- Advertisement -

Берілген уәде орындалмады облыс әкімі «ЮжКазНедра» аймақаралық департаментінің жұмысын сынға алды

72

- Advertisement -

Экономиканың дамуы бір жағы қазба байлықтарымызды қалай пайдаланатынымызға да байланысты. Бүгінде Жамбыл облысында 109 жер қойнауын пайдаланушы бар. Алайда олар келісімшарт бойынша өздеріне алған міндеттемелерді толығымен орындамай жатқан көрінеді. Осы мәселеге орай өткен арнайы жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жер асты қорының мемлекет үшін, өңіріміз үшін маңыздылығын алға тартып, мәселеге тереңірек үңілді.

Ал облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков жер қойнауын пайдалану саласы бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Ол жер қойнауын пайдаланушылардың 2019 жылғы келісімшарт міндеттемелерінің орындалу қорытындысына тоқталып, жалпы инвестиция көлемі 63,2 миллиард теңгені құрағанын, ал 2018 жылдың осы кезеңіндегі бұл көрсеткіш – 57,6 миллиард теңге болғанын атап өтті. Әлеуметтік сала және жергілікті инфрақұрылымдарға 2020 жылы  751 миллион теңге бөлінген. Биылғы қаңтар-ақпан айларындағы түсім 18 миллион теңгені құрапты. Бұл міндеттеме бойынша  «ЕвроХим Удобрения» ЖШС (371 млн. теңге), «Қазфосфат» ЖШС (25 млн. тг), «Алтыналмас» АҚ, (41 млн. тг) «Корпорация Казахмыс» АҚ (204 млн. тг), «Амангелді Газ»ЖШС (86,3 млн. тг),  «Асыл Ресорсес» ЖШС (30 млн. тг), «Мыңарал Тас Компани» ЖШС (30 млн. тг), «Актас» ЖШС (18 млн.тг), «Aurum Deutschland»  ЖШС (10млн.тг), «Golden Compass Jambyl» ЖШС (13,3 млн. тг)  көлемінде аударымдарын жүргізіп, өз үлестерін қосқан.

Мамандарды оқыту және қайта даярлауға 2019 жылы 207 миллион теңге бөлінген. Ал салық түсімі  9,8 миллиард теңгені құраған.

2020-2021 жылдары  кең таралған пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалану мәселелерін қарау кезінде жер қойнауын  пайдаланушылардың келісімшарттарында көзделген Өңірдің әлеуметтік саласына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған төлемдер көлемі 1-1,5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылған. Сондай-ақ қазақстандық кадрларды оқытуға төлемдер көлемі 10 есеге өсіпті. Жер қойнауын пайдалану салдарын жою бойынша тарату қорына аударымдар көлемі 10 есеге көбейтілген.

Баяндамашы басқа өңірлерде тіркеліп, облыстың аумағында қызметін жүзеге асырып  отырған ірі жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған келісімдерге талдау жүргізілгенін, оларды облыстың аумағында тіркеу бойынша атқарылған жұмыстарға да тоқталды.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сәйкес, Жамбыл облысы бойынша 2017-2019 жылдары геологиялық зерттеулер жүргізуге  республикалық бюджеттен 1,1 миллиард теңге,  ал 2020-2022 жылдарға барлығы 1,2 миллиард теңге қарастырылған. Нәтижесінде 2019-2020 жылдары Сарықамыс кендік алаңында Сидерит темір кен белгісі, Төртқұдық алтын кен белгісі,  Бөденеқұдық кен алаңының Ащыкөл-1, Ащыкөл-2, Бөденеқұдық, Бөденеқұдық Оңтүстік-Шығыс, Танен кен белгілерінде полиметалл мен темірдің болжамды қоры анықталды. Сонымен қатар Шу–Хантау алаңдарында алтын, мыс, күміс, темір, қалайы, вольфрам, молибден, висмуттың болжамдық-перспективтік бағамы анықталыпты.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев инвестиция, әлеуметтік мәселелер, оқыту жөнінен басқарма министрлікпен бірігіп міндеттердің орындалуын қадағаламай отырғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ пайдаланылмай жатқан қазба байлықтарды анықтау бойынша барлау жұмыстарымен тыңғылықты айналысу қажеттігі сөз болды. Бұл ретте Алматы қаласынан онлайн-байланысқа шыққан «ЮжКазНедра» аймақаралық департаментінің басшысы Алексей Коротковты сұрақтың астына алды. «Өздеріне жүктелген келісімшарт міндеттемелерін орындамаған жер қойнауын пайдаланушылар бойынша жиынды бірінші рет өткізіп отырған жоқпыз. Экология, геология, табиғи ресурстар министрлігімен бірге де жиын өтті. Онда бұл мәселе тағы айтылды. Бірақ берілген уәде орындалмады. Жұмыс ақсап тұр. Бір жыл болды сізді күтіп жүргенімізге. Өзіңізді бір рет те көрмедім, келмедіңіз. Сіздердің біздің облысқа деген қарым-қатынастарыңызды қалай түсінуге болады? Біздің жер асты қорымыз бай. Ол экономикаға жұмыс істеуі керек. Өкінішке орай, барлаумен, геологиямен айналыспаймыз. Ал сіздер ешқандай бастама жасамайсыздар. Сіз 2020-2021 жылдары Жамбыл облысына осы мақсатта қанша қаржы бөлінгенін айта алмай отырсыз, демек, ситуацияны білмейсіз. Міне, бұл біздің облысқа деген қарым-қатынасыңыздың айғағы!» – деген Бердібек Машбекұлы тиісті министрлікке аталмыш департамент басшысының салғырт жұмысы туралы жеткізетінін ескертті.

Жиында облыстық Кәсіпкерлік палатасының, «Тараз» ӘКК» АҚ-ның, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының инвестиция тарту, кәсіпкерлермен байланыс сияқты мәселелер жөніндегі жұмыстары сынға ұшырады.

Облыс әкімі жиында өзекті мәселелерді көтеріп, орынды ұсыныстарды ортаға салған облыстық экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаевтың, Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаевтың сұрақтарын құптап, бақылауға алуды өз орынбасарларына тапсырды. Онлайн-байланыс арқылы аудандардағы кәсіпорындардың мән-жайынан хабар алды. Жер асты байлығы халық игілігіне жұмыс істеуі керек дегенді баса айтқан өңір басшысы бірқатар жауапты басшыларға нақты міндеттер жүктеді. Оның ішінде қазба байлықтарын заңсыз қолданушыларды қадағалау мәселесі де көтерілді. «Әлеуметтік міндеттемелерді түгел орындау керек. Кәсіпорындардағы жұмысшылардың жалақысы уақтылы беріліп және 10-15 пайызға өсіп отыруы тиіс», – деді Бердібек Машбекұлы қорытынды сөзінде.

Қарлығаш ЕСБЕРГЕНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support