- Advertisement -

Мейрамханаларды полиция мен Ұлттық ұланның сарбаздары күзетпек

146

- Advertisement -

Қазір қауіпті аймаққа өтпеген жалғыз Түркістан облысы ғана қалды. Оның өзі «сары» аймақта. Бұл елдегі эпидахуал ушыға түскенін көрсетеді. Осыған байланысты келесі аптадан бастап барлық өңірлер карантин талаптарын күшейтіп, нақты шаралар қабылдамақ.

Өңірімізде өткен тәулікте коронавирустың 215, пневмонияның 38 жағдайы тіркелген. Осылайша тәуліктік өсім жоғарылаған. Тараз қаласы мен Шу, Жамбыл, Байзақ аудандарында эпидемиологиялық жағдай алаңдатарлықтай. Жалпы жыл басынан бері облыс бойынша 12 253 адам коронавирус инфекциясына шалдыққан. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев төрағалық еткен КВИ-дың алдын алу жөніндегі кеңес отырысында айтылды.

– Бекітілген жоспарға сәйкес, бүгінде облыстағы ауруханаларда 3 390 инфекциялық төсек қоры, оның 328-і реанимациялық, оған қоса 170 орынға арналған карантиндік стационарлар жұмыс істеуде. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты қосымша резерв ретінде 1370 инфекциялық, оның ішінде 173 реанимациялық төсек қоры ашылатын болады. 15-22 шілде және 23-30 шілде аралығында динамикаға сәйкес КВИ белгілері пневмониямен түскен науқастар саны көбейді. Жалпы соңғы аптада бұл көрсеткіш 8,4 пайызға өсті, ал коронавирус диагнозы бірқалыпты, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Індеттің ушығуына тығылып той-тойлап, сақтық шараларын елемеу себеп болып отыр. Осыдан біршама уақыт бұрын мейрамхана иелері облыс әкімінен шағын адаммен той өткізуге рұхсат сұрап келген еді. Сол кезде барлық талаптарды орындаймыз деп уәделерін де беріпті. Қазір соның бәрі ұмыт қалып отыр. Әйтеуір тығылып той өткізудің түрлі амалына көшкен. Бұл біздің полиция қызметкерлері мен арнайы құрылған мониторингтік топ өкілдерінің де осалдығынан болып тұр. Той болып жатқанын қарапайым азаматтар күнде көріп, естіп жүргенде жауаптылар неге соны байқамайды? Әлде білсе де, білмеген бола сала ма? Міне, жиында осыны сынға алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тойхана иелеріне қатаң шара қолданып, тіпті лицензиясынан айыру керектігін ескертті.

– Қанша айтсақ та, көпшілік той тойлауды тоқтатын түрі жоқ. Науқастардың көбі тойға барғандар екен. Ол адам сосын өзі ғана ауырып қойса, мейлі. Отбасына, жақындарына таратады. Біз үшін  адамның өмірі бәрінен қымбат. Мұны кәсіпкерлерді қабылдағанымда да айтқанмын. Әрине, оларды да түсінеміз. Жұмыс істеп, табыс табу керек. Бірақ олар мүмкіндік берсеңіздер, барлық карантиндік талаптарды сақтаймыз деп уәде берген. Орындаған жоқ. Орынбасарым Дәулет Кәрібек бастаған азаматтар тойханалар мен кафелерді аралап шықты. Той барлық мейрамханада тоқтаусыз өтіп жатыр. Тіпті күніне екі рет той жасауға көшкендері де бар. Мұны енді қашаңғы айта береміз? Мынандай індет өршіген кезде бәрін тоқтата тұруға болады ғой. Талаптың сақталмай жатқанын жауаптылар неге ескертпейді? Облыстық полиция департаменті қайда қарап отыр? Жергілікті полиция қызметі, потрульдер ештеңені естімейтін, көрмейтін болған ба? Не болып жатқанын байқамай ма, тойдағы музыканы естімей ме? — деген Бердібек Машбекұлы үйіне 200-300 адамды жинап алып, ауласында тығылып той жасайтындардың да қатары көбейгенін айтты. Оны да полиция қызметкерлері байқамайтын болып тұр ғой.

Облыс әкімінің айтуынша, полиция қызметкерлері мен мониторингтік топтарды да «крышавать» ететін жауапты қызметте отырғандар мен мемлекеттік қызметкерлер көрінеді. Негізінен той өткізетін де солардың ағайын-туысы екен.

Қазіргідей індет өршіп тұрған кезде сақтық шаралары аса қажет. Ал вирустың таралуын тежеу әрі шектеу шараларын жеңілдетудің жолы – жаппай вакцинациялау.  Облыс бойынша 18 жастан жоғары 582 000 адам коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялаудан өтуі керек деп жоспарланған болса, бүгінде олардың 283 005, яғни 48,3 пайызы  екпе салғызған. Десе де жоғарыда аталған аудандар мен Тараз қаласында екпе салу жұмыстары сылбыр жүруде. Бердібек Машбекұлы әкімдерге халыққа ақпараттарды дұрыс жеткізіп, осы бағыттағы жұмысты ширатуды тапсырды. «Осы кезге дейін әкімдерге тиіспей, орынбасарларына айтып, солардан жауап сұрап келдік. Енді олай болмайды. Әкімдердің де жауапкершілігін қарайтын уақыт келді. Шу, Жамбыл, Байзақ аудандарында осы жұмыстар өте нашар жүргізілуде. Біріншіден, науқастардың саны өсіп жатыр. Екіншіден екпеден өткендер қатары аз», — деді Бердібек Сапарбаев.

Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Әскерұлы тағы бір шешімін күткен мәселеге қолдау білдіруді сұрады. «Covid-19 коронавирустық инфекциясы бар науқастарды амбулаториялық деңгейде бақылау және емдеу үшін автокөлікке қосымша қажеттілік туындап отыр. Облыс бойынша 214 мобильді бригада жұмыс істеп тұр. Енді  68 автокөлік  қажет, — деді басқарма басшысы. Бұл ұсынысты қолдаған облыс әкімі автокөлікпен қамтамасыз етуді тапсырды.

Штаб отырысына Тараз қаласы мен аудан әкімдері де тікелей байланысқа қосылып эпидемиологиялық жағдай мен осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев той өткізуге тосқауыл қоюдың тағы бір тәсілін жүзеге асырмақ ниетте екен. Енді мейрамхана алдын потрульдік полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның сарбаздары күзетпек. Ол үшін Оңтүстік өңірлік қолбасшылығына арнайы хат та жолдапты. Енді қолдау болса, осы іс жүзеге асса бәлкім, той тойлайтындар қатары азаяр, кім білсін.

Сонымен қатар облыс әкімі жұмысты күшейтіп, дизенфекция жұмыстарын да қолға алуды тапсырды. Жиын соңында тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы әлі де халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуді міндеттеді. Сондай-ақ облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділдә Шыналиевке карантиндік талаптарды күшейтіп, шектеу шараларын енгізу тіралы жаңа қаулы шығаруды тапсырды.

Камила Борашова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support