- Advertisement -

Таласта алғаш рет компьютерлік томография кабинеті ашылды

165

- Advertisement -

Талас ауданында алғаш рет компьютерлік томография кабинеті ашылды. Кабинетте заманауи жоғарғы технологиялық 80-кескінді компьютерлік томограф (КТ) орнатылған. Компьютерлік томограф – барлық органдар мен жүйелерді тексеруге мүмкіндік беретін тексерулердің жоғары сапасын қамтамасыз ететін озық технологиялары бар аппарат.

Кабинеттің арнайы ашылу салтанатына  аудан әкімінің орынбасары Р.Қырықбаев, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы М.Отыншиев қатысты.

– Біз пандемия кезінде коронавирустық пневмония диагнозын қоюдың ең сенімді және негізгі әдісі болып табылатын құрылғы – компьютерлік томография екендігіне көз жеткіздік. КТ бұдан бөлек диагноздың дәлдігі мен сипатын нақтылайтын заманауи құрылғы. Кабинетте орталығымыздың білікті рентгенлаборанты жұмыс жасайды. Ал, қорытынды диагнозды дәрігерлер онлайн түрде беріп отырады, – деген «Мейірім» медициналық орталығының бас дәрігері Гүлчахра Маметова КТ-ға міндетті әлеуметтік сақтандыруы (МӘМС) бар азаматтар дәрігердің жолдамасымен тегін, ал жарна төлемейтін азаматтар 10 мың теңге көлемінде ақы төлеу арқылы томографияға түсе алатындығын жеткізді. Ал  зейнеткерлер мен балаларға, әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға 10 пайыздық жеңілдік қарастырылыпты. Сонымен қатар, мамандар шұғыл жағдай кезінде ақысыз және уақытпен санаспай  қызмет көрсетеді екен.

«Мейірім» медициналық орталығына қарасты кабинет аудандық орталық ауруханадан бөлінген 120 шаршы метр аумаққа орналастырылғаны, онда қажетті барлық жабдықпен қамтамасыз етілгендігі жөнінде «Мейірім» медициналық орталығы құрылыс бөлімінің басшысы Нұржан Жақсымбетұлы баяндады.

Осы орайда біз томография алдында кезек күткен азаматтардың пікірін білген едік. Қаратау қаласының тұрғындары С.Әмірханов және О.Белокримцкая дәрігердің жолдамасымен өкпе қуысына томография жасатуға келіпті.  «КТ-ның қаламыздан ашылғанына ризамыз. Біріншіден, уақыт үнемдейсің, екіншіден артық шығын кетпейді» деген тұрғындар  игі іске мұрындық болған жандарға алғыстарын айтты.

 

Индира Еркінқызы,

журналист.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support