- Advertisement -

Бірлігі бекем ел озар

80

- Advertisement -

Тараз қаласындағы «Достық» үйінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы өтті. «Тәуелсіздікке – 30 жыл: бейбітшілік пен тұрақтылық кепілі» тақырыбындағы жиынға аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев қатысып, жүргізіп отырды. Өңірдегі Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары мен діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, өзге де ведомстволардың өкілдері жиналған алқалы басқосу этносаралық келісім мен қоғамдағы бірлікті нығайту мақсатында ұйымдастырылды.

Сессияда облыс әкімі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы маңызды рөлін атап өтті. «Түрлі ұлттардың басын бір шаңырақтың астына ұйыстырған бұл ұйымның атқарған жұмыстары көп. Әсіресе, достықтың, татулықтың тұғырын нықтауда ілкімді істердің ретін тапты. Былтыр басталған пандемиялық ахуал кезіндеде Ассамблея ұжымы қайырымдылық шараларының бел ортасынан табылып, денсаулық сақтау мекемелеріне, жекелеген мұқтаж отбасыларға қыруар көмек көрсетті», – деп атап өтті ол.

Бердібек Машбекұлының сөзіне қарағанда, Ассамблеяның жыл басынан бері атқарған жұмыстары да көңілге қонады. Президент тапсырмасына сәйкес, ұлтаралық бірлікті ұштауда, Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруда, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына орасан зор үлес қосты.

Жиында ұйымның ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімінің бас сарапшысы Альбина Тапаева жастар арасында ұлттық құндылықты насихаттаудың маңыздылығын айтса, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бигелді Тәжібаев аудандардағы кеңестің атқарған шаруаларына тоқталды. Олар биылдыққа 500-ден астам іс-шара ұйымдастырып, өзекті мәселелерді қаузаған. Ал «Өзбек ұлттық-мәдени орталығының мүшесі, полиция қызметкері Диляфруз Кинжеханова кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуда отбасы рөлінің жоғары екенін баяндады. Жуалылық меценат Тейгран Аллахвердиев Тәуелсіз мемлекетіміздің жетістіктерін, оған замандастарының қосқан үлестерін әңгімеледі. «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшесі Риналь Рахматуллин кейінгі буынның күш-жігерін ел игілігіне тиімді пайдалану қажеттігін алға тартса, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметін атқарған Юрий Минаков ұйымның былтырдан бергі жұмыстарын мәлімдеді.

Шара барысында Ассамблеяның тыныс-тіршілігі туралы бейнеролик көрсетіліп, Латиф Айдаров ұйым төрағасының қоғамдық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып сайланды. Сонымен қатар Ассамблея жұмысының ілгерілеуіне үлес қосқан бір топ азамат арнайы дипломдармен марапатталды.

«Aq jol» — Аqparat».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support