- Advertisement -

Біз қандай кезеңдерден өттік? (1993-1994 жылдар)

288

- Advertisement -

1993  жылғы орташа жалақы көлемі 10592 сом болған

Әрине, ауыл шаруашылығындағы міндеттің жүзеге асуы негізінен мал қыстатуды табысты өткеріп, колхоздар мен совхоздардың, шаруа қожалықтарының көктемді қандай дайындықтармен қарсы алатындығына көп байланысты. Өйткені сол жылдары халық шаруашылығының барлық салалары бойынша жағдайдың құлдырап кеткені баршамызға аян. Бірақ, кейіннен  облыстағы жергілікті әкімшілік пен халық депутаттары кеңестерінің қолданған шараларының  нәтижесінде жағдай біршама тұрақтанды. Ал, қаңтар айында облыстық статистика басқармасының мәліметтері бойынша кейбір жағдайда  алға жылжу тенденциясы да байқала бастаған. Облыстық статистика және талдау басқармасының «1993 жылдың қаңтар айындағы облыстың әлеуметтік және экономикалық дамуы туралы» баяндамасында 1992  жылғы қаңтар айымен салыстырғанда 1993  жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі (жұмыстар, қызметтер) 100,2 пайызға, соның ішінде азық-түлік тауарлары бойынша 50 пайызға өскені көрсетілген. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және оны өткеру көрсеткіші де артып, мәселен, колхоздар мен совхоздарда ет өндіру (сойылатын мал және құс) 19 пайызға дейін жеткен. 1992 жылы тұрақты түрде есептеуде тұратын кәсіпорын, ұйым және мекемелердің (колхоздардың, кооперативтердің), жекеменшік, кіші және бірлескен кәсіпорындар мен шаруашылықтардың  қызметкерлері 1993  жылғы 1  қаңтардағы жағдай бойынша небәрі 2 пайызға ғана қысқарып, 316 мың адам өз жұмыс орындарында қалған. Бұл кәсіпорындар мен ұйымдар өздерінің қызметкерлері мен жұмысшыларының қажеттіліктеріне бір жыл ішінде 13 337,1 миллион сом ақша жұмсапты, оның 94 пайызы жалақыға, қалғаны – әлеуметтік жеңілдіктер мен материалдық көмектерге бөлінген. Төлемдердің сомасы былтырғы көлемнен 6,5 есеге асып түскен. Ал жыл бойғы орташа айлық жалақы 7,8 есеге артты. Желтоқсан айында жалақы көлемі орта есеппен 10592 сом болды. Сөйтіп ол 1991  жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 11 есеге, ал 1992  жылғы қарашамен салыстырғанда екі есеге жуық өскен.

Мал баққанға бітеді

Байқасақ, бұл жерде нарық заманына алғаш қадам басқан 90 жылдардың бастапқы кезеңінде  жаңа экономикалық қарым-қатынастарды еңсеру оңай соқпағаны анық көрініп тұр. Шындығында, еліміздің қалыптасу кезеңінде қиын түйткілдер аз болған жоқ. Солардың ішіндегі ең күрделісі жоғарыдағы цифрлар көрсетіп тұрғандай, егемендігіміздің алғашқы жылдарында ауыздықтауға шамамыз келмеген инфляция  мәселесі болатын. 1992  жылы – 2960,8; 1993 жылы – 2163; 1994 жылы – 1158,3 пайыздық деңгейге жеткен құнсыздану процесі экономикамызды шатқаяқтатып кеткені тарихтан белгілі. Бірақ, облысымызда қалай болған күнде де фермалар мен агроөнеркәсіп кешені өңдеу өнеркәсібінің еңбеккерлері қант, ет, шұжық, мал майын өндіруді, балық аулау көлемін арттыра түскен. Осы орайда еске сала кететін бір жай – облыстық статистика және талдау жөніндегі басқарманың мәліметтері бойынша 1991  жылы әр жүз саулықтан 89-дан қозы алынса, 1992 жылы бұл көрсеткіш 92-ге жетіпті. Бұл – облыс шаруашылықтары Ө.Байгелдиевтің әдісі бойынша қой шаруашылығын жекешелендіру бағытында  отар иелеріне жарты миллион бас қойды жеке иеліктерге бергеннен кейінгі нәтиже. «Мал баққанға бітеді» деген осы.

Мал шаруашылығының басқа салаларында да даму мен өнім өндіруді арттыру тенденциялары айқын байқалады. Колхоздар мен совхоздарда 1992  жылдың қаңтарымен салыстырғанда ет өндіру 568 тоннаға, яғни 19,04 пайызға артқан. Бұл бағытта, әсіресе, Меркі, Талас, Шу аудандары елеулі көрсеткіштерге қол жеткізген екен. Сүт өндіруде Жуалы, Свердлов (қазіргі Байзак), Шу аудандары көш бастапты. Осының алдындағы (1992  жылғы) желтоқсан айымен салыстырғанда қаңтарда колхоздар мен совхоздардағы сүт сауудың көлемі 57 тоннаға артқан.

Нарықтық қатынастар мал шаруашылығының құрылымын қайта қарауды талап еткендігі анық. Сондықтан да, жергілікті жағдайға байланысты мал шаруашылығын тиімді бағыттарға қарай бейімдеу ісі облыстық әкімшілік тарапынан қолдауға ие болып отырды. Өтпелі кезеңдегі  тапшылыққа қарамастан қаржы іздестіріліп, алыстағы мал жайылымдары мен қыстауларға, мал төлдейтін көктеулерге жолдар салынды. Ауыл еңбеккерлерін тұрмыстық газбен, жанар-жағар май материалдарымен қамтамасыз ету мәселесі де ұмыт қалған жоқ. Өйткені, халық шаруашылығындағы өнім өндірудің төмендеуін тоқтатуда барлық факторлар еске алынуға тиіс еді.

Елдегі инкубатор дайындайтын жалғыз кәсіпорын еді

Енді өнеркәсіп саласына көшсек, нарықтық экономиканың өтпелі кезеңінде қиындыққа тап келген кәсіпорындардың бірі – Шу жөндеу-механикалық зауыты. Қосалқы бөлшектердің құнының күн сайын арта түсуі жөндеу жөніндегі тапсырыстарды күрт азайтып жіберген болатын. Жұмыс болмаған жерде айлық та аз. Зауытта дағдарысқа қарсы мақсаттағы жұмыстың қарымы ұлғайды. Генератор және стартер жөндеу тапсырыстары күрт кеміген электроцехта екі адамдық төсек, стол және орындық сияқты үй жиһаздары дайындалды. Мұның бәрі дұрыс, алайда айналасы атшаптырым, аумағы әжептәуір зауыт  жұмыс ауқымын одан да ұлғайта түсуі керек еді. «Қазагрореммаш» концерні жылыту қондырғылары орнатылған балапан өсіретін клеткалар мен инкубатор дайындау жөніндегі «Птицепром» басқармасынан берілген тапсырысты өздеріне міндеттегенде Шу жөндеу-механикалық зауытының таңдауы екі тапсырыстың соңғысына түсіпті.

Концерн тарапынан 10 миллион сом несие ақша бөлініп, зауыттың цехтарына инкубатор жасайтын жабдықтар орнатылды. Одақ ыдырағанға дейін мұндай инкубаторлар тек қана Пятигорск қаласындағы зауытта шығарылған екен. Қысқа мерзімде қайта жабдықталған Шу жөндеу-механикалық зауыты Қазақстандағы инкубатор дайындайтын жалғыз кәсіпорынға айналды.

Әрине, өңірімізде өтпелі кезеңде әлеуметтік-экономикалық дағдарысты ырықтандыру бағытында басқа да нақты іс-әрекеттер жүзеге асырылғаны мәлім. Облыстық агроөнеркәсіп кешенінде түрлі салалы экономика қалыптастырылып, Қазақстан Республикасы Президентінің 1993  жылғы 5  наурыздағы №1137 «Агроөнеркәсіп кешенінде мемлекеттік ауыл шаруашылық, дайындаушы, ұқсатушы және қызмет көрсетуші кәсіпорындардың мүлкін жекешелендіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Жарлығын іске асыру барысын жеделдету мақсатында облыс әкімі Ө.Байгелдиевтің  «Облыстық агроөнеркәсіп кешенінде меншіктің үлгісін өзгерту барысы туралы» Қаулысы жарияланды. Бұдан кейінгі «1994  жылы тапсырылған  астық үшін бөлінген қаржы туралы» Қаулыда: «Шаруашылықтардың есебінде және басқа да қаржы көздерінде ақшаның болмауына байланысты көктемгі-егіс науқанына дайындық пен оны өткізуде қиын жағдай қалыптасып отыр. Мемлекетке өткізілген астық және басқа да ауыл шаруашылық өнімдері үшін әлі толық ақы төленбеген, соның салдарынан ауыл шаруашылығы үшін есеп-шоттар арқылы жанар-жағар май, қосымша бөлшектер, тұқым, минералды тыңайтқыштар және көктемгі-егіс науқанына қажетті басқа да материалдар сатып алу мүмкіндігі болмай отыр. Көктемгі-егіс науқанын уақтылы аяқтау және қаржы ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында: «Жамбыл- Астық» АҚ-на 1994  жылы тапсырылған астық үшін республика бюджетінен келіп түскен 90 миллион теңгені төмендегі аудандарға: Қордай – 34419 мың теңге, Шу – 9426 мың теңге, Луговой – 30000 мың теңге, Сарысу – 155 мың теңге, Жамбыл – 8000 мың теңге, Свердлов – 8000 мың теңге бөлінсін», – деп жазылған.

