- Advertisement -

Елорда күні жаңа автобустар ел игілігіне берілді

111

- Advertisement -

Сыйымдылығы кең, заманауи жаңа автобустарды тараздықтар көптен күткен еді. Бұл тариф көтерілгелі бері тұрғындар тарапынан айтылып келе жатқан басты мәселенің бірі. Өкініштісі сол жергілікті жолаушы тасымалдайтын компаниялар бұл бағытта белсенділік танытып отырған жоқ. Есесіне енді қалада алматылық компанияның су жаңа автобустары қатынайтын болды. Елорда күні осындай 12 автобус халық игілігіне берілді. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті жүзге жеткізу жоспарланып отыр.

«Не пайда дүниенің кеңдігінен, ақта аяқкиім тар болса егер?» деген ел аузындағы осы сөз күні бүгінге дейін өз мағынасын да, құндылығын да, маңызын да жойған емес. Бірінің үстіне бірі шығып, тынысы тарылып бара жатқан қаладағы тар қоғамдық көліктердегі жолаушыларды күнделікті көрген сайын осы сөз еріксіз еске оралады. Оның үстіне Тараздағы тариф те аспандап кетті. Ал сапа сол күйінде, қайта құлдиламаса, көтерілген емес. Осы ретте Елорда күні сыйымдылығы кең жаңа автобустар пайдалануға берілді. Игі шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған атқамінерлер қатысты. Өз кезегінде өңір басшысы жолаушылар тасымалдайтын компаниялардың жұмысын сынға алып, оларға жұмысты жүйелеуді тапсырды.

– Қала тұрғындарының ең негізгі талабы, ол қоғамдық көлік. Жүргізушілердің мәдениеті де маңызды. Қоғамдық көліктегі тазалық пен мәселенің ең бастысы қаладағы автобустардың кішкентай болуы. Халыққа ыңғайсыз. Таңертең, түсте, кешке адамдар симайды. Сондықтан биыл кем дегенде жүз кең, сапалы көлік жүргіземіз деп халыққа уәде бергенбіз. Қазақстандағы ең төменгі тариф Таразда деген едік. Оны да өтініштеріңіз бойынша көтердік. Қазір Тараздағы тариф Қазақстандағы ең жоғарғы тарифтің бірі, 85 теңге. Енді соған сай сіздер де өз уәделеріңізде тұруларыңыз керек. Былтырдан бері жаңа автобус алу керек деп айтып келе жатырмыз. Оның үстіне сіздердің табыстарыңызды көбейту үшін электронды билет жасаттық. Қазір тұрғындардың 98 пайызы тұлпар картамен қатынайды. Нәтижесінде табыстарыңыз елу пайызға көбейді. Ал енді уәделеріңіз қайда? Біздегі жолаушылар тасымалдайтын бірде бір компания ол уәдесін орындаған жоқ. Сондықтан алматылық компаниямен келісіп, бірінші осы 12 автобусты алып келдік. Қаладағы ең үлкен 22-ші маршрут бойынша жұмыс күнінен бастап жүретін болады. Сондықтан қыркүйекке дейін жаңа автобустар алуға уақыт береміз. Сағаттап аялдамада тұрады халық. Халықтың айтып жатқан мәселесі өте орынды. Егер сол уақыт аралығында уәдені орындамасаңыздар, онда ренжімеңіздер. Бізде бары 450 автобус. Соның 300-ін жаңалап алсақ та жетіп жатыр. Сол кезде халықтың тарапынан да наразылық болмайды, сіздердің табыстарыңыз да артады. Барлығы сіздердің өздеріңізге байланысты. Облыс орталығында кішкентай пазиктер жүреді. Қай облыстың орталығында пазиктер жүргенін көрдіңіздер? Таразды туризмнің орталығы жасаймыз дейміз. Қалай жүреді туристер кішкентай пазиктермен? Сондықтан осылай келісейік. Одан кейін автобусты тоқтатамыз деп қорқытпаңыздар. Олай болмайды. Кезінде осы жауапкершілікті мойындарыңызға алдыңыздар. Материалдық-техникалық базасыз жандандырамыз деп уәде бергенсіздер. Сондықтан сапаға жұмыс жасаңыздар. Ылғи ақша сұрай бересіздер. Әуелі жұмысты жүйелеп, нәтижесін көрсетіңіздер. Нәтижесі болмаса субсидия да болмайды. Сіздер болмасаңыздар барлығы тоқтап қалады деп ойламаңыздар. Автобус алып келеміз, жұмысты жүргіземіз дейтіндер жетіп жатыр. Сондықтан өз мүмкіндіктеріңізді оң жағынан көрсетіңіздер. Бізге де өзіміздің жергілікті компаниялардың жұмыс жасағаны керек,- деп Бердібек Машбекұлы тиісті басқармаларға нақты тапсырма берді.

Ал жаңа автобустардың сапасында мін жоқ. Толығымен заманауи құрылғылармен автоматтандырылған. Тіпті мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы пандус те орнатылыпты.

– Автобустың ішінде жазда салқындатқыш, қыста жылыту жүйелері жұмыс жасайды. Оған әр автобуста 7 бейнебақылау камерадан орнатылған. Олардың 4-еуі сыртта, қалған 3 камера салонның ішінде. Бұ өз кезегінде жолаушылардың жеке мүліктерінің ұрлығын болдырмау үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де пандус орнатылған. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы орын да қарастырылған. Ұзындығы 12 метрлік кең автобуста 28 орындық, 1 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орын, жалпы тұрып тұрғандармен қосқанда 90 адамға дейін сыйымдылығы бар. алдағы уақытта халықтың сұранысы бойынша тағы да осындай жаңа автобустарды алып келеміз,-дейді алматылық «CITY-BUS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Нұрлан Елшібаев.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support