- Advertisement -

Барлық бала заманауи мектепте білім алғысы келеді

92

- Advertisement -

Соңғы жылдары облыста жүзеге асып жатқан тың жобалар аудандарда, шалғай ауылдарда да лайықты жалғасын табуда. Тұрар Рысқұлов ауданында да биылғы жылы үлкен бастамалар қолға алынды. Аудан тұрғындарын ауызсумен қамту, сапалы жол салу, оқушылардың жүйелі білім алу мәселесінде ауданда барлық жағдай қарастырылған.

Биылғы жылы аудан бюджеті 2019 жылмен салыстырғанда 29 пайызға артуы – өңірлерді дамытуға деген үлкен қолдаудың айғағы.
«Білімді елде ғана алға ілгерілеу болмақ» деген қағидатпен ауданда биыл білім саласының сапасын арттыру мақсатында 12 088,0 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл сала еш кезек күттірмейтін, аса зор көңіл бөлуді қажет ететін бағыт. Жастарға сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты мәселесі.
Осы жолда білім нысандарын лайықты материалдық базамен қамту, заманауи талаптарға сәйкестендіру жұмыстары да өзекті мәселе. Кез келген ауыл баласы қатардан қалмай, материалдық-техникалық жағдайы толық қамтылған мектепте білім алғысы келетіні жасырын емес. Сондықтан ауданда тозығы жеткен мектептердің күрделі мәселелерін шешу жолдары да қолға алынды.
Ауданда биыл 8 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Олардың қатарында 2003 жылдан бері жөндеу көрмеген 4 мектепте, тәуелсіздік алғаннан бері жөндеуді қажет ететін 1 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталды, ал қалған 3 мектеп жыл аяғына дейін жөнделіп бітпек. Бұл білім ұжымдары мен оқушылардың жайлы ортада оқу-тәрбие үрдісін сапалы деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік беретіні даусыз.
Әрине, ауданда жастардың білім алуына, ұстаздардың жайлы ортада жұмыс істеуіне жағдай жасалуда. Өйткені заман талабы солай.
Құландағы іргелі оқу орны саналатын №1 мектеп-лицей, Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орта мектеп пен Әлихан Бөкейханов атындағы мектептерінің ғимараттары да күрделі жөндеуден өтуде.
Сонымен қатар Құмарық ауылындағы Болтай батыр атындағы, Қызыл шаруа ауылындағы №3 шағын орталықты орта мектеп, Р.Сәбденов ауылындағы Ақбұлақ, Каменка ауылындағы Б.Момышұлы, Көгершін ауылындағы Ақтоған орта мектептерінің күрделі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың тамыз айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Осылайша алдағы оқу жылын аудандағы оқушылар заманауи үлгіде жаңарған білім ордаларында қарсы алатын болады.
Сонымен қатар ауданда мектептердің жылыту жүйелері мен қазандықтары да жаңартылуда. Биыл 4 бастауыш мектептің жылыту жүйесі мен Каменка ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектеп пен Қазақ ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектептің қазандықтары жаңартылуда.
36 білім нысандарының ағымдағы жөндеу жұмыстарына жалпы 211,8 миллион теңге қарастырылған. Оның ішінде облыс әкімінің тапсырмасына сай заман талабы бойынша мектеп ғимараты ішінен мектеп дәретханасын салу жұмыстары да іске асырылуда. Ағымдағы жылдың тамыз айына дейