады», — деп атап өтті Б.Сапарбаев.

Өңір басшысы барлық қалпына келтіру жұмыстары 30 қазанға дейін аяқталатынын мәлімдеді. Ал жарылыс кезінде жарақат алған 87 әскери қызметшіге, төтенше жағдайлар департаменті мен прокуратура қызметкерлеріне облыс әкімінің резервінен 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 292 мың теңгеге жуық материалдық көмек беріледі. Мұның жалпы сомасы 25,4 млн теңгені құрайды.

Ешқандай мәлімет жасырылып қалған жоқ

«Байзақ оқиғасының орын алғанына отыз күн толды. Алайда, шынайы мәлімет пен әкімдік таратқан деректердің арасында айырмашылық бар. Мәселен, әскери госпитальда ем алып жатқан 15 сарбаздың есімдері құпия күйінде қалған көрінеді. Олар кімдер, қай саланың өкілдері, бұл ақпарат неге әу бастан айтылмады?» Бұл – Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа turaninfo.kz порталының редакторы Исламбек Дастанның қойғай сауалы.

Сандардың айырмашылығы туралы айтқан аймақ басшысы мұны түсіндіру жұмыстарында кеткен олқылықтың салдары деді. Әйтпесе, ешқандай мәлімет жасырылып қалған жоқ. Аталған госпитальда ем алып жатқандар – Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрліктерінің қызметкерлері.

«Олар алдымен Тараз қалалық ауруханасына жеткізілген. Кейін оңалту үшін ғана госпитальға ауыстырылды. Дәл қазіргі жағдайда неше адам ем алу үстінде екенін білмеймін. Бірақ мен барып, жағдайларымен танысқанымда, барлығының денсаулықтары түзеліп келе жатқанына көз жеткізгенмін. Тағы қайталап айтайын, олар алдымен қалалық денсаулық сақтау мекемесінде тиісті ем-шараларын қабылдады», — деді Бердібек Машбекұлы.

Оrda.kz порталының өкілдері Б.Сапарбаевтың 2016 жылы Ақтөбе облысының әкімі қызметінде жүргенінде лаңкестік оқиға орын алғанын еске салды. «Ал екі жыл бұрынғы Қордай оқиғасынан соң Сізді Жамбыл облысы әкімі лауазымына тағайындады. Іле-шала, биыл Байзақтағы жарылысқа куә болдық. Сонда мемлекет билігі Сізді әдейі осындай күрделі ахуалды шешуге жіберіп отыр ма? Жалпы, бұл төтенше оқиғалар не себепті орын алып жатыр? Биліктің кемшілігінен бе, әлде жүйенің жиналып қалған проблемасынан туып отыр ма?», — делінген тілшілердің сауалында.

Аймақ басшысы бұл сұраққа жауап беру барысында, облыс әкімі лауазымына тағайындауды ең алдымен мемлекеттің басшылары шешетінін жеткізді. Ал төтенше оқиғалардың орын алуының себебін қордаланып қалған проблемалардан іздеуге  болатынын айтты. Алайда, ол мәселелерді жергілікті билік рет-ретімен шешу үстінде.

«Нақтылай айтқанда, мемлекеттік тілге, дінге қатысты түйткілдерді тарқату шараларының барлығы біздің бақылауымызда. Мәселен, былтыр, алдыңғы жылдары Қордай ауданындағы күрделі ахуалды қалпына келтіру үшін мемлекеттік бағдарламалар арқылы 35 млрд теңге қаржы бөлінді. Ал Байзақтағы оқиғаның себеп-салдарын құзырлы органдар анықтау үстінде. Әзірге атқарылуы тиіс шаруаларды біз бастап кеттік. Оларды егжей-тегжейлі жаңа баяндадым. Жалпы, менің міндетім – Байзақ пен Қордай оқиғаларының проблемасын шешу ғана емес, өңірдің экономикалық-әлеуметтік ахуалын көтеру, мүмкіндіктерді толығымен пайдалану, халықтың тұрмыстық жағдайын жақсарту. Қазіргі таңда осы бағыттарда еңбек етудеміз. Мұның нәтижесін тұрғындар айта жатар», — деді Бердібек Машбекұлы.