1994  жылдың 14  қаңтарындағы статистикалық мәліметтерге сәйкес мемлекеттік меншікті жекешелендіру кеңінен өрістеп, облыс өнеркәсібі  326169 мың теңгенің тұтыну тауарларын өндірді. Өндірілген тауарлардың жалпы көлемінің үштен екісін (67 пайызын) азық-түлік тауарлары құрады.

Халық шаруашылығы салаларының 1993  жылғы жұмысының алдын-ала қорытындыларын талдау негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша құлдыраудың біршама тоқтағанын көрсетеді. Облыста жаңа экономикалық қатынастарға көшу бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасып, экономиканың мемлекеттік емес секторы айтарлықтай нығайды. Мемлекеттік меншікті жекешелендіру, әсіресе, халық тұтынатын тауарлар өндірісі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сауда және қызмет көрсету салаларында кеңінен өрістеді. Жұмыс істеп тұрған қуаттарды қайта бағдарлау және өнімдердің жаңа түрлерін шығару, сондай-ақ, қоршаған ортаны адамдардың денсаулығына зиянды қалдықтардан тазарту ісінде оң ілгерушіліктер болды. Өндіріске шаруашылықты жүргізудің жаңа түрлерін және жетілдірілген шетелдік технологияларды енгізу нәтижесінде дәндік жүгерінің, картоптың түсімі айтарлықтай артты.  Дегенмен экономикалық және құрылымдық өзгерістер өз кезегінде қиындықтарға ұрындырып, жалпы жағдай әлі де күрделі күйде еді. Өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының, құрылыс пен транспорттың көптеген кәсіпорындары жыл ішінде өздерінің өндірістік-қаржы көрсеткіштерін түзеп, өндіріске серпін бере алмады. Тұтыну рыногындағы ахуал да тура сондай. Тұрғын халықты инфляциялық процестерден әлеуметтік қорғаудың кешенді мәселелерін шешу күрделі проблемаға айналды.

Шығынға батқан 43 кәсіпорын

1993  жылдың қаңтар-қарашасында облыс кәсіпорындары мен ұйымдарына 98,360 мың теңге кіріс түсті. Бұл 1992  жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,7 есе көп болатын. Кірістің айтарлықтай артуының негізгі себебі –  бағалардың өсуі. Ол өнеркәсіпте – 7,1 есе, құрылыста – 15,3, транспортта – 2,2, байланыс кәсіпорындарында – 3,1, дайындау ұйымдарында – 47,5 есе өсті. Алайда, 1993  жылдың 1 желтоқсанында залал шегуші кәсіпорындардың үлесі олардың жалпы санының 19,7 пайызын құрады. Халық шаруашылығының 10 саласының 43 кәсіпорны мен ұйымы 14,459 мың теңге көлеміндегі шығынға батқан. Облыста халық шаруашылығының барлық салаларын қамтыған жекешелендіру процесі одан әрі жалғасты. Мемлекеттік мүлік жөніндегі аумақтық комитеттің мәліметтері бойынша облыста 1994  жылдың бірінші қаңтарына 639 кәсіпорын мен объект жекешелендірілді. Жекешелендірілген объектілердің бағалау құны 116533,5 мың теңге, сатып алу бағасы (сатылған бағасы) – 91313,0 теңге болды. 1993  жылы мемлекет меншігінен алынған кәсіпорындар мен объектілердің – 59 пайызын жеке адамдар сатып алды. Акционерлік қоғамдардың үлесіне – 27,9, ұжымдарға – 11,6 пайызы тиді. Жекешелендіру процестері транспорт пен жол шаруашылығында (20,5 пайыз), тұрмыстық қызмет саласында (18,4 пайыз), өнеркәсіпте (15,4 пайыз) едәуір белсенді жүргізілгенін де айта кету керек. Облыс өнеркәсібі 1993  жылы 326169 мың теңгенің тұтыну тауарларын өндірді. Бұл алдыңғы жылғы деңгейден 5,3 пайызға төмен еді. Әр адамға орта есеппен шығарылатын тауар көлемі 5 пайызға кеміді және 312 теңге шамасында болды. Өндірілген тауарлардың жалпы көлемінің үштен екісін (67 пайызын) азық-түлік тауарлары құрады. Көрсетіліп отырылған жылда ол 216878 мың теңге көлемінде өндірілді. Бұл 1992  жылғы деңгейдің 91,7 пайызын құрады. Дегенмен, негізгі азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі кеміді. Колхоз базарларында ауыл шаруашылық өнімдерін сату көлемі 1993  жылдың желтоқсан айында 11169 мың теңгені құрады. Ал, жаңа қоғамдық қарым-қатынастарға көшу, яғни жекешелендіру үрдісі нәтижесінде, өңірімізде халықты жұмыспен қамту мәселесінің өткірлігі анық сезіліп тұрды.

Білім саласының жылдық бюджеті 67,2 миллион теңгені құраған

1994  жылдың 29  шілдесінде өткен облыстық Мәслихат депутаттарының кезектен тыс үшінші сессиясында «1994  жылға арналған облыстың бюджеті туралы» баяндама жасаған облыстық қаржы басқармасының бастығы Б.Аманбеков 1994  жылға арналған облыстық бюджеттің анықталған жобасында кіріс көлемі 1449,9 миллион теңге шамасында белгілендігін, яғни ол бекітілген көлемге қарағанда 926,8 миллион теңгеге артық екендігін айтты. Соның ішінде қосымша құнға салынатын салықтар бойынша 1994 жылғы алынатын ішкі өнімді, бағаның өсуі мен өндіріс көлемінің төмендеуін есепке ала отырып анықтағанда, бекітілген көлемге қарағанда ол 182,3 миллион теңгені (облыстық бюджеттің кірісінің жалпы көлемінің 12,6 пайызын) құраған. 1994 жылға арналған бюджеттің анықталған жобасы бойынша акциздер бекітілген бюджетке қарағанда 27,9 миллион теңгеге артып, 344,0 миллион теңгеге (23,7 пайыз) жетті. Ал салықты 170,6 миллион теңге көлемінде, яғни 148,2 миллион теңгеге артық алу көзделген еді. Азаматтардан алынатын табыс салығы 43,7 миллион теңгеге артып, 145,3 миллион теңге сомасында анықталды. Мұның өзі 1994 жылдың 1 шілдесінен бастап, ең төменгі жалақы көлемінің 100 теңгеден 150 теңгеге көбеюіне және оның көлемінің аталған жылдың бірінші қазанында 200 теңгеге дейін жетуіне сәйкес жасалынды.

Халық шаруашылығына арналған шығындар облыстық  бюджеттің нақтыланған жобасы бойынша 224,3 миллион теңгені құрағанын айта кеткен жөн. Ол бекітілген бюджетке қарағанда 163,8 миллион теңгеге артық. Шығындарға электр қуатына бағаның көтерілуі, ең төменгі жалақы деңгейінің  өсуі, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен қатысушыларына берілетін  жеңілдіктер мен төлемақыларға жұмсалатын қаржы да кірді. Мәселен, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерге көлік кешенін пайдалануға байланысты берілетін жеңілдіктерге жұмсалатын шығындар облыстық бюджеттің нақтыланған жобасында 9,7 миллион теңге көлемінде көрсетілген. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне отын алу үшін облыстық бюджет есебінен 142,0 миллион теңге беру қарастырылды.

Ал агроөнеркәсіп кешені бойынша жобаланған шығындар 6,6 миллион теңгені құрады, яғни ол материалдық ресурстарға, түрлі тыңайтқыштарға және ең төменгі  дәрежедегі жалақының өсуіне байланысты 3,6 миллион теңгеге артты. Бір қызығы, «Жамбылкино» компаниясының шығындарын жабуға бекітілген 1,1 миллион теңгенің орнына 1,9 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылыпты. Облыстық бюджет шығыстарының едәуір бөлігін (50,7 пайызын) әлеуметтік-мәдени іс-шараларды қаржыландыруға жұмсалатын шығындар құраған. Бұл мақсаттарға бюджет жобасында 735,7 миллион теңге көлемінде қаржы бөлу жоспарланыпты. Бұл бекітілген бюджетке қарағанда 491,7 миллион теңгеге көп. Негізі білім беру мен кадрларды кәсіби даярлықтан өткізуге – 67,2, мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдарына – 1,5, денсаулық сақтау ісіне – 130,3, жастар саясатын жүргізуге, дене шынықтыру және спортты дамытуға – 0,4 миллион теңге, тұрғындарды әлеуметтік жағынан қорғауға 292,4 миллион теңге бөлінуі – қаржылық қиыншылық кезеңіндегі әлеуметтік қорғаудың нақты шараларын көрсетіп тұрғандай.

