- Advertisement -

БАҚ-қа бағыт керек

246

- Advertisement -

Нарықтық қатынастармен бірге жандана түскен терминнің бірі – оңтайландыру. Бүгінде оңтайландырудан шет қалмаған сала жоқ деуге де болатындай. Соңғы жылдарда бұл үрдіс БАҚ-қа да келіп жетті. Қазір облыстағы бірқатар аудандық газеттердің барлығы дерлік жекеге сатылып жатыр. Тараз қалалық әкімдігінің ресми газеті де 100 пайыз жекеменшікке берілді. Енді облыстық телеарна, жүз жылдық тарихы бар облыстық басылымдар да алдағы уақытта жекеменшікке сату жоспарланған. Бұл қаншалықты дұрыс?! Осыдан кейін қазіргі БАҚ-тың беталысы, болашағы қалай болады деген сұрақтар туындайды. Бәлкім, бұл дұрыс үрдіс шығар. Біз саралап көрмеген тиімді тұстары қандай? Жекеменшікке өткен журналистиканың жұмысы енді қалай өрбуі тиіс? Біз оған дайынбыз ба?

«Болашақта журналист мамандығының қажеті болмайды» деген әңгімелер де айтылып қалып жүр. БАҚ құралдарының құзырын толықтай жекеменшікке беру оң шешім бе? Оңтайландырамыз деп ұтылмаймыз ба? БАҚ-ты жекешелендіріп алуға қазақстандық нарық дайын ба? Бұдан кейін біздің қоғам БАҚ-ты идеология құралдары ретінде ұстап қала ала ма? 28 маусым – Бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің күніне орай «Aq jol» газетінің ОНЛАЙН пікір алаңында елімізге белгілі қаламгерлер осындай көкейкесті сауалдар төңірегінде ой өрбітті. «БАҚ-ты оңтайландырғанда бағасы арта ма?» деген өзекті сауалға қатысты түйткілдерді ортаға салып, бұл үдерісті дұрыс бағытқа бағыттай алса, тиімділі болатын тұстарын қаузады.

«Жамбыл – оңтайландырудың сынақ алаңына айналып тұр»

Нұртөре Жүсіп, Парламент Сенатының депутаты:

–  БАҚ құралдарын оңтайландыру деген мәселе біраздан бері көтеріліп жүр. Менің білуімше, Жамбыл облысында Шу ауданында, тағы да басқа жерлерде газеттер жекеменшік иелерінің қолдарына өткен. Ал енді Тараз қаласындағы шаһардың ресми басылымы да осы үдерістен тыс қалмаса, онда бұл өңір осы тәжірибенің сынақ алаңына айгалып тұрған секілді. Өйткені, Қазақстанның өзге аймақтарында дәл осы процестер жүріп жатқан жоқ. Қателеспесем, кезінде Харченко деген азамат бастап, Қостанай облыстық газетін жекеменшікке алған және олар газет тарату жүйесін құрып, қазірге де дейін жақсы жұмыс жүргізіп отыр.

Жекеменшікке өткен басылымның журналистерінің жұмыс жүйесі қалай жүреді дегенге келсек, басы ашық нәрсе – қандай меншік түріне өткеніне қарамастан, қазақстандық БАҚ-тың жұмысы мемлекетшілдікке, елдікке, қазақ халқына тікелей қызмет етуге бағытталуы тиіс. Бірақ, жекеге өткеннен кейін, әрине, корпоративтік мүдде деген болады. Ол жерде жеке қожайындардың мүддесі қозғалып отырады. Республикалық деңгейде мұндай мәселе жоқ, аса көп байқалмайды. Ал аймақтарда қайшылықтар туындауы мүмкін. Мысалы, құрылтайшының өз мүддесі алға шығып кететін жайттар да кездеспейді деп айта алмаймын. Жергілікті жердегі мемлекеттік сатып алу ісіне қатысы бар, өзге де бизнес өкілдері де сөзін өтімді еткісі келуі де – мүмкін болатын жағдайлардың бірі. Бірақ, жекеге өткен басылымның бәрі ешкімнің сойылына айналмауы тиіс. Журналист мамандығының келешегі де осындай мәселелерге байланысты.

Егер келешекте біз осы нарық жағдайында жұмыс істеуге бейімделіп, меншік иесі өзгерген газеттердің қаржылық жағдайы жақсарып жатса, онда оңтайландыру ісін құптарлықтай дер едім. Ал бәлен жылдық тарихы бар басылымдар жекенің қолына өткеннен кейін бір-екі жылдан соң қаржыландыру тоқтап, жабылып қалатындай күн туса, оқырман алдында беделі бар газеттердің, ондағы еңбек етіп жатқан журналистердің тағдыры не болады деген проблеманың төбесі де қылтиып тұрғанын жасырмаймыз.

Жалпы қазір журналист мамандығының келешегі, оның болашағы бар ма, жоқ па деген сұрақ өзекті бола түскенін айтуымыз керек. Бүгінде блогерлердің пайда болуына, интернет кеңістігінің ашықтығына байланысты дәстүрлі журналистерден айырылып қалатын сияқтымыз. Өйткені, қазіргі кезде бәрі ақпаратты жедел, жылдам таратуға басымдық беріліп отыр. Уақыттың талабы да – осы. Ал бірақ, менің жеке пікірім – журналист деген мамандық өте қадірлі, құрметті мамандық. Біз бес жыл осы кәсіптің қыр-сырын меңгердік. Сондықтан да журналисттің мәртебесін көтеру – оқу, оқыту, кәсібилігін арттыру дер едім. Көп нәрсенің шешімі өзіміздің қолымызда, өз белсенділігімізге қатысты деп ойлаймын.

«Бұл нарықтың қатаң заңдылығынан туындаған мәселе»

Дархан Мыңбай, Мәжіліс депутаты, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы Ақпарат және қоғамдық даму саласындағы қоғамдық кеңестің төрағасы:

– Ғаламдық нарықты болжады ма, жоқ па, қайдам, Шәкәрім бабамыздың: «Құбылған әлем жарысы, Ақылды жанның табысы» деп жазғаны бар. Бұл – ойшыл, ғұлама ақын айтқан тағы бір анық. Қазір мемлекеттер арасында, барлық салада бәсеке жүріп жатыр. Әсіресе, адамның көзқарасын қалыптастырып, ой-өрісін билеу үшін қызу күрестің түрлі тәсілдері мен сан түрлі құралдары қолданылуда. Соның пәрменді түрі – бұқаралық ақпарат құралдары. Оны дамыған елдер білдіртпей алатын күшке («Мягкие силы» жатқызады. Бұл күшті пайдалануға қаржыны аямай жұмсайды. Өткені түптеп келгенде геосаяси  жағдайға ықпал ету үшін экономикадан өзге тұрақты даму тетіктерін іске қосады. Сондықтан БАҚ саласы да бәсекелестікке, капиталистік ережелерге мойынсұнады. Осы тұрғыдан алғанда, газеттердің жеке меншікке беру – нарықтың қатаң заңдылығынан туындаған мәселе. Бірақ, түпкі түйткіл оның кімге берілетіндігінде.

Бұлай дейтінім, мысалы, басылымдарды жекеменшікке беруде, бастапқы кезде көрсеқызарлықпен алғысы келетіндер болады. Олар газетті өсірмейді, өшіреді. Ал өсіруді ойлайтындар болса, басылымға қызметке нағыз таланттарды алу керек. Нағыз мықтыларды топтастыру қажет. Газетті оқылымды ететін негізінен солар. Журналистерге шығармашылық бостандық беру қажет.

Жалпы шығармашылық еркіндік дегенге байланысты айта кететін бір ой – сөз бостандығы деген өте көп айталатын ұғым ғой. Көп қырлы сан қырлы пікірлер бар. Оның өзі тек БАҚ-қа қатысты емес, адамгершілік, ар-ождан қадір-қасиет нормаларын сақтамайынша, біз оған жол аша алмаймыз. Бұл жерде мораль мәселелері алға шығады. Ол баршаға ортақ болуы керек. Егер әр топқа әртүрлі мораль дейтін болсақ, онда қоғам бірікпейді. Яғни, мұндай бағытты ұстанған газетті оқырман оқымайды. Сондықтан да, газетті сатып алатын құрылтайшылар, қалталы азаматтар осы жағына көп көңіл бөлуі тиіс.

