- Advertisement -

«Ана — Дала» қойылымы балалардың көңілінен шықты

129

- Advertisement -

Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры Сантөре Пірмановтың балаларға арналған «Ана-дала» атты жаңа қойылымының тұсауын кесті. Шығарманың негізгі желісі киелі Шаңырағымыз бен Бәйтерегімізді қорғау, сол жолдағы жақсылық пен жамандық тайталасы нанымды көрініс тапқан.

Сахнаның бәйшешек гүлдермен безендірілуі де көңілге қонымды шыққан. Әуелі сахнада Қаракүш (Нұрсұлтан Маханов) және тышқан (Ерасыл Аманбек), қасқырлар (Азамат Шәкенбаев пен Медеу Ердалиев), түлкі (Жадыра Құлтаева) пайда болды. Бұлар – жағымсыз кейіпкерлер. Қаракүш тышқандар патшалығын мәңгілік билеп төстеп, патша болғысы келеді. Өзгелері соған дем беріп, тілеулес жағдайда жүр. Тіпті, осы жолда қасиетті Бәйтеректі құлатып, жеңіске жеткілері келеді. Келесі жағымды кейіпкерлер жағында Ана-дала (Индира Мұстафаева), Ақкүшік (Жорабек Төлеген), Құлыншақ (Зарина Асан), Гүлшөжек (Сымбат Нүрпейісова), Күншөжек (Әсем Қондыбаева), Айшөжек (Аружан Райымбек) бар. Бұл жерде барша далаға жақсылық тілеген Ана-даланың тілегі балалар көңілінен дөп шықса, Гүлшешек, Күншешек, Айшешектер де тек ізгілік жолын көксегендер. Даланың сәні болып құлдыраңдап шапқан Құлыншақ та, жеті қазынаның бірі Ақкүшік те – ізгі ниет иелері. Осы тұста сиқыршының (Абылай Әубәкіров) шығып, түрлі қызықты ойындар көрсетуі де балалар көңілінен шықты. Қойылым барысында осындай ақ ниетке қарсы қара пиғыл да көрініс тапқан. Ол қара ниет Қаракүш бастаған топтың қасиетті Бәйтерегімізді құлатпақ болған кезінде айқын байқалады. Бұл жерде автор мен режиссер келісе отырып, Шаңырақ пен Бәйтеректі бір ғана ұғыммен, Шаңырақ бейнесінде беріпті. Сол Шаңырақты қара ниеттілер құлатпақшы болғанда Қызыр  баба (Жандос Ілиясбеков) Гүлшешек бастаған жақсы ниеттегі топқа Бәйтеректің құлағалы жатқанын ескертеді. Міне, осы тұста жамандық пен жақсылықтың тайталасы басталып, ерекше күрес жүреді. Қаракүштің тобы ештеңеге қарамай, Шаңырақ пен Бәйтеректі құлатып та үлгереді. Осы тұста Гүлшешектің тобы Ақкүшікті жігерлендіріп, Арланның ұрпағысың деп қайраттандыру арқылы рух пен мінезді көрсетеді. Ақкүшік жігерленіп, қараниеттілерге қарсы шапқанымен, жеңіске жете алмайды. Қасқырлар жүрген жерде күшіктің жеңгені балаларға да нанымсыз болар еді. Осы тұста Бұқа  (Абзал Дәулетбеков) пайда бола кетіп, жақсы ниеттілер жағына көмекке келеді. Бұқа мүйізімен сүзіп, қасқырларды да, Қаракүш пен тышқандарды да қуып жіберіп, достарын шаттыққа бөлейді. Осы тұста балалардың бойына жақсылыққа ұмтылу қажеттігін меңзегісі келгендей көрінді. Жақсы ниеттілер тобы жабылып, Шаңырақ пен Бәйтеректі тұрғызып, қасиетті құндылықтарымызды сақтап қалады. Осы көрініс балалардың бойында патриоттық сезімнің ұшқындап тұруына септесетіндей.

Бұл қойылымды тамашалауға Байзақ ауданы Құмшағал ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп директорының орынбасары Майя Зәуірбекова жүзге жуық баланы ертіп, бастап келген екен. Театр актерлері қойылым соңында сол балаларды да сахнаға шақырып, әндері мен тақпақтарын тыңдап, сыйлық берді. Яғни сахна шеберлері мен көрермен балалар арасындағы байланысты көріп, көңіліміз толды.

Осы қойылым барысында автор Сантөре Пірманов тың ізденістерге барғанын айтса, суретші Рахат Сапаралиеваның да сахнаны безендірудегі шеберлігін байқадық. Іс-шара соңында қоюшы режиссер Анар Сағымбекованы да сөзге тартқан едік.

– Бұл қойылым Наурыз мерекесіне арналып, аз күннің ішінде дайындалған болатын. Автормен келісе отырып, атын «Ана-дала» деп атағанды жөн көрдік. Бұл жерде біраз бейнелерді қостық. Мысалы, тышқанның жамандық бейнесінде алынуы, жақсы бейнеге Бұқаның қосылуы – жаңа идея. Яғни тышқан жыл атауынан кеткісі келмесе де кетті, орнына Сиыр жылы келді деген ұғымды бейнелеп беріп отырған жайымыз бар. Сондай-ақ қасиетті Шаңырақ пен киелі Бәйтеректі сақтау, қорғау түсінігін де балаларға ерекше тәсілмен ұғындырдық деп ойлаймын. Олар мұны түсінген сияқты. Театр актерлері мен балалар арасындағы байланыс та шынайы шықты дер едім, – деді қоюшы режиссер Анар Сағымбекова.

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support