Арыстағы ахуал қайталанбай ма?

«Байзақ ауданында орын алған жарылыс аймағына ең жақын нүктедегі Қайнар ауылында қазіргі кезде 19 үй жөнделіп жатыр. Алайда, екі-үш үйді қалпына келтіру жұмыстары өткен аптаның соңында ғана бастау алды. Мердігерлер шаруаны қазан айының соңына дейін аяқтай алмай қала ма деген алаңдаушылық бар. Өйткені, күз мезгілі ортасына жақындады, күн суытып келеді». Бұл – «Қазақстан» ұлттық телеарнасының аймақтағы тілшісі Данияр Асқарұлының қойған сауалы. Өңір басшысы сұраққа жауап беру кезінде жақында ғана Қайнар ауылындағы құрылыс жұмыстарымен танысып шыққанын айтты.

«Төтенше жағдайға байланысты бес жұмысшы тобы құрылды дедік. Олардың қатарында сала мамандары, сарапшылар, зерттеу институтының қызметкерлері бар. Олар нысандарды қалпына келтірмес бұрын, зерделеу жұмыстарын жүргізді, сейсмикалық ахуалын саралады, ертеңгі күні қайтадан бүлініп кетпеуіне мән берді. Осындай жұмыстарды атқару кезінде біршама уақыт өтті, әлгі үйлердің қорытынды құжаттары кеш әзірленді. Алайда, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Қазан айының соңына дейін барлық үйлер пайдалануға беріледі. Олардың ішінде жаңағы екі-үш үйдің де құрылыстары бітетін болады. Рас, қараша айында күн суыта бастайды. Біз оған дейін шатырларда тұрып жатқан тұрғындарды толық баспаналарына кіргізуіміз қажет», — деді Бердібек Машбекұлы.

Баспасөз мәслихатында turaninfo.kz порталының редакторы Исламбек Дастан бүлінген нысандарға бөлінген қаражат тиісті үйлерге толық жететіндігіне күмәнданатынын айтты. Өйткені, мұндай жағдай Арыс оқиғасынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары кезінде де орын алған.

«Олай болмайды, барлығына төленеді, — деді аймақ басшысы. – Әрбір үйдің сметасы бекітілген, әрбір үйге қанша шығын келгені анықталған. Жаңа айтқанымдай, 1 млрд 200 млн теңгедей қаражат қаралды. Үйлердің де шығыны осы соманың ішіне кіреді. Ешқандай құрылыс компаниясы қаржысыз қалмайды».

Баспасөз мәслихаты барысында Бердібек Сапарбаев көпті толғандырып жүрген өзге де сауалдарға жауап берді. Соның ішінде «Байзақ оқиғасының себебі қандай, кім кінәлі?» деген сұрақ та бар.

«Барлығымызға аян, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі мамандарынан жасақталған тергеу тобы қазіргі таңда жұмыс істеп жатыр. Қалай жұмыс бітеді, солай ресми түрде хабарланатын болады. Оқиғаның себебін, кінәліні сол кезде білеміз. Сондықтан жерлестерімнен ешқандай жалған ақпаратқа, лақап сөздерге сенбеуді сұраймын. Ал нақты мәліметті арнайы құрылған штабтан алу керек», — деген ол жарылыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен азаматқа қатысты деректермен де бөлісті.

«Реті келгенде айта кетейін, Байзақ оқиғасының салдарынан бір азамат хабар-ошарсыз кеткені белгілі. Алайда оны іздеу жұмыстары тоқтатылған жоқ, тоқтатылмайды да. Мен «Оңтүстік» өкірлік әскери қолбасшылығымен әрдайым байланыстамын. Қанша маманның, техниканың, саперлердің, қызметтік иттердің жұмыс істеп жатқанын бақылаудамын. Әлі де іздеу-барлау шаралары жалғаса береді. Жоғалған азаматтың ата-анасымен де тұрақты байланыстамын», — деді Б.Сапарбаев.

Асхат Райқұл

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support