Қазіргі заманда әлемде медиабизнес деген ұғым пайда болды. «Washington Post» газеті 1877 жылы құрылған екен. Бастапқыда 10 мың таралыммен таралған газет қазір 600 мыңға жетті. 1 маусымнан бастап, осы үлкен басылымды бірінші рет 55 жастағы әйел Салли Базли басқара бастады. Айтпағым, бұл әлемдегі медианы бизнеске айналдырған бірден-бір басылым. Ә дегенде осы басылымды бөліп-бөліп сатып алғандар болған екен. Кейін оны бизнестің көзіне айналдарғаны соншалық құрылтайшылары басқа елдерде шығатын газеттердің акциясын сатып ала бастаған.

Журналистің кәсібилігі дегеннен шығады, жазушылардың ішінде Нобель сыйлығын алуға үміт еткендері бар ғой, сол секілді журналистер арасында әлемдік деңгейдегі Пулитцер сыйлығы бар. Біз қазақ журналистерін соны алатындай деңгейге жетуге ынталандыруымыз керек. Бұл жаңа сапаға көшуге жол ашады. Ал оған көшу – киіз үйді көшіру емес қой. Ол үшін экономикалық тұрғыдан жекеге көшу қажет. Рас, бастапқы кезде оның ауыртпалықтары болады. Бірақ, осы жол – түптің-түбінде біз түсетін даңғыл.

Қазір облыстық басылымдар тәуелсіз газеттермен бәсекеге түсе алмай тұрғаны шындық. Баспасөз бетінің біраз парақтарын ресми жаңалықтар алатыны да, рас. Бірақ жаңа қозғаған Washington Post газеті биліктен мүлдем тысқары қалып отырған жоқ. Ақүйдің саясатынан алыс деп айта алмаймыз. Ондағы жаңалықтарды да қалт жібермейді. Сол үшін оны жұрт іздеп жүріп оқиды. Басты мәселе – мемлекеттің саясатын қолдау және оны халыққа жеткізудің жолын білуде. Біз де осындай кеңістікке шығуымыз керек. Қалыптасып қалған шектеулерді кесіп өтуіміз қажет.

Бұған дейін елдегі медиакеңістікте жағдай қалай еді? Мысалы аудандық газеттерге облыстың проблемаларын көтеруіне болмайтын. Өңірлік басылымдар өз кезегінде республика деңгейіндегі мәселелерді көтере алмай келді. Енді міне, осы ақпараттық кеңістікті ашып тастадық. Содан кейін мемлекеттегі жаңалықтарды ғана емес, бүкіл құрлықтағы болып жатқан оқиғаларды жазып, дер кезінде біліп отыратын жағдайға жеттік. Мұның барлығы – журналистердің еңбегі. Осыдан келіп БАҚ-тың қоғамдағы рөлі ғана емес, журналистердің әлеуметтік беделі арта бастайды. Барлық саланың өз бағыты бойынша тигізетін септігі  бар. Ал БАҚ-тың қызметі бүкіл қоғам үшін пайдалы. Осы жағынан алғанда басылымдарды жекеменшікке беруден қорқатын түгі жоқ. Мәселе – газеттерді меншігіне алатындардың мықты журналистерді топтастыра алуында.

Жазылымды арттыру – жақсы газет шығару деген сөздің жаны бар. Ойлы, терең газет шығару басты проблема. Мысалы оқырманға биліктің нендей шешім қабылдап, қандай қадамдарға барып жатқаны да қызықты. Мәселе – соны қалай беруде. Қатып қалған қағидатты бұзып, биліктің жаңалықтарына бірінші беттен орын бере бермей, оқырманды қызықтырудың жолын табу керек.

«Идеологияның негізі – БАҚ-ты жеке қолға беруде өте сергек қараған абзал»

 Жанарбек ӘШІМЖАН, Мәжіліс депутаты, ақын:

– Ең әуелі барша әріптестерімді, әр салада еңбек етіп жүрген журналистер қауымын кәсіби мерекелерімен айрықша көңілмен құттықтаймын! Заманында «Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ» деп күндей күркіреген даңқты Шерхан Мұртаза атамыздың сөзі әлі күнге өзінің маңызын жойған жоқ. Сонау Тәуелсіздіктің елең-алаң шағынан күні бүгінге дейін ақпарат кеңістігінің басынан алағай да бұлағай дәуірлер өтті. Бірақ қай кезеңде болмасын менің әріптестерім қақаған қаңтарда табанынан сыз, шіліңгір шілдеде маңдайынан күн өтіп, күндіз-түні сапарларда жүріп, қоғамдық-саяси, әлеуметтік, мәдени өміріміздің алдыңғы майданында ақ-адал еңбек етіп келе жатқан идеологиялық кеңістіктің жанкешті жауынгерлері! Түрлі әлеуметтік топтардың жай-күйі, әр салада болып жатқан өрлі-қилы мәселелер жайлы ашық ақпарат таратып жүрген журналистің өзінің жеке әлеуметтік өміріне көп үңіле бермейміз… Эфирде еңселі, әуе толқынында дауысы саңқылдап, газет бетінде тегі тасқа басылып, елге жетіп жатқанымен ақпарат майданында жүрген журналистердің де бір басына жететін мұңы аз емес. Оның үстіне өмірімізге жаңа медиа кірді. Журналистикаға андағайлап, анталап әр қиырдан қосылып жатқан «кірмелер» де аз емес. Осының барлығы бәсекелестіктің, ақпарат нарығының, жалпы журналистикаға қойылатын талап-тілектердің сәт сайын, күн сайын өзгеріп тұрғанының айқын дәлелі. Алайда «әсіреқызыл тез оңар» дейді, осы күндерде желіні сыздап тұрған әлеуемттік желінің де ыстық-суығы басылады. Қоғамдық-саяси өмірдің қалыптылығы, ұлттық мұраттар, Тәуелсіздік секілді қасиетті ұғымдардың өміршеңдігі үшін күресетін – кешеден бүгінге қалыбы мен әдібі бұзылмай жеткен дәстүрлі журналистика.  Сондықтан, қалай десек те, дәстүрлі журналистиканың жалауы еш уақытта жығылмауға тиіс. Және «болашақта журналистика мамандығы жойылады» деген – қып-қызыл сандырақ!

… Естіп, біліп жатырмыз, осы күндері өңірлердегі басылымдар, әсіресе аудандық газеттер жеке құрылтайшылыққа өтуде. Әрине, нарықтың талабы, заманның ағымы, өзін-өзі қаржыландыру деген ұғымдар бар. Бірақ идеологияның негізгі үгіт-насихаты болып табылатын ақпарат құралдарын жеке қолға беруде өте сергек қараған абзал. Менің жеке пікірім – ірі қалалық, облыстық басылымдар тікелей мемлекеттік органның, нақты айтқанда өңірлік атқарушы биліктің құрылтайшылығында болу керек. Ол ақпарат құралы ертең қандай қолға өтеді? Басылымдарға иелік етуші тұлғаның артында түрлі саяси топтар тұрмай ма деген күдік те қылаң береді. «Ұлтымыздың Тәуелсіздігіне, мемлекеттік саясаттың беталысына, ақпараттық қауіпсіздікке кері әсерін тигізбей ме?» деген сауал сөзсіз туындайды. Оңтүстіктегі қатары қалың өзбек ағайындарды құрап отырған Сайрам ауданы, Алматы облысындағы көлденең күштер ши жүгірткісі келіп тұратын Ұйғыр ауданы секілді факторлар түн баласы ұйықтатпайды… Бұл, әсіресе, солтүстік облыстарға да тікелей қатысы бар. Сондықтан ақпарат құралдарын толықтай жеке қолдарға сату үрдісі өте қауіпті құбылыс! Әрине, бәрі заңмен реттеледі, нарықтық кезеңнің талап-тілектері десек те, оңы мен солы мидай араласқан бүгінгі ақпараттық нарыққа деген қоғамдағы қарым-қатынастар өзгеріп, сәт сайын құбылып тұр…

«Етек-жеңімізді жауып, ауымыз бен бауымызды түгендеп, ішкі-сыртқы байланыстардағы кейбір түйткілдер толық өз арнасына түсіп, көшіміз бір қалыпқа келгенде ғана ақпараттық еркін нарыққа шығуға бола ма?» үміт пен күдіктің ой-санамда қатар алмасып жатқанын жасыра алмаймын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат!» дегенді неге айтты?!.

Түйін: Тұщымды ой, сан алуан пікір бір ортаға тоғысқанда да көкейде тұрған бір мәселе. Идеологияның негізі – БАҚ-тың болашағы. Көп түйткілдің бірі – қазақ журналистикасының болашағы. Қаламын қару еткен қаламгерлердің ақпараттық кеңістіктегі өрісі, шығармашылық еркіндігі!

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support