- Advertisement -

Тәуелсіздік игілігін әр азамат сезінуі тиіс

65

- Advertisement -

Жуалы ауданындағы Б.Момышұлы шекара бөлімшесінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына жолдаған Жолдауын насихаттау мақсатында шекарашы сарбаздармен кездесу өтті.

Кездесуді Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Жамбыл облысы Жамбыл ауданы бойынша Шекара басқармасының тәрбие идеологиялық және кадрлық жұмыстар бөлімінің басшысы Ерхат Рафиков ашып, жүргізіп отырды. Ол Жолдаудың басым бағыттарын кеңінен айта келе, әскери қызметшілердің шет қалмағанын жеткізді.

Келесі кезекте «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марат Нарымбеков сөз алып, Жолдау жүктеген маңызды міндеттерге тоқталды.

– Өздеріңізге белгілі, Жолдауда егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз еместігі және елдегі бейбіт өмір қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық екені баса айтылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы тұғыры мығым ел болу жолында кедергілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңуіміз берекелі бірлік пен еселі еңбектің арқасы екенін жеткізді. Бүгінде әскерде кәсіптік және азаматтық білім алуды оқу бағдарламасына енгізу жоспарлануда. Сондықтан да білім алып, әскери борышын өтегеннен соң сол бағытта жұмыс істеулеріне үлкен мүмкіндік туатыны даусыз. Сонымен қатар ел Президенті биологиялық қауіпсіздік туралы жан-жақты ой қозғады. Әлемдегі болып жатқан пандемиялық ахуалға байланысты вакцина жасап шығарған мемлекеттердің бірі Қазақстан екенін мақтанышпен жеткізді. Осы орайда екпе алуда да белсенділік танытқанымыз абзал, – деген Марат Аманғалиұлы шекара қызметінің сарбаздарына бірліктің ең басты қару екенін жеткізіп, бөлімше жұмысына сәттілік тіледі.

Әрі қарай сөз кезегі Жамбыл облыстық шекара қызметі департаментінің өкілі Қошан Жұмабаевқа берілді.

– Мемлекет басшысы Жолдауда жаңа бағыт, жаңа жүйе туралы нақты айтты. Ел игілігі үшін «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» Жолдау жолында жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Даңқты қолбасшы Б.Момышұлы айтқандай, «Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмыла қызмет етуді» міндет санағанымыз жөн. Сондықтан жұмысқа аса жауапкершілікпен қарайық. Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Шекараны қорғау – абыройлы міндет. Сондықтан патриоттық рухы биік әр азамат, «елім маған не береді деп емес, еліме мен не беремін» деп қызмет етуі керек, – деген Қошан Жұмабаев сарбаздарды елдік пен ерліктің берік үлгісін көрсетуге шақырды. Сондай-ақ шекарашылардың Отан алдындағы қызметінің маңыздылығы мен ерекшеліктерін атап өтіп, шекарада қызмет еткісі келетін әскери қызметшілер керек екенін хабарлады.

Дәл осындай жиын «Ақсуат» шекара бөлімшесінде де жалғасын тапты. Мұнда «Nur Otan» Бәйтерек бастауыш партия ұйымына қарасты «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Самат Айтбай Жолдау туралы ой қозғап, шекарашылардың қойған сұрақтарына жауап берді.

«Aq jol»-Aqparat».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support