Нарық қыспағына түскен әлеуметтік саланың кілтипандары көп болғандығы анық. Сондықтан да облысымыздың бірқатар білім ордалары осы жылдары сабақ берудің мазмұнын жаңарту және оның сапасын арттырумен қатар, мектептер мен мектептен тыс мекемелеріне бөлінетін бюджеттік қаржыны шаруашылық қызмет есебінен толықтыруға үлкен мүмкіндіктер тудыратын жаңа шаруашылық механизміне көшу бағытында да белсенді жұмыстар жүргізді.  Бұл жүйеге барлығы 29 лицей мен гимназиялар, 6 мектептен тыс мекеме  көшіріліп, нәтижесінде облыстық жас туристер стансасының іскерлік қызметінен 150 мың сом, балалар мен жастар орталығынан 69 мың сом, Зауыт ауданының оқу-өндірістік комбинатынан 36 мың сом қаржы түсті. Жалпы, облыс бойынша өндірістік қызмет пен халыққа қызмет көрсету нәтижесінде сала бойынша 800 мың сом табыс түскен. Осы жылдар ішінде мектептердің жанындағы қосалқы шаруашылықтардың жұмысы жанданған. Мұндай шаруашылықтар мектеп пен интернаттың жанында құрылған. Олардың қарамағында 467 гектар егіндік жер, 64 гектар бау, 22 кіші фермалар бар.

Жуалыдағы Әуезов атындағы орта мектеп  қант қызылшасын өсірді

Сондай-ақ мұғалімдер мен оқушыларды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мақсатында облыс бойынша өткен екі жыл ішінде (1992-1993 ж.ж.) мұғалімдерге бақша, саяжай  үшін 675 гектар жер бөлініп, 631 пәтер жекешелендірілді. Бұдан басқа үлгі болар мысалдар аз емес. Мысалы, Жуалы ауданындағы Әуезов атындағы орта мектепте қант қызылшасын егу үшін жер бөлініп берілген еді. Мектеп ұжымы жаз бойы өздеріне берілген алқапты күтіп-баптап, жиын-теріннен соң, 15 тонна құмшекер алған. Дегенмен, жаңа қаржылық қатынастарға бірден көндігіп кеткен ұжымдардың қатары көп болды дей алмаймыз. Қаржының жетіспеушілігінен туындап отырған мектептердегі парталардың тапшылығы, оқу орындарындағы жиһаз бен құрал-жабдықтардың ескіруі тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінің қиын мәселелеріне айналғаны белгілі. Оның үстіне 1993  жылдың І тоқсанында мектептерді қаржыландыру тек ақы төлеу мен тамақтандыруды ғана көздейтін тараулар бойынша жүзеге асырылды. Ал, басқа қажеттіліктер өз кезегін әлі қаншаға дейін күтетіндігі белгісіз еді. Бағаның ырық бермей бірнеше рет өсіп кеткенін еске ала отырып, бұл түйткілдің одан әрі шиеленісе түскенін сезіну қиын емес.

Тәуелсіздік таңы атқаннан кейінгі алғашқы жылдарда мәдениет саласы да нарық қыспағының теперішіне түскен еді. Еске салар болсақ, мәдениет қызметкерлері нарық жағдайында бюджеттік мекемелер арасындағы айлығы ең төмен  болғандығы белгілі. Олардың орташа айлық жалақысы 900-1000 сом көлемінде болды. Ал, облыстағы 799 клуб пен кітапхананың 569-ы бейімделген үйлерге орналасып, қалаларымыздың ешқайсысында да типтік үлгідегі мәдениет үйі болмады. Мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілуі де мардымсыз еді. Музыкалық және күшейткіш құралдар тапшы болды. Салаға жиһаз аз бөлінді. Автомобиль және оған қажетті бензин мен қосалқы бөлшектер бұрынғыдан он есе кем берілді. Алайда, бұл тәрізді келеңсіздіктер мәдениет қызметкерлерінің көпшілігін тоқырауға ұшыратты деп айта алмаймыз. Жалпы, әлеуметтік-мәдени сала қызметкерлері тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңінде  өздері көрсетер қызметтерін ұштау үстінде болғандығы анық.

 

Сейдахан Бақторазов,

 М.Х.Дулати  атындағы

  Тараз өңірлік университетінің  профессоры, 

Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін

 зерттеу орталығының жетекшісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support