- Advertisement -

Қаптаған «Сергек» көлік жүргізушіге сес бола ма?

85

- Advertisement -

Жыл басынан бері өңірде 7 мыңнан астам жол- көлік оқиғасы тіркелген. Нақтырақ айтсақ, өңірімізде жол-көлік оқиғасы азаймай тұр. Рас, жолдың да киесі бар. Бүгінгінің қылқұйрықтысы іспетті темір көлікті тізгіндегендердің ішінде соны сезіне бермейтін жүргізушілердің көбейгені өкінішті. Есімде, мен туып-өскен Сарысу ауданындағы Саудакент пен Жаңатастың арасында Итауыз деген жер бар. Асфальт жолда құйындатып келе жатқан кез келген жүргізуші сол тұстан өтерде міндетті түрде ақырын ғана тежегішті басады. Өйткені не құпиясы бары белгісіз, Итауыздың тұсынан құйғытып өтемін деген талай көлік омақаса асқан. Кейбір жылдары осы екі ортаға жиі қатынайтын таксистер бір малды құрбан шалып, Жаратқаннан жарылқау тілеп жататын.

Тексерістің нәтижесінде 8 мыңнан астам ақау табылды

Жә, біз мұнда жолдың да киесі бар деген ұғымды түсіндіруге тырыстық. Ал қала ішінде жол-көлік оқиғаларының көбеюіне не себеп? Соңғы айларда өңірде осы сауалдың маңызы артып тұр. Мәселен, жақында ғана жеңіл көлік мінген, жиырма жастан енді ғана асқан жүргізуші таңғы уақытта қарсы бетке шығып кетіп, аялдамада тұрған жолаушыларды баса-көктеп өтті. Екі азамат қаза тапты, тағы екі тұрғын ауыр халде ауруханаға түсті. Бұл оқиға ел тұрғындарын дүр сілкіндірді.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, апатты жағдайлардың санын төмендету мақсатында аз жұмыс атқарылмаған. Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменовтің сөзінше, биылдыққа аймақтағы автомобиль жолдарына 1 234 тексеру жүргізілген. Бұл ретте 10 412 шақырым жол қамтылыпты. Нәтижесіз емес, 8 195 ақау анықталған.

«Берілген ұйғарымдар негізінде өңірдегі автожолдарда 2 893 жол белгісі орнатылды. 5378 шақырымға жол таңбалары салынды, 150 430 шаршы метрден астам шұңқырға жөндеу жұмыстары жүргізілді, 44 жол буфері ауыстырылды. 1 645 дабыл бағанасы мен 8515 жарық шағылыстыратын катафот орнатылды, басқа да көптеген шаруа тындырылды. Сонымен қатар автожолдарды дұрыс күтпегені және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін 166 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп атап өтті ол. Генерал-майор жол инфрақұрылымын жақсарту, өткізу қабілетін арттыру және жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру мақсатында жергілікті атқарушы органдарға 225 ақпарат жіберілгенін де мәлімдеді.

Төтенше оқиғаларды азайту үшін түрлі шаралар қабылдануда

Сала мамандары республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 555-556 шақырымына жылдамдық режимін өлшейтін құрылғылар орнатылғанынан хабардар етті. Сондай-ақ «Күйік» пен «Қордай» асуларында ұзындығы 2 шақырымнан асатын қарға қарсы экрандар орнатылған екен. Бұл жүргізушінің қарсы келе жатқан автомобиль жарығына шағылысуына да жол бермейтін көрінеді.

«Бүгінде жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын дамытуға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған іс-шараларды іске асыру бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, озық халықаралық тәжірибені ескере отырып, Тараз қаласындағы Абай, Төле би және Тәуке хан көшелеріне қызыл түске боялған қауіпсіздік аймақтары қойылды. Бұл көлік ағындарының қозғалысын жақсырақ үйлестіруге мүмкіндік береді. Облыс орталығының көшелерінде қолайсыз ауа райы жағдайында және түнгі уақытта көрінуді жақсарту үшін сары түсті жол таңбасы салынған. Тәуке хан-Б.Момышұлы көшелерінің қиылысына салынған белгі жол қиылысы шегінде көлік құралдарының қауіпсіз өтуін қамтамасыз етеді», – деді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Рахымберді Әшкеев.

Жауапты маманның айтуына қарағанда, қалада осы секілді шаралар көптеп атқарылған. Жаңағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 320-323 шақырымдағы бөлігінде жануарлардың жолға шығып кетпеуін болдырмау үшін «Электропастух» деген атаумен қоршау орнатылыпты. 392, 453, 580 шақырымдарындағы демалыс алаңдарын жасанды жарықтармен қамтылған екен.

Таразға бірнеше жолүсті жүргінші көпірі керек

Жол сақшылары жергілікті атқарушы органдарға бірнеше ұсыныстар жіберген екен. Айталық, Б.Момышұлы-Тәуке хан көшелерінің қиылысына, Б.Момышұлы көшесіндегі «Диана», «Сафият» дүкенінің маңына, Сейфуллин көшесіндегі «Виктория» дүкені тұсына және өзге де аумақтарға жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салу қажет. Себебі онда жаяу жүргіншілердің жүріс бөлігін жаппай кесіп өтуі жағдайы жиі байқалады. Содан да жол-көлік оқиғаларының туындау ықтималдығы басым.

«Тағы да айта кетерлігі көлік кептелістерін болдырмау үшін «Ауыл Береке» базарының алдындағы Мәмбет батыр көшесін кеңейткен дұрыс. Сондай-ақ «IT-лицей» арқылы өтетін және Жамбыл даңғылына жанасатын А.Қосанов көшесі бойынша айналма жол салған абзал. Сейфуллин, Санырақ батыр, Шостакович секілді көшелердің көлік жүретін бөлігін кеңейтуге кеңес береміз. Пушкин, Бейбітшілік, Сейфуллин, Желтоқсан көшелеріне автокөлік тұрақтарын салу керек. Төле би-Жамбыл және Жамбыл-Мәмбет батыр көшелерінің қиылыстарына жол айрықтары салынса дейміз», – деді әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Николай Сон.

Жергілікті полиция департаментінің мамандары жыл басынан бері облыс аумағында 707 жол-көлік оқиғасы тіркелгенін айтты. Бұл төтенше жағдайлардың салдарынан 133 адам қаза тауып, 1 063 адам түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алған екен. Мұның ішінде халықаралық маңызы бар автожолдарда 3 жол-көлік оқиғасы орын алып, бірнеше жан ажал құшқан. Ал өңірдегі республикалық маңызы бар жолдарда көлікке қатысты 172 төтенше жағдай деректелсе, облыстық маңызы бар жолдарда 73 жол-көлік оқиғасы орын алыпты. Аудандық маңызы бар жолдарда 29 төтенше жағдай тіркелген.

Дерек пен дәйек

Жамбыл облысының аумағы бойынша жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының ұзындығы – 12940 шақырым. Халықаралық маңызы бар жол – 209 шақырым. Республикалық маңызы бар жол – 989 шақырым. Облыстық маңызы бар жол – 1 942 шақырым. Аудандық маңызы бар жол 1 188,41 шақырым. Шаруашылық маңызы бар жол – 2 950 шақырым және елді мекендердің көше-жол желісі – 5662 шақырым.

Өңірдегі автожолдарда 211 бағдаршам жұмыс істейді. Мұның ішінде республикалық маңызы бар жолдарда – 13, облыстық маңызы бар автожолдарда – 16, аудандық маңызы бар автожолдарда – 7, облыс орталығы Тараз қаласында 138 және аудан орталықтарында 37 бағдаршам бар.

Біле жүріңіз!

Соңғы күндері Тараз қаласының жолдарына темір тұлпарлардың тізгінін тартатын «Сергек» бейнебақылау камералары орнатылуда. Бұдан бөлек, «Арқан» және «Автоураган» мобильді кешендері жұмыс істей береді. Бұл қондырғылар полиция қызметкерлерінің қатысуынсыз жолдың бақыланатын учаскесі арқылы өтетін барлық көлікті тіркеуге, нөмір белгілерін, түсі мен маркасын тануға, белгіленген жылдамдықтың асып кету фактілерін тіркеуге қабілетті екен. Мысалы, Hyundai H-1 автомашинасының базасында орнатылған «Автоураган» мобильді кешенінде іздеу дерекқоры жүктелген. Нақты уақыт режимінде деректер мен бейнеақпараттарды автоматты түрде екінші деңгейдегі банктердің сайттары мен ресурстарын пайдалана отырып, жүргізушілерге айыппұлдар салу және оларды төлеу туралы нұсқамалар қалыптастыру үшін полицияның деректерін өңдеу орталығына және бас прокуратураның әкімшілік өндірістерінің бірыңғай тізіліміне береді.

Мамандар мұның сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік туғызатынын айтады. Өйткені полиция қызметкерінің жүргізушімен өзара іс-қимылы барынша аз болады.

Бұдан басқа, көлік құралының нөмірлік белгісі полицияның іздестіруі немесе оның бұрын жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтары үшін айыппұлдар бойынша берешек тізімінде болуы тұрғысынан автоматты түрде тексере алады. Бұл жағдайда мобильді кешендегі полиция инспекторы заңға сәйкес құқық бұзушыға жедел әрекет ету шараларын қабылдауы мүмкін. Жолдардың бақыланатын учаскелері арқылы жүріп өткен көлік құралдары туралы барлық ақпарат полиция департаментінің серверінде сақталады және нөмірі, маркасы, моделі немесе түсі бойынша көлік құралдарын іздеу жөнінде сұрау салуды жүзеге асыруға, олардың фото-бейнетіркеу уақыты мен орнын белгілеуге, облыстық және республикалық маңызы бар жолдар бойынша бақыланатын көлік құралының қозғалыс маршрутын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Асхат Райқұл

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support