- Advertisement -

Ақындар абаймен сырласып, мұңын шағудан аса алмай жүр

188

- Advertisement -

Абай – барша қазаққа ортақ тұлға. Сондықтан оны зерттеушілер еліміздің әр өңірінде көп. Солардың бірі – Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданының Құрметті азаматы – Қалибек Алтыбаев. Қазіргі таңда 78 жасқа келген Қалекең Абай мұраларын зерттеп, бірнеше кітаптар жазған. Ол – сөзжұмбақ жасау шебері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қалибек Қизатұлы ұзақ жылдар комсомол, кәсіподақ, кеңес органдарында қызмет еткен. Аудандық дайындау мекемесінің директоры болды. Аудан әкімдігінде бөлім басқарып, мемлекеттік қызметтің де дәмін татты. Бірақ хоббиі – жазушылық, әдебиет төңірегінде іздену.
Газетіміздің тілшісі Қалибек Алтыбаевпен телефон арқылы байланысып, сұхбаттасқан еді. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Абайды зерттеуіңізге не әсер етті?
– Абай қазаққа ортақ кемеңгер тұлға ғой. Абайды оңтүстік, шығыс, батыс деп бөлуге, бір аймаққа меншіктеп қоюға болмайды. Маған ең бірінші әсер етіп, жүрегіме ұя салған – Абай сөзі. Онан соң Абайдың шөбересі, ҚР Білім беру ісінің үздігі, филолог Күлзипа Исрайылқызы апайдың ықпалы көп болды. Ол кісі Зайсанда тұрады. Осы кісіден Абай туралы көптеген мағлұматтар естідім. Абайдың жиені, досым Болатбек Ерсәлімовпен бірге ақынның туып-өскен жері Шыңғыстауды аралап, «Абай жолы» романында аты аталған қоныстарды көріп, қыстауларын, зираттарын араладым. Зиярат еттім. Содан қызығушылығым оянып, шабыттанып қолға қалам алған жайым бар. Абайға арнаған шығармаларымның барлығы сөзжұмбақ жанрының сан салалы тәсілдері арқылы жазылған. «Абайдың алып айдынынан» (2001), «Үш кемелдің шалқарынан» (2011), «Абайды оқы, ойлан тап» (2012), «Абай әлемі» (2014), «Абай» (2017), «Ұлы Абай шығармалары арқылы өрнектелген 100 тұңғыш» (2019) атты кітаптарым жарық көрді. Нәтижесі де жаман емес. 2018 жылы шыққан Қазақстан КИнЭС рекордтар кітабына ендім.
– Абайды әлемдік деңгейде бағалап, жаһандық деңгейде құрметтеуге біздің елде не жетпей жатыр? Әттеген-айыңыз бар ма?
– Абайды әлем деңгейіне көтеру үшін шет тіліне философиялық ойларын сапалы аудару керек. Осы жағы жетіспей жатыр. Абайдың мұраларымен әдебиетшілер ғана айналысып жүр. Абайтанушы ғалымдар аз. Абайға қалам тартпаған ақын жоқ. Бірақ Абайдың дана тұлғасына, дара тұлғасына теңеулері әлсіз. Көпшілігі Абаймен сырласып мұңын шағудан аса алмай жүр. Қадыр Мырзалиевтің «Жүз ақынды туғыздың, ақын Абай, жүз ақын жүр Абайды туғыза алмай…» деуі өте орынды. Осының бәрі әттеген-ай!.
– Еңбек жолыңызды шопан болып бастаған екенсіз. Қазақтың кең даласында шопан бола жүріп, көңілге не түйдіңіз? Абайға құрмет сол кезден басталған жоқ па?
– Мен тауда туып, тауда өстім. Сауыр, Сайқан тауларының жоталарында, сай-саласында, шағылдарды жағалап, жартасының астында, теңіз деңгейінен 3800 метр биік Мұзтаудың басына өрмелеп, биіктен еңіске, төмен жатқан ойпатқа қарап өстім. Мен ғалым немесе кәсіпқой ақын-жазушы емеспін. Менің мектебім – Зайсанның сайын даласы, Сауыр-сайқанның биік таулары. Қай жерде еңбек етіп, жұмыс істесем де Ұлы Абайдың:
«Әсемпаз болма әр неге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де – бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан», – деген сөзін жадыма тоқып өстім.
Әкем Ұлы Отан соғысынан жарымжан болып келген адам. 1955 жылы қатты науқастанып, бағып жүрген бір отар қойға көмектесетін кісі табылмай, бесінші сыныпта оқып жүрген менің қой бағуыма тура келді. «Обалы» бастауыш мектебінің меңгерушісі Жүніс Сәрсенов деген аға Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» мен Михаил Шолоховтың «Көтерілген тың» романдарын беріп, «қыстай оқи бер, осы кітаптар бойынша сынақ-емтихан аламын. Дұрыс тапсырсаң, келесі сыныпқа (класқа) көшіремін», – деді. Сөйтіп «Абай жолы» романның әр тарауын қыстай асықпай мұқият оқып, сырлас болдым. Бір сөзбен айтқанда, Абайға құрметім 12 жасымда басталды.
– Абай қорының президенті Балташ Ерсәлімов пен Абай мұражайының директоры Төкен Ибрагимовпен көп пікірлескен екенсіз.
– Балташ Ерсәлімовпен 1990 жылдан басталған таныстығымыз достыққа ұласты. Семей өңіріндегі Абайға туыс жалғыз адам – осы Балтекең. Ол – Абайдың жиені. Балтекең «Абайдың ақын шәкірттері» атты 4 томдық кітаптың жауапты шығарушысы болды, «Абай» журналын шығарушылардың серкесі. «Құнанбайдың қуғын көрген ұрпақтары» атты кітаптың да авторы – Балтекең.
Төкен Ибрагимов – абайтанудың нағыз білгірі. Ол сөйлегенде тыңдай бергің келеді. М.Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша «Жаза – наза» атты опера-либретто жазған. Екі жүзден астам абайтану еңбектерінің авторы. Төкең «Абайдың алып айдынынан» атты кітабымның алғысөзін жазды. «Бұл кітап оқулықтар басып шығаратын баспалардан жыл сайын басылып шығарылып тұратын кітап. Әр оқушының, әр оқытушы, мұғалімнің қолында, әр оқу орны мен кітапханаларда тұруы тиіс көмекші, кеңесші кітап» деп жазды ол.
Абай – теңдесі жоқ ақын, аса дарынды композитор, асқақ ойшыл философ, қай жағынан алғанда да жанашыр реформатор. Ол өз кезеңіндегі қоғамға ғана емес, қай кезде де маңызын жоймайтын, бүкіл адамзатқа қатысты келелі мәселелерді қамтыған суреткер.
– Қалай ойлайсыз, әр бала Абай шығармасын жатқа білсін деген талап енгізу керек сияқты ма? Абайға қандай құрмет көрсетсек те артық емес қой!
– «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» және «хақ жолы осы деп әділетті» деп Абайдың өзі айтқандай, Абайдың айтқандарын өсиет тұтпайтын адам жоқ. Абайды жаттап өсу керек деген нұсқауды естімедім. Абай шығармашылығынан жарыс, байқаулар барлық мектептерде өтіп тұрады. Негізі, Абай шығармаларын жаттап айта бергеннен гөрі, оның мәнін, маңызын түсініп, «Жүректің көзін ашып, Хақтың сәулесін түсірсе» пайдалы болатын шығар.
– Абай, Шәкәрім, Әуезов өмірінен сөзжұмбақ жасап шығарыпсыз. Оған не себеп болды? Оны жасау үшін қанша жыл бойы іздендіңіз?
– Менің алғашқы сөзжұмбақтарым 1961 жылдан бастап, облыстық «Коммунизм туы» газетінде, республикалық газет-журналдарға шыға бастады. 1962-1963 жылдары «Қазақ календарына» шықты. Бір сөзбен айтқанда партия-кеңес қызметкері болсам да, үзбей шұғылданып, сөзжұмбаққа да уақыт тауып жүрдім. 1993 жылы «Өнер» баспасынан 55 мың данамен «Сан сұраққа саяхат» атты тұңғыш кітабым шыққаннан кейін Абай әлеміне бет бұрып кеттім.
– «Абайдың алып айдынынан», «Атамекен Зайсан», «Үш кемелдің шалқарынан», «Шырағың мәңгі сөнбейді» деген кітаптарыңыз бар екен. Осы туындыларыңызға тоқталып өтсеңіз…
– «Шырағың сөнбейді» деген кітабым 2003 жылы жарық көрген. Бұл кітап Зайсан өңіріндегі ислам дінін таратушы қожа, молдаларға арналған. Олардың кеңес дәуірінде көрген қиындықтары, қуғын-сүргінге ұшыраған сәттері көрініс тапқан. «Атамекен Зайсан» атты кітабым 2006 жылы басылып шықты. Зайсан өңірінің тарихы, жер-су атаулары, экономикалық-әлеуметтік дамуы, атақты адамдары (батыр, балуан, би, болыс, ақын, ғалым) кеңінен қамтылған. Өңірдің тарихының айнасы деуге келеді. Бұл кітап Зайсан өңірінің энциклопедиясы деп бағаланды. Осы еңбегім үшін «Зайсан ауданының Құрметті азаматы» атандым.
– Бұрын-соңды Әулиеата жеріне келіп пе едіңіз?
– Тараз қаласында екі рет болғанмын. Аздап араладым, ұнады. Шығысқа қарағанда саудаға бейім екені көрініп тұр. Тарихынан да хабарым бар. Осы өлкеден шыққан Жамбыл, Кенекең, Бауыржан мен Шерханды білмейтін қазақ жоқ қой. Сондықтан осы тұлғалар шыққан Жамбыл жерін қашанда құрметтеймін.
– Әсерге толы әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support