- Advertisement -

Ынтымақтың арқасында халықтың жағдайы жақсарды

149

- Advertisement -

Қазақ халқы: «Алғыс алған арымас, қарғыс алған жарымас»,-деген сөзді текке айтпағаны сөзсіз. Астарына үңіліп қарасақ, зор мән мен мазмұн жатыр. Иә, алғыс арқалаған азаматтың аты бәйгеден бірінші келетінін де біздің бабаларымыз айтып кеткен.   Одан асырып не айтамыз?

1 наурыз алғы айту күні болып жарияланғанына да бес жылдың жүзі болды. Нақтырақ айтсақ, 2016 жылдың 14 қаңтарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні, яғни, 1 наурызды «Алғыс айту күні» деп жариялап, тиісті Жарлыққа қол қойған болатын. Бүгінде аталмыш мереке еліміздің барлық қиырында кеңінен аталып өтілуде.

Бір шаңырақ астында бірлік пен берекелі тірлікті ұмытпаған көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері біздің өңірде де көптеп шоғырланған. Сол себепті де бұл мерекенің Жамбыл жерінде өз деңгейінде аталып өтілуі – заңдылық. Бұл бір жағынан арайлап атқан азаттық таңындағы осы күнімізге шүкіршілік ету болса, екінші жағынан қиын-қыстау кезеңде қазақ жеріне келген түрлі ұлт өкілдерінің жергілікті ұлтқа рахмет айтуына берілген бір мүмкіндік екені рас.

Таразда айтулы дата «Қазақ еліне мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Іс-шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысып, түрлі этнос өкілдерімен бірге монумент алдына гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң сөз алған өңір басшысы мерекенің маңызына жан-жақты тоқталды.

— Өздеріңіз тарихтан жақсы білесіздер, сонау ашаршылық, соғыс, саяси қуғын-сүргін оқиғалары орын алған жылдарда қазақ халқы өздерінің жағдайларының қиындығына қарамастан, өзге ұлт өкілдерін бауырына басты. Олармен бір үзім нанды бөліп жеп, бауырмалдығын танытты. Сол азаматтармен бірге бір шаңырақ астында бір отбасы секілді ғұмыр кешті. Сол кездегі қазақ халқының өзге ұлттарға деген достық пейілін, қамқорлығын, көңілін жастардың санасына сіңіру қажет. Өскелең ұрпақты бауырмалдыққа тәрбиелеу үшін де осы мереке жарияланған еді. Қазақ халқының ақ ниетінен шығар, еліміз шүкір, дамудың даңғыл жолына түсті. Еліміздің бірлігінің арқасында бүгінде барлық ұлт пен ұлыс өкілдері достықты, татулықты, қамқорлықты, сыйластықты сезінуде. Содан да болса керек, мемлекетімізде тұрақтылық қалыптасып отыр. Отыз жылда біз жеткен басты табыс – еліміздегі тыныштық, ауызбіршілік, бейбітшілік, достық. Елбасы ылғи да тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керектігін айтып келеді. Біз үшін осы жыл – ерекше жыл. Биыл ел тәуелсіздігінің отыз жылдығы екені мәлім. Әрбір қазақстандық ел дамуына өз үлесін қосуы керек. Басты мақсатымыз – қалыптасқан достық пен бірлікті, татулықты сақтау. Сондай-ақ әрмен қарай еліміздің өркендеуіне септігімізді тигізгеніміз абзал. Осыны өңірде тұратын 87 ұлттың өкілдері де жадынан шығармауы тиіс. Бүгінде 76 этномәдени бірлестіктердің өкілдері облысымыздың, еліміздің дамуы жолында еңбек етуде. Сол ынтымақтың арқасында халықтың тұрмыстық жағдайы да жақсарып келеді. Ең негізгі айтарым, бүгінгідей аумалы-төкпелі кезеңде біз бірлігімізді сақтауымыз керек. Ешқандай арандатушылыққа жол бермеуге тиістіміз.

Өткен жылы Қордайда орын алған оқиға бізге сабақ болғаны сөзсіз. Енді біз билік пен халық болып бірігіп, ондай жағдайдың қайталануына жол бермеуіміз керек. Жас ұрпаққа достық ұғымын түсіндіре белгеніміз дұрыс. Барлықтарыңызды бүгінгі мерекемен құттықтаймын.Әрқашан бір-бірімізді қолдап жүрейік. Барлықтарыңыздың шаңырақтарыңызда тек жақсылық болсын. Жақсы күндерде жолығуды жазсын,-деді Бердібек Машбекұлы өз ойын түйіндеп.

Бұдан соң Тараз қаласындағы өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдурохман Зайнутдинов сөз сөйледі. Ол өз сөзінде қазақ халқына деген шексіз ризашылығын айтып өтті.

-1995 жылдың дәл осы күні, яғни бірінші наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. Қиын-қыстау кезеңде құшағын ашып қарсы алып, жер аударылған түрлі ұлт өкілдерін бауырындай көрген қазақ еліне деген құрметіміз қай кезде де ерекше. Өйткені қазақ елі ашаршылық кезінде, соғыс жылдарында барлық ұлт өкілдерін жылы қабылдады. Өзінің қонақжай халық екенін көрсете білді. Кең байтақ қазақ даласын қоныс еткен түрлі ұлт өкілдері бұл күні барша қазақстандықтарға, қазақ халқына көрсеткен дархандығы мен жомарттығы, мейірімі үшін шексіз алғыс білдіреді. Біз де сол алғыс айтушылардың қатарына қосыламыз. Себебі, бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен Тәуелсіз Қазақстан – біздің де Отанымыз. Осыны ешқашан есімізден шығармауға тиіспіз,-деді ол өз ойымен бөлісіп.

Кейіннен №34 орта мектептің директоры, дүнген этномәдени бірлестігінің мүшесі Динара Нұралиева сөз алды. Ол да өз кезегінде қазақ халқына деген шексіз ризашылығын риясыз көңілімен жеткізді.

-Алғыс айту күнінде біз елімізде сақталған бірлік пен бейбітшілік, татулық, сыйластық  үшін де барлық қазақстандықтарға, әсіресе қазақ халқына шексіз ризашылығымызды білдіруге тиіспіз. Басқаны қайдам, бұл күн біз үшін өте ерекше күн екені рас. Себебі біздің ата-бабаларымыз 140 жыл бұрын Қазақстанға көшіп келді. Олар сол уақытта қатты қиналды. Алайда қонақжай қазақ халқы олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтеріп, қолдау көрсетті. Қазақ елі сол кісілігі арқылы адамгершіліктің озық үлгісін танытқаны анық. Біз қай кезде де мейірбан қазақ халқының шексіз дархандығын тілімізге тиек етіп жүреміз. Сол үшін де қазақ халқына алғысымызды айтқанбыз, айта береміз де. Көптеген әлем елдері Қазақстанда қалыптасқан достық пен татулықтан үлгі алса, еш артықтық етпейді. Дүнген ұлтының өкілдері де қазақ халқына алғыс айта отырып, бірлік бар жерде тірлік болатынын жадынан шығармайды. Мен осындай кең байтақ жерде, тәуелсіз елде ғұмыр кешіп жатқаным үшін өте бақыттымын. Менің Отаным Қазақстан жасай берсін. Баршаңызға мың алғыс!-деді ол жүрекжарды лебізін білдіріп.

Іс-шара соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған жұртшылық Тараз қаласын мекен еткен түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің дәстүр және ұлттық тағамдар көрмесін тамашалады. Соңынан монумент маңындағы ағаш отырғызу іс-шарасына облыс әкімі де қатысты. Жалпы мереке аясында қала бойынша мың түп ағаш отырғызылғанын да айта кеткен ләзім.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support