- Advertisement -

Қай өнердi алсақ та, оның бәрі бисіз болмайды

531

- Advertisement -

Әр адамның өзінің бойына ерекше біткен мінезі, қасиеті, таланты болады. Соның бірі – би өнері. Тал шыбықтай мың бұралып би билеу кез келген жанға бұйыра бермейді. «Өнер – ағып жатқан бұлақ, ғылым – жанып тұрған шырақ» деп халқымыз тегін айтпаған. Қазақтың  би өнері жайлы әңгіме аз емес. Тіпті кейде қазақта би болмаған деген пікірлер айтылып қалады. Бірақ өмірден көріп жүргеніміздей, қазақ халқы да би өнерінен шет қалмаған. Сахналарда, мерекелік жиындарда, той-томалақтарда мың бұралып қазақ биін билеп жүрген өнерлі жандарды көріп «Тәубе! Қазағымыздың да би өнерінде өз орны бар.  Шүкір!»  деп жүрегіміз жылып,  масаттанатынымыз бар. Менің ойыма сол сәтте қазіргі би саласында өз жолы бар, жеткен табысы бар, шыққан биігі бар биші-хореограф, жерлесіміз Байдәулет Сазабеков келеді. Байдәулет сияқты бар саналы өмірін би өнеріне берген азамат бізде некен-саяқ.

…Өткен жүзжылдықтың 70-ші жылдарының соңында Жамбылдың (қазіргі Тараздың) орталық стадионында үлкен мерекелік концерт болды. Оған Кеңес кеңістігіндегі белгілі жезтаңдай әншілер мен өнерлі бишілер қатысты. Бір кезде диктор: «Келесі тамашалайтындарыңыз жерлестеріңіз, биші Байдәулет Сазабековтің орындауында «Алтын бүркіт» биі» деп хабарлады. Сазды музыка мен әр қимылы үйлескен бишінің өнеріне тәнті болып, үлкен ризашылық сезіммен көпшілік ұзақ қол соқты. Кейінірек әлгі бишінің жерлесім – Сарысу өңіріндегі Маятас ауылының азаматы екенін біліп, таңғалыс білдіргенім рас. Содан кейін Байдәулеттің және оның ұйымдастырған «Айша бибі» би ансамблі өнерін сахналардан, теледидардан мезгіл-мезгіл тамашалап жүрдік.

Қазақтың би өнері талай ұлт қайраткерлерін ойландырып, толғандырған. Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Бiздiң қазақ халқы дарынды, өнерпаз халық, ән, күй деген мұрамызда шек жоқ. Ал бұл қазақ халқынан қалған биден мұра өте аз. Жаңа ұрпақ осы бидi қолға алғаны жөн. Менiң байқауымша, осы өнерге талпынып жүрген Шара сияқты жастар бар көрiнедi. Одан бiр нәрсе шығатын түрi бар. Ал қай өнердi алсақ та, опера болсын, музыка театры болсын, оның бәрi бисiз болмайды.

Қазақтың мидай даласы… Көкпарды көз алдыңызға елестетiп көрiңiз. Бәйгенi көрдiңiз бе? Жорғаның жүрiсiн көрдiң бе? Мiне, осының бәрi қимыл-қозғалыс. Аттың желiсi, жай жүрiсi, сылбыр жүрiсi, шабыс жүрiсi, осының бәрi би емес пе, би. Қазақтың күйiн тыңдап көрiңiз, қандай әуен иiрiмдерi, ырғақтар жатыр. Қол өнерi, ағаш үйдiң өзi, ою, кiлем тоқу, өрмек тоқу, ши орау, осының бәрi қимыл, осының бәрiн ойлап музыкасын тауып, күйiн тауып сәйкестiрсең би болып шығады», деген екен.

Біздің бүгінгі мақаламыздың кейіпкері – биші Байдәулет Сазабеков қазыналы қарт Қаратаудың күнгейіндегі Бәйдібек ауданының табиғаты көз тартар, шырайлы Ақбастау ауылында 1951 жылдың 9-шы мамырында қарапайым отбасында дүниеге келген. Балалық балдәурен күндерінен ақ өнерге жақын болып, мектепте ән айтып, би билеп өсті. 1960 жылы Сарысу ауданының К.Маркс атындағы шаруашылыққа (қазіргі Маятас аулына) қоныс аударып, мектептегі оқуын жалғастырды.  Өнерді де қатар жалғастырып, әпкесі Закира мен ұстаздары Ермек пен Дүмшебай би өнеріне баулыды. Ауданның мәдениет үйінің басшысы, көрнекті өнер қайрткері Әбдіжапар Әбдіхалықов жап-жас бүлдіршін Байдәулеттің бойында ерекше би өнерінің барын дер кезінде байқап, барынша қолдап, ауданның халық ансамбльдерінің тобына алды. Сөйтіп, Байдәулет би өнеріне терең мән беріп, аса іждаһаттықпен зейін қойып, сахналарда билей бастады.

– Бала кезімде бір түкпірде жатқан біздің ауылға анда-санда гастрольге өнер ұжымдары келіп, түннің жарымына дейін концерт қоятын. Олардың арасында міндетті түрде бір-екі биші болатын. Олар өзбек, үнді, орыс билерін нақышына келтіре билеп, елді риза еткізетін. Солардың өнеріне шексіз қызығып, «мен келешекте биші боламын» деп таза, кіршіксіз көңілмен қиялға беріліп, оймен келешегіме жоспар  жасап, арман қуып кететінмін. Мектеп бітіргеннен кейін хореографиялық училищеге түсіп, болашақта белгілі биші боламын деп қоятынмын ішімнен. Бірақ қазақи ауылда өскен, орыс тілін білмейтін  мен үшін ол қол жетпес арман-қиял болып қала берді, – дейді Байдәулет Сазабеков. Содан сәл кейін Забайкал (Сібір) әскери округінде әскери борышын өтеп жүріп, сол округтің  ән және би ансамблінің қатарына қосылып, жеке биші болып бірер жыл өнер көрсетті, жас жігіт сол кезден бастап өнер жолын таңдады. Әрине, ары қарай да осы өнер ұжымы қатарында жүре беруге болар еді. Бірақ туған жерге деген махаббат, атамекеннің тартылу күші мен Отанға деген сүйіспеншілік кіндік қаны тамған жерге, туған елге жетелей берді. Елге оралғасын 1973 жылы жолы болып, белгілі өнер қайраткерлері Шара Жандарбекова мен Гүлжиһан Ғалиеваның қолдауымен Алматы эстрадалық студияға қабылданады. Екі жыл бойы хореограф-бишілер Д.Абировтың, Г.С.Федорованың, С.Токусанова мен Л.В.Агалакованың шеберлік мектептерінен өтіп, би өнерінің қыры мен сырын меңгеріп, барынша оны ұғып, шыңдалды.

Дипломды бір топ жас өнер мамандарын жаңадан шаңырақ көтерген Торғай облысында хатшы болып еңбек етіп жүрген, ұлтжанды азамат Өзбекәлі Жәнібеков шақырып, «Шертер» өнер ансамблін 1975 жылы жасақтайды. Сол топтың құрамында жас биші Б.Сазабеков те болды. Сәті түсіп бір жолы Индияға гастрольға барғанында сол елдің көрнекті бишілері Падма Субраманям мен Рам Гопалдың көмегімен «Алтын бүркіт» биін қояды. Бұл ерекше әдемі де әсерлі бидің арқасында Байдәулеттің есімі елге танымал болды. Би өнерін терең меңгеру мақсатымен Өзбекстанға барып, «Бахор» ансамблінің жетекшісі Құндыз Меркариловадан, Өзбекстанның халық артисі атақты биші Роза Каримовадан дәріс алып, классикалық би өнерінің ерекше қасиеттерін меңгерді. Сөйтіп көрші әріптестерінен «Андижан биі», «Хорезм биі», «Бухара биі» және «Фергана биі» сынды билерді үйреніп оралды.  Содан кейін бірнеше рет республикалық би өнері конкурстарына қатысып,  жүлделі орындарға ие болды.

Байдәулет 1978 жылы туған топырағы – Тараз өңіріне оралып, атақты «Алатау» ансамблі құрамында 1988 жылға дейін хореограф-балетмейстер және биші болып өнер көрсетті. Көп уақыт өтпей, «Химпром» кәсіпорнының басшысы Александр Церуштің ұсынысымен және  қолдауымен 1985 жылы «Айша бибі» би ансамблін құрып, оның жетекшісі және хореографы болып Байдәулет Сазабековтің өзі тағайындалды. Уақытты тиімді пайдаланып, өзі киім-костюмнің жаңа модельдерін, бас киімдерді қолмен тігіп, көз тартар сәнді костюмдер дайындады. Үкі мен құс қанаттарын әртүрлі түске бояп, жылтыр моншақтарды маржандай тізіп биші қыздардың әшекей киімдері мен бас киімдерін түнімен отырып көз майын тауыса тіккен кездері аз болған жоқ. Қысқа мерзімде-ақ елге кең танылған «Айша бибі» би ансамблісіз үлкен сахналық  концерттер мен жоғары деңгейдегі жиын-кездесулер өтпейтін болды. Әрине, оның қасы-басында ыстығына күйіп, суығына тоңып, барынша тер төгіп маэстро Б.Сазабеков жүрді. Ансамбль Түркия, Испания, Израиль, Болгария, Чехословакия, Иран мемлекеттеріне гастрольдік сапарда болып, көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. Ол елдердің  дүкендері мен базарларын аралап, жаңа костюмдер алып келуді Б.Сазабеков үйреншікті әдетке айналдырды. Ансамбль гардеробында 300-ден астам әртүрлі би костюмі жиналды. Ерінбей еткен қызметі далаға кетпей өз жемісін берді. «Айша бибі» би ансамблі еліміздегі ең айтулы, өнерлі топтың біріне айналды, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты, дипломанты атанды. Мысалы, 2000 жылы республикалық «Шабыт» өнер байқауында «Айша бибі» ансамблі  басты жүлдеге ие болып, тұрақты жұмысқа Астанаға (қазіргі Нұр-Сұлтанға), Алматының «Гүлдер», «Салтанат» құрамына шақырылды. Әрине, бауыр басқан Таразды қиып тастап кету жеңіл болмады. Бірақ сол кездегі экономикалық қиындықтар аяқтан шалып, кең қадам бастырмады.

Ансамбль мүшелерінің шешімімен 2005 жылы «Айша бибі» бишілер тобы Астанаға қоныс аударып, «Қазақ әуендері» акционерлік ұжымының құрамына енді. Бишілер үш жылдық мерзімде пәтерлі болды, әлеуметтік жағдайлары түзелді. Хореограф-балетмейстер  Байдәулеттің ерен еңбегінің арқасында «Айша бибі» этнографиялық-фольклорлық би ансамблінің бағдарламаларына жаңа билер («Алтынай», «Айжан қыз», «Тарту», «Шашу», «Ерке сылқым», «Аққу» және т.с.) енгізіп,  көрермендерін қуантты. Үздіксіз ізденіс нәтижеге апаратын жол екенін ескерсек, Б.Сазабеков жетекшілік ететін бишілер тобы әркез биіктен көрініп жүр. Олардың гастрольдік сапарлар шеңбері кеңейіп, Ресей, Қытай,  Иран, Біріккен Араб Эмираты, Үнді және де басқа елдерде өнер көрсетті. Шеберліктері жетілген біраз бишілер басқа ұжымдарға ауысып, қазақтың ұлттық би өнерін жетілдіруге бұл күндері өз үлестерін қосып жүр. 1997 жылы Б.Сазабековке Қазақстан Респбуликасының «Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағы берілді.

Бір кездескенімізде қазіргі би және бишілер туралы сөз қозғалған-ды. Сонда ортамызда отырған Байдәулет: «Бiздiң би әлi кеңінен таныла қойған жоқ. Солай бола тұрса да қазақ биi ұлттық дәстүр, салтты танытатын ең бiр өнердiң тиiмдiсi. Ол халықтың табиғатында, болмыс, тiрлiгiнде әуелден бар. Қанымызға сiңiп қалған дүние. Сондықтан да болар би халықтың жүрек қалауы. Ол онымен бiрге жасап келедi. Әрине, тоқырау кезеңдерiнде мәдениеттiң басқа салалары сияқты ұлттық дәстүрлi би өнерi де қиындықты бастан кешкенi белгiлi.

Қазақ биiнiң түп төркiнiнде халықтың рухани таным түсiнiгiнiң жиынтық көрiнiсi жатқандай көрiнедi маған. Бiздiң ұлттық мәдениетiмiз оның iшiнде өзiмiз тiлге тиек етiп отырған би де елiмiздiң қоғамдық өмiрiнде орын алған өтпелi кезең кезiнде басқа өнер түрлерi тәрiздi бiраз қиындықтарды бастан кешiргенi рас. Бiрақ ол ертеден келе жатқан желiсiн үзiп алған жоқ, классикалық негiзiнен адасып, оны жоғалтқан жоқ. Өйткенi оның тамыры тереңде, халықтың санасында жатыр. «Қазақ биi кеңес дәуiрiнiң алғашқы жылдарында пайда болды», – деген жаңсақ пiкiрмен өз басым келiспеймiн. Сонда мыңдаған жылдық тарихы бар елде «би өнерi болмады» дегенге кiм сенедi. Әрине, кеңестiк дәуiрдiң кейбiр қоғамдық ағымының кесiрiнен қағажу көрiп, классикалық деңгейге көтерiле алмай қалды. Жаңа замандық әуеннiң көлеңкесiнде қалып қойды.

Қазақ билерi – көбiне-көп нақты белгiлi бiр тұрмыс-тiршiлiкке құрылады да халықтың бейне болмысының айнасына айналады. Ол елдiң сән-салтанатын, жастардың махаббатын, ерлiгiн, елдiгiн, қайғы-мұңын, әл-қуатын дәлме-дәл сан мыңдаған қимылмен, қозғалыспен баяндап тұратын болғандықтан бишi сахнада оны бар шеберлiгiмен, бар жан-тәнiмен жеткiзуге тырысатыны хақ. Хореографиялық бiлiм алған кәсiпқой бишi де бидi қойған кәсiпқой балетмейстер де жаңа дүниенiң сапасына бiрдей жауапты. Бишi «бидi әйтеуiр билеп шықсам болды» деп ойламай, бидiң көрiнiстiк әсерiнен гөрi оның iшкi айтайын деген табиғи сұлулығына көбiрек мән берiп, халықтың назарын соған аударуға ден қойса, онда ол бишiнiң биi көңiлден шықты деген сөз. Әр бидiң де адам сияқты өзiндiк ерекшелiгi, мiнез-құлқы бар екенiн бишi әсте естен шығармауы керек.

Би өнері ең алдымен адамды тәрбиелейді. Қазақ биі арқылы қазақтың дархан даласының тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жалпы мәдениетін жеткізуге болады. Сондықтан бишілік өнерді меңгерген жандар би қимылдарын меңгерумен қоса, ұлтымыздың өнерін бойға сіңіре алады.

Атадан балаға мұра болып, ғасырлар бойы сақталған қолда бар, бишілеріміз меңгерген билерді көздiң қарашығындай сақтап, талмай, қажымай тiрнектеп жинаған iнжу-маржан дүниелерiмізді қайта жаңғыртып, тәуелсiз елдiң игiлiгiне айналдыру бүгiнгi бишiлерге парыз әрi аманат. «Қазақ биiн классикалық деңгейге көтере алмадық» деп бiр кездерi өкiнгендерге ендi сол мақсатты жүзеге асырудың сәтi туды. Бiздi ендi ешкiм қолымыздан қақпайды. Әлемге қазақ биiн танытатын зор мүмкiндiктерге жол ашылды. Бұған дәлел АҚШ, Қытай, Жапония, Франция, Түркия елдерiнiң сахналарында өнер көрсетiп, ұлттық биiмiздiң айшықты өрнегiмен таңғалдырып жүрген таланттар. Шетелдiк көрермендер «мынау нағыз классикалық би ғой» деп тамсанғандарын бишiлерiмiз мақтаныш етiп айтып жүргендерiнiң талай рет куәсi болдық. Жателдiктердiң де көңiлiн аулап, сезiмiн баурап алған ең алдымен би өнерiмiздiң әрi мен нәрi, мағынасы мен мазмұны болса керек. Қимылдардың мән-мағынасын дәлме-дәл жеткізу үшін әртіс өзінің пластикасымен, аяқтарымен, көздерімен, көңілімен, күлкісімен және т.б. жұмыс жасауы керек. Жалпы біз бір биді сахнаға алып шығару үшін күнделікті әр қимылына жеке-жеке тоқталамыз. Биді дұрыс қою тек қоюшы балетмейстерге, не көркемдік жетекшісіне байланысты емес. Бұған ұжымдағы барлық шығармашылық топ бірге атсалысып, өздерінің бар қабілетін, сезімін, махаббаттарын салып жұмыс істеуі қажет. Сол кезде ғана сағаттап дайындалған еңбегімізден жақсы дүние шығады», – дегені бар. Орынды айтылған салмақты ой. Өнердің ең нәзік, сыршыл түрі – бидің қыр-сырын жетік меңгерген маманмен сыр-сұхбат жүргізудің өзі бір  ғанибет.

Қазір қазақ билерінің белгiлi бiр бөлiгi классикалық деңгейге көтерiлдi. Мәселен, халық биi «Қамажай», «Маусымжан», «Қаражорға», «Келiншек», «Айжан қыз» тәрiздi және т.б. ұлтымыздың болмысын танытатын билер бiздiң мақтанышымыз емес пе. Әрине, биде тiл жоқ, онда тек әдемi қимыл ғана бар. Қимылмен көп дүниені танытуға болады. Бiр бидi екi адам екi түрлi түсiнуi мүмкiн. Мәселен, қос бiлектiң ширатыла өрiлген қимылына, үзiлiп кеткелi тұрған белдiң нәзiк қозғалысына ғана сүйсiнiп, одан әрiге өресi жетпей жатқан жандарды да кiнәлауға болмайды. Зер салып, зерделеп қарасаңыз, кез келген би адамның жан дүниесiнiң сезiмi мен сыры iспеттi. Би сiз бен бiздiң бар өмiрiмiздiң қозғалыстарымен өрiлген көркем өрнегi, оның маңызы мен мазмұны сияқты болып көрiнедi. Сайып келгенде, қазақ биi оның арқауы халықтың жан дүниесi, оның таным түсiнiгi, табиғатпен байланысы, оның философиясы. Сол себептен де ұлттық би қазынамыздың ортаймауын тілей отырып, оның жаңа билермен толыға, байи түскенін бүгіндері байқап жүрміз.  Би өнері де әркез қамқорлықты, заман талабына сай жетілдіруді талап етеді. Көрерменге айтар ақпаратты би тілімен көрсету үшін өнерпаздың тума дарыны, ерекше табиғи қабілеті болуы шарт. Музыкалық ырғаққа сай дене қимылы мен қозғалыстары арқылы мың бұралған сан түрлі образдарды бейнелеуге болады. Бекзат өнер саналатын би көрерменге адамның ішкі жан дүниесі мен мінез-құлқын да дәлме-дәл жеткізуді мақсат етеді. Тіпті тіл жеткізе алмайтын дүниелерді бимен айшықтауға болады. Одан бөлек, бұл өнердің денсаулыққа тигізер пайдасы да орасан зор. Ол адамның арқа, іш, аяқ бұлшық еттерін нығайтады әрі сергектік сыйлайды. Және буын мен омыртқадағы зат алмасуын жақсартуға септігін тигізеді. Ал шетелдік мамандар бишілік өнер адамға мол энергия мен мықты қуат береді деп есептейді. Байқасаңыздар, латын-америка мен еуропалық билер спорттық бал билер тобына жатады. Себебі, оларда спорттық ойындардың элементтері көбірек кездесетіні мәлім. Жалпы кез келген халықтың өзіндік ерекшеліктеріне қарай бишілік өнердің көркемдік бейнелеу мазмұны мен құралдары да түрліше болып келеді. Бүгінде осы саланы өркендетуге өз үлесін қосып жүрген жерлесіміз Байдәулет Сазабековтің өнерімен қалай мақтансақ та жарасады.

Елімізде би өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан Қазақстанның халық әртiсi Гүлжан Талпақова бір берген сұхбатында: «Қазiр ұлттық бидi билейтiн бишiлер аз. Бұл – бiр. Екiншiден, бұрын бишiлердi отыз сегiз жаста, ер адамдарды отыз тоғыз жаста зейнеткерлiкке шығаратын. Қазiр елу сегiз-алпыстар шамасында шығаратын болыпты. Бұл мүлде дұрыс емес. Үшiншiден, бiздегi жақсы бишiлердiң барлығы шет мемлекеттерге кетiп жатыр. Кетпес үшiн талантты бишiлердi мемлекет барлық жағынан қамтамасыз етiп отыруы керек. Мәселен, жақсы бишiнiң жалақысы да жақсы болғаны дұрыс. Бiр қуанарлығы, талантты жастар көп шығып жатыр. Оның сексен пайызы қазақ балалары. Бiр ғана хореографиялық училищенiң өзiнде Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен келген балалар оқиды. Ендеше, теледидардан танымайтын әншiлердiң клиптерiн көрсете бергенше, сол балалардың өнерiн халыққа жеткiзбей ме!» – деп көпшілікке ой тастаған екен кезінде. Олай болса, бүкіл өмірін би өнеріне арнап, оны жетілдіруге ерен үлес қосып жүрген республикамызға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Байдәулет Сазабеков сияқты атпал азаматтардың барына тәубе делік.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина профессоры,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 Тараз.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support