- Advertisement -

Тұмар (әңгіме)

55

- Advertisement -

Қақпадан кірген бетте алдарынан төсінде тұмардай ағы бар қара мәшке ит үріп қарсы алды.

– Тұмар, бізді танымай қалдың ба? – деп анасы даусын шығаруы мұң, ит құйрығын бұлғаңдатып, танымай қалғанына кешірім сұрағандай жер бауырлап, аяғына орала кетті.

Сана «қауып алар ма екен» деп апасының етегіне тығылды.

– Қорықпа, қаппайды, – деді анасы қызын алдына сүйреп шығарып.

Сонда да итке сеніңкіремей, жүрексініп тұр. Былтыр мектепке бара жатқанында көршінің осындай иті соңынан ұрланып келіп, аяғын оңдырмай тістеп алып еді. Әкесі көріп қалып арашалап алмағанда, кім білсін не боларын? Содан кейін бірнеше күн мектепке бара алмай, үйде жатып қалған. Иттің тісі батқан балтыры бірнеше күн бойы сыздап ауырып, аяғын бастырмай қойған. «Ит қапқанға қырық укол салады» дегенді естігенде, ауруханаға барудан азарда-безер бас тартып, әжесінің еміне жүгінген. Содан бері ит көрсе сырт айналатын. Қазір де ит иттігін жасайды ма деп сақтанып тұрған еді.

«Мынау кім болды екен?» дегендей ит те сары өңді, бүйрек бет, қой көзді, мұрны пұшық қыздың сидиған аяғын тұмсығымен иіскегені сол, ол болса «шар» етіп, орнынан атырылып, көзі тостағандай болып, шешесінің артына тығылды.

– Қорықпа, дедім ғой саған, – деді анасы тағы да жанұшыра жабысқан қызының қолын сілкіп.

«Шыбын тимей шыңқ етер ғой мынау» дегендей болды Тұмар одан аулақ кетіп. Сөйтті де үйден шыққан егесіне құйрығын бұлғаңдата ұмтылды. «Әпкең келді» деп жағымпазданып, сүйінші сұрап жатқандай. Апалы-сіңлілі бауырлар бір-бірін сағынып қалған екен, құшақтасып, сүйісіп көрісті.

Сана өзімен түйдей құрдас Русланмен ойнап кетті. Аналары болса есік алдындағы нар үстінде шай ішіп, әңгімелесіп отыр.

Тұмардың үш күшігі бар екен. Біреуі дәл өзіне тартқан. Төсіндегі тұмардай ағына шейін құйып қойған енесі дерсің. Бойы быртық, аяқтары бір тұтам. Көзінің үстінде көздей қалы бар. Төрт көз. Жанары мөлдір. Әрі тұнық.

Қарны тоқ күшіктер алаңсыз алысып ойнап жатыр. Алдында енесінен сескеніп тұрған Сананың да бойы күшіктерге үйренейін деді. Жақындап, сылап-сипап ойнай бастады. Бір кезде ол тұмарлы күшікті қолына алып.

– Тұмар, Тұмаржан, – деп еркелете бастады.

«Мені шақырып тұр ма?» дегендей күшіктің енесі елең етіп, басын жерден көтеріп алды. Қонақ қыздың қуанышты жүзін көріп, қос аяғына басын қайта сүйеп, жылы орнына жата кетті.

Қыздың мейірімін сезген күшік те бетін жалап, онымен ойнап жатыр. Қытығы келген Сана одан бетін арлы-берлі алып қашқан болады.

– Апа, мына күшікті үйге алып кетейікші, – деді қызды-қыздымен анасына жүгіріп келіп. Қолында тұмарлы күшік ербең-ербең етіп тұр.

– Жарайды, – деді анасы сіңлісімен шүйіркелескен күйі.

Кетерде Руслан «Мен бермеймін күшігімді» деп аяқ асты бұлқан-талқан ашуланып, қыңырайып, күшіктерін тығып тастады. «Құлыным, ұят болады, бере қой енді. Менің балам алтын ғой бұл. Балмұздақ әперемін» деп анасы баласын əзер көндіріп, күшікті сөмкелеріне салып берді.

Енесі де сезіп тұрған сияқты, сөмкеге салынған күшік жанынан айналып  шықпайды. Қақпаға дейін салақтап ілескен Тұмар кекселік танытып, жәутеңдеп сол арада іштен тынып қала берді.

Сананың қуанышында шек жоқ. «Тұмар, Тұмар» деп күшіктің асты-үстіне түсіп бәйек.

– Неге Тұмар? – деді мамасы таңданып. – Басқа ат құрып қалды ма?

– Құдды шешесінен аумай қалған ғой өзі. Қарамайсыз ба? Ендеше, бұл екінші Тұмар болады, – деп мәз болды ол. Анасы «өзің біл» дегендей қызының ыңғайына жығыла салды.

Тұмардың бойы өсіп, әдемі күшік болып шыға келді. Санамен ойнаудан жалыққан емес. Əрдайым соңынан қалмай еріп жүреді. Ол сабағына кеткенде үй күзетеді. Бөтен біреу келе қалса, дарбазадан кіргізбей ырылдап, шабаланып үрумен болады. Жүзі таныс туыстары келіп жатса, еркелеп, аяғына оралып қарсы алады.

Бір күні Тұмар аяқ астынан ұшты-күйлі жоғалып кетті. Санада ес қалмады. Үй іші жабылып іздеді. Бір күн өтті, екі күн өтті. Күшік сол күйі жоқ. Не өлі, не тірі, не қолды болғанын біле алмай дал болды бәрі. Сана әжесіне құмалақ та аштырды. «Қалқам-ау, құмалақ табылады деп тұр, бір-екі күнде табылып қалады» деп жұбатады әжесі. Әйтеуір Сана үмітін үзбеді. «Мына қақаған қыстың сары аязында қатып, өліп қалмаса жарар еді», – деп уайымдады. Күшігін қатты сағынып жүр.

Тұмарды əкесі тауып әкелді. Үш күнде жүні үрпиіп, көзі шүңірейіп, жағы су алып, азып-тозып кетіпті. Сана оны көрген бойда құшақтай алды.

– Ұстама, үсті лас, ауырасың, – деп анасы қолын қақты.

Ол аузын бұртитып, ернін шүртитіп, өкпелеп қалды. Оның қас-қабағына қараған әкесі:

– Қызым, кішкене сүт әкеліп бер. Аш қой өзі, – деп басынан сипады. Сана жүгіріп барып сүт әкелді. Дірілдеп тұрған ит тостағандағы жылы сүтке бас қойды.

Әкесі оны ескі балабақшаның қараусыз қалған бетон су сіңіру қоймасынан тауып алыпты. «Онда өзі бара алмайды, біреудің әдейі апарып тастағаны анық» деп əжесіне айтып отырғанын естіп қалды. Сол оқиғадан кейін Тұмар екі үйден кейін тұратын 9-сыныптың атаманы Серікпен өштесіп алды. Алдында ол көшеден ары өтсе де, бері өтсе де күшікке тас қадап ұратын. Күшік те оған өш еді.

Биыл көктем кеш шықты. Мезгілсіз күркіреген күннің арты сырмаққа айналған. Күн көзі жадырап шықпағаннан көк те көтеріле алмай тырысып тұр. Ал бұл кезде Тұмардың денесі ысылып, балықтай болып біршама өсіп қалған.

Сана әдеттегідей анасына қолғабыс етіп, ауладағы ошақтың қасында жүрген. Қолы босаған ол Тұмарды алдына жатқызып алып, жонынан сипап, еркелетіп отыр еді. Ол болса, керіліп-созылып, маужырап жатқан. Бір кезде төңіректегі ит біткен дүрліге үре жөнелді. Тұмар да жын қуғандай егесінің тізесінен секіріп түсіп, арсылдап, көшеге қарай құйындата жөнелді. Соңында Сана Тұмар деп айқайлап қалды.

Серік екен, əкесінің «Жигулиін» мініп алып, дабылын үсті-үстіне басып, ит біткенді шуылдатып арлы-берлі зымырап жүрген. Өзге иттерге Тұмар да қосыла кетті.

Көлік рөлінде отырған Серік ұрымтал тұста алдынан шауып шыққан Тұмарды қаға-маға өтті. «Қаңқ» ете қалған ит машина соңында шаң қауып, домаланып қала берді.

– Тұмарым, – деп Сана бетін басты. Көшедегі шуды естіп үйдегілер де көшеге жүгіріп шыққан.

Сананың бетін жас жуып кетті.

Марат Құлибаев.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support