- Advertisement -

Кеңес ауылының азаматтары шетінен шаруаға пысық

62

- Advertisement -

Есет ДОСАЛЫ

Кеңес ауылына кіргеннен әр үйдің ауласынан биік қып жинап қойған мая-мая шөптерге көзіміз түсті. Осының өзі-ақ ауыл тұрғындарының шаруаға пысық екенін аңғартып тұрғандай… Биыл біраз аудандарында шөп тапшылығы сезіліп жатқанда кеңестіктер қысқы мал азығын ерте бастан дайындап алған екен-ау деген ой келді.

Содан болар округ әкімі Есберген Жапарқұлов ең әуелі бізді шаруа қожалықтарына бастап барды. «Қуаныш» шаруа қожалығының төрағасы Қуаныш Жарқынтаев 25 жастағы жігіт екен. Екі — үш жылдан бері өз қаражатына 10 бас бұқа, 15 жылқы, 200 қой сатып алып, мал басын көбейтумен айналысуда. 25 гектар жоңышқалық алқабы бар. Өз малынан артылған жоңышқасын жемге айырбастап алады. Сөйтіп қыстың күні бордақылайтын ірі қарасына, жылқысына жем — шөбі өзінен шығады. Ал «Байдәулет» шаруа қожалығының төрағасы Бауыржан Байдәулетов жетпістің ауылына жақындап қалған ақсақал кісі екен. Өзі мал дәрігері. Қожалықта 50 жылқы, 100 қой өсірілуде. 15 бие байлап, қымыз саудасын да қыздырып отыр. Биылғы жылдың өзінде 3 жаңа трактор сатып алыпты. Бұл қожалықтағы бас маман Ернар Бауыржановтың да, озат механизаторлар Жасұлан Жақыпбаев, Ринат Гохтың да еңбегі еселі.  Бауыржан Байдәулетов сонымен қатар Кеңес ауылдық округі бойынша билер алқасының  төрағасы. «Біз ауылдағы көп мәселелерді сотқа жеткізбей шешеміз. Мәселен, ауыл жастарының  ерегісіп қалуы, жерге, жайылымға талас секілді жағдайларды жөнімен шешіп отырамыз. Ауылда кейінгі жылдары жас отбасылардың ажырасуы тиылды» дейді билер алқасының  төрағасы.

Сондай-ақ, округтегі «Совет», «Құлан» шаруа қожалықтарының да тасы өрге домалап тұр. «Қожалықта 50 жылқы, 200 қой өсіріп жатырмыз. 10 гектар арпа, 15 гектар жоңышқа жайқалып тұр. Жайылымдық жеріміз де жетерлік. Жылына қожалығымыздың  малына 10 мың түк шөп қоры қажет,  оның  5 мың түгін өз жоңышқалығымнан  жинаймын» дейді «Құлан» шаруа қожалығының төрағасы Нұрмаханбет Жармағанбетов. Ал «Ақермен» шаруа қожалығының жем жинайтын төбесі жабық базасын көріп, шаруа кісілер түйір жемнің қадірін біледі екен-ау деген ойға қалдық.

Аталған округ бойынша 525 жас азаматтар тіркелген. Жастар үнемі ізгі істерге ұмтылып, ауылдағы қарт кісілерге, көмекке мұқтаждарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдемдерін аямай көрсетуде. «Өңірлерді дамыту -2020» бағдарламасы бойынша 2 миллион 365 мың теңгеге ауылдың аты жазылған арка ауыстырылса, 500 мың теңге қаражатқа округ аумағындағы тал – дарақтар күтімге алынып, бағаналар сырланған.

–  Өздеріңіз көріп шыққандай, ауыл аумағы таза, жинақы. Елдің бірлігі, ынтымағы жарасқан. Жастарға ақыл айтар дана қарияларымыз жетерлік. Олардың өнегесін алған жастар тек ізгі іске ұмтылып жатыр. Билер алқасының да рөлі ерекше. Әлеуметтік жәрдем алатындар да азайды. Асарлатып бір үй салып, оны ең мұқтаж кісіге бермекшіміз. Облыс әкімінің, аудан әкімінің бастамаларын қолдап, ауыл ақсақалдарын тыңдап, округті дамыту жолында еңбек етіп жатырмыз, — дейді Кеңес ауылдық округінің әкімі Есберген Дүкенұлы.

Кеңес ауылының шынайы болмысына, дархан көңіл тұрғындарына, еңбекшіл жастарына біз де сүйсіндік.

Меркі ауданы.

   

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support