- Advertisement -

Тоқтаған құрылыстар қайта қарқын алды

107

- Advertisement -

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бірқатар құрылыс нысандарын аралап, олардың жұмысымен танысты.

Алдымен Шекара қызметіне тиесілі жаңа нысанды аралады. Мердігер сәуір айында басталған құрылыс жұмысын жыл соңына тапсыруды жоспарлауда.

Бұдан кейін облыс әкімі «Таразға тарту» жобасы аясында Тұңғыш Президент саябағында орналасқан жасанды көлшіктің суын тазартып, эскизді жобаға сай ретке келтіру және айналасын абаттандыру жұмысының барысын көрді. Ондағы құрылыс жұмысының барысымен Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев таныстырды.

«Осында бұлақ бар деп еді, сол бұлақтың көзін ашуға бола ма?» деп сұрады облыс әкімі. Қала әкімі «Жасыл Ел-Тараз» мекемесімен бірлесіп бұлақ көзін зерттеп жатқанын жеткізді.

«АдияГрупп» ЖШС директорының кеңесшісі Данияр Жетпісбаевтың айтуынша, суды бұрғылау арқылы 30 метр тереңдіктен шығарыпты. Жасанды көлшіктің табаны мен жағалауына тас төселіп, су жіберіліпті. Ал жағажайына шым төсемек. Бұл нысанды мердігер 15 тамызда пайдалануға беруді жоспарлауда.

– Бұл жағажайды жасаудағы мақсат – жағасындағы көгалға адамдар келіп демалып отыратындай болуы керек. Мүмкін болса суға балық жіберу жағын да қарастырған жөн. Егер бұлақ көзі ашылып жатса, онда мұндағы су айналымы жақсарады. Олай болса форель балығын өсіруге де мүмкіндік туар еді. Жағасын көгалдандырып, сәндік ағаштар отырғызу керектігін ұмытпаған жөн, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ аймақ басшысы сол арадағы Шу мен Қордай аудандарының «Таразға тарту» жобасы аясында абаттандырылып жатқан ашық аспан астындағы сахнаны көріп, оның жобасына аздаған өзгерістер енгізді.

Бұдан кейін құрылысы біраз күннен бері тоқтап тұрған Оқушылар сарайына соқты. Бұл жерге облыс әкімі бір апта бұрын да келіп кеткен болатын. Сол кезде Бердібек Машбекұлы мердігердің құрылысқа қажетті материалы жоқтығынан құрылысы тоқтап тұрғанын көріп, көмек беретінін айтқан еді. «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС учаске бастығы Батырбек Тұрсынбеков «Бүгін 25 плита әкелінді. Ертең 36 плита жеткізіледі. Бұл құрылыс жұмысын қайта бастауға мүмкіндік беріп тұр. Негізгі жұмыстың барлығы осы плитаға қарап тұрған еді. Қажетті материалды жылдамырақ алуға көмек көрсетіп, құрылысқа қайта жан бітірдіңіз. Енді біз құрылыс жұмысын жалғастырып, оны сапалы аяқтауға күш салатын боламыз», – деді. Жалпы бұл нысанды аяқтау үшін 200 плита 20 тоннадай арматура қажет екен. Б ұ л материалдардан енді кедергі болмайды дейді мердігер өкілі.

– Уақыт өтіп бара жатыр. Ал сендер болсаңдар құрылысты материал жоқ деп тоқтатып қойдыңдар. Енді қажетті плиталар жеткізілуде. Ертеңнен кешіктірмей құрылыс жұмысын қайта бастаңдар, – дей келе Бердібек Машбекұлы құрылыстың сапасын бақылауды тапсырыс беруші мен облыс әкімдігінің білім басқармасына жүктеді.

Марат Құлибаев,

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support