- Advertisement -

Екпемен қамту жұмыстарын ширату керек

87

- Advertisement -

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте коронавирустың алдын алу және елді мекендерді талшықты кең жолақты интернет байланысымен қамту мәселесі қаралды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, бүгінде Тараз қаласы, Талас, Шу, Қордай, Жамбыл, Жуалы, Мерке, Сарысу, Т.Рысқұлов, Мойынқұм аудандары әлі де «қызыл» аймақта тұр. Ал Байзақ ауданы «сары» аймаққа өткен. 31 тамызға дейін өңірде жалпы COVID-19 індетін 17 934 адам жұқтырған. Ал пневмонияның 6 865 жағдайы тіркелген. Соңғы тәулікте КВИ-мен 35 азамат ауырса, пневмониямен 11 науқас ауруханаға түскен. 15 024 адам сауығып шықты.

«16-23 тамыз бен 24-31 тамыз аралығындағы динамикаға көз жүгіртсек, КВИ белгілері бар науқастар саны азайғанын байқауға болады. Бүгінде облыстағы ауруханаларда 3 634 инфекциялық, 416 реанимациялық төсек қоры, оған қоса 170 орынға арналған карантиндік стационарлар жұмыс істеуде. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты қосымша резерв ретінде 1 126 инфекциялық, 85 реанимациялық төсек қоры ашылып, жұмылдырылатын болады. Бүгін сағат 7:00-дегі жедел ақпаратқа сүйенсек, инфекциялық стационарларда – 1 780, жансақтау бөлімінде 161 науқас ем қабылдап жатыр. Карантиндік стационарларға 43 адам орналастырылған. Олардың денсаулық жағдайы тұрақты бақылауда»,- деді Әсет Әскерұлы.

Жалпы 18 жастан жоғары 377 068 азамат вакцина қабылдаған. Жалпы, облыс бойынша 23 медициналық ұйымда 43 егу пункті бар. Олардың 15-і қалада, 28-і аудандарда орналасқан. Биыл ақпан айынан бері облысқа 16 990 доза QazCovid-in, 341 700 доза Спутник V вакцинасының бірінші компоненті және 258 060 доза екінші компоненті, 60 000 доза «Хаят Вакс», 34 000 доза «КоронаВак» екпелері жеткізілген.

«Жамбыл облысында 16 533 денсаулық сақтау саласының маманы, 26 927 білім беру мекемелерінің қызметкері, 13 189 арнайы күштік құрылымдардың қызметшілері, 7 591 мемлекеттік қызметкерлер және 312 828 өзге салада еңбек ететін адамдар екпе алып үлгерді. Жалпы 27 500-дей педагог вакцина алуы керек болса, мұның 26 927-сі екпе қабылдады. Негізі созылмалы аурулары бар науқастар екпемен өте төмен деңгейде қамтылуда», деген Ә.Қалиев Тараз қаласы мен Шу, Мойынқұм, Жуалы, Қордай аудандарындағы вакцинациялау процесі көңіл көншітпейтінін алға тартты.

Ал облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділда Шыналиев мониторнигтік топтардың жұмысы жайында баяндады. Оның айтуынша, жыл басынан бері мониторингтік топтардың мүшелері 2 670 рейд жүргізіп, 12 431 нысанды тексерген. Нәтижесінде 923 нысанда құқықбұзушылық анықталып, иелеріне ескертулер жасалды.

«Алайда, өткен аптада облыстың мониторингтік топтардың жұмыс динамикасының талдауы аталған бағыттағы істі әлі де жетілдіру қажеттігін көрсетті. Мәселен, жаппай іс-шаралардың өткізілуіне қарамастан Жуалы, Мойынқұм, Сарысу, Жамбыл, Талас және Т.Рысқұлов аудандарының мониторингтік топтары бірде-бір заңбұзушылық тіркемеген. Қазіргі таңда өңірде 74 кәсіпкерлік нысанында карантиндік іс-шараларды қасақана бұзу деректері анықталды. Тексеру нәтижелеріне сәйкес, 281 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 62 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Сот шешімімен 15 нысанның қызметі тоқтатылды», деді Байділда Сейділдаұлы.

Жиында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев Шу, Қордай аудандары мен Тараз қаласының әкімдеріне тағы да ескерту жасап, вакцинациялау бағытындағы шаруаларды жеделдетуді міндеттеді. «Індет өршіп тұр. Ал екпе – індеттің алдын алады. Ендеше неге бұл мәселеге салғырт қарайсыңдар! Екпемен қамту – мемлекеттің тапсырмасы, тұрғындардың денсаулықтарының кепілі. Вакцинациялау көрсеткіші төмен Шу қаласы әкімін орнынан алуды тапсырамын. Егер шаруаны ширатпаса, ауыл әкімдеріне де осындай шара қолдануға мәжбүр боламыз», деді облыс әкімі.

Аппарат кеңесінде күн тәртібіндегі екінші мәселе – ауылдық округтердің ғаламторға қолжетімділігін арттыруға байланысты облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Архат Байқазақовтың есебі тыңдалды. Саладағы атқарылған жұмыстар мен проблемаларды хабарлаған ол талшықты ғаламтор желісін тартуда сапаға мән берілетінін жеткізді.

Өңір басшысы Бердібек Машбекұлы жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеп, жаңа оқу жылында шалғай ауылдық елді мекендердің оқушылары да интернет желісін пайдалануы қажеттігін айтты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support