- Advertisement -

Жаңа оқу жылы дәстүрлі жүйеде басталады

42

- Advertisement -

Елдегі эпидемиологиялық ахуал ушығып тұрған соң, «қыркүйекте оқу тағы да онлайн форматта өтеді» деген әңгіме жиі айтыла бастады. «Былтырғыдай бастауыш және 9-11 сыныптар ғана мектепке барып оқиды екен» деп болжам жасағандар да бар. Қалай десек те, қазіргі коронавируспен аурушаңдық деңгейі мен індеттің салдарынан болып жатқан өлім-жітім көрсеткіші – бәрінен бұрын баланың аманы жақсы деген тұжырымға итермелейді, амалсыз. Әйтсе де, жаңа оқу жылы басталатын кез жақындаған сайын ата-аналар Білім және ғылым министрлігінің нақты мәлімдемесін күтіп алаңдап жүр.

 Сонымен әзірше жаңа оқу жылы 1 қыркүйекте офлайн форматта басталады деген жоспар бар. Алайда нақты шешім елдегі эпидахуалға байланысты өзгеруі мүмкін. Бұл туралы Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің сөзіне сүйенсек, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету  және денсаулығын сақтау үшін арнайы санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қабылданбақшы.

– Барлық мектеп, колледж бен университеттердегі қызметкерлер мен білім алушыларға маска кию міндетті болады. Барлық білім беру ұйымдарында күнделікті термометрия, желдету, кварцтау, дезинфекция шаралары өткізіледі. Студенттер, педагогтар мен басқа да  қызметкерлер үшін «Ashyq» жүйесіне тіркелу – міндетті талаптардың бірі, – деді Асхат Аймағамбетов.

Пандемия кезеңінде келген тағы бір өзгерістің бірі – ауысымдардың көбейгені. Бұған дейін сала басшылары үш ауысымды мектептер санын азайтуға тырысса, енді екі ауысымның өзі карантин талаптарына сай келмей жатқан жайы бар. Министр мектептерде қосымша ауысымдар ұйымдастырылып, үзілістер уақытын әр уақытқа белгілеп, «бір сынып – бір кабинет» жүйесінің сақталуы аса маңызды екенін ескертті. Ал сабақтың ұзақтығы – 45 минутқа созылып, күнделікті бағалау жүйесі жалғастырылады. Сондай-ақ барлық бұқаралық іс-шараға тыйым салынбақшы.

Педагогтар үшін биылғы оқу жылындағы басты талап –  қашықтан оқу кезінде білім сапасындағы олқылықтарды толтыру бойынша кешенді жұмыс жүргізу. Осыған байланысты халықаралық тәжірибеде жүргізілген қашықтан оқытудың нәтижесі зерттелген. Зерттеу қорытындысына  қарай оқу жылында негізгі пәндер бойынша былтырғы қиын тақырыптарға көбірек сағат бөлініп, оқу бағдарламаларын коррекциялауға, үлгерімі нашар балалар мен қосымша жұмысқа басты назар аударылатын болады.

Педагогтарға цифрлық құзыреттіліктерін арттыру бойынша онлайн курстар дайындап, тамыз айының 2-інен бастап оқу курстары басталған болатын. Сабақ дәстүрлі жүйеде өтеді деп жоспарланғанымен, барлық білім беру ұйымдары үшін цифрлық платформалардың қолжетімді болу мәселесі қатты пысықталған. Бүгінде youtube, aitube арналарында және «Күнделік» жүйесінде 1-11 сыныптар үшін барлық пәндер бойынша 13 мың бейнесабақ орналастырылған.  Бейне сабақтарда 100 000-нан астам жаттығулар мен тесттік тапсырмалар бар.  Мазмұнды оқыту контенті бар 8 цифрлық платформа пайдаланылатын болады. Министр порталдарда жетекші мұғалімдердің сабақтары, қарқынды оқытуға арналған виртуалды зертхана жұмыстарын жүргізу әдістері орналастырылғанын айтты.

Жаңа оқу жылында мектеп формасы бойынша талаптар сақталатыны бұған дейін белгілі болған. Тек бірыңғай киім үлгісі ғана емес, мектепке классикалық стильдегі ыңғайлы киіммен келуге рұқсат беріліп отыр. Ал 1 қыркүйектегі «Білім күні» салтанатты іс-шарасы биыл 1-сынып оқушылары үшін ғана ұйымдастырылмақшы. Осы жиында оларға салтанатты түрде алғашқы оқулығы –  «Әліппе» табысталады. Қалған 2-11 сынып оқушылары тікелей бекітілген кабинеттерге барып, сонда тақырыптық сынып сағаттарын өтеді.

Сабақтың дәстүрлі форматта өтетіні жақсы, әрине. Алайда ата-аналарды алаңдатып отырған жағдай – балаларының денсаулығы. Алаңдаушылыққа негіз де жоқ емес. Коронавирустың әу бастан жас талғамайтыны белгілі. Ал мутацияға ұшыраған штамдары тіпті, жас жеткіншектердің өзіне қауіп төндіре бастады. Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратовтың айтуынша, қазір Нұр-Сұлтан қаласында 74 бала коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр екен. Оның 7-еуінің жағдайы ауыр көрінеді.

Жалпы дәрігерлердің айтуынша, вирусты жұқтырған жеткіншектер жаз мезгілінде көбейген. Маусым-шілдеде балалар вирустың айқын клиникалық белгілерімен түсе бастаған. «Негізгі симтомдар улану, қалтырау, дене қызуының көтерілуі, катаральды көріністер де болуы мүмкін», дейді педиатрлар. Міне, осындай қауіп-қатерлерді ескере отырып, тиісті органдар алдын ала ата-аналары немесе өздері коронавируспен ауыратын білім алушыларға және денсаулығы бойынша тәуекел топтарға жататын оқушыларға уақытша қашықтан білім алу форматы бойынша білім алуды ұйымдастыруды жоспарлап қойыпты. Сондай-ақ бір оқушы ауыра қалған жағдайда тұтас бір класты қашықтан оқытуға көшіру туралы да мәселе қарастырылуда.

Ардақ Үсейінова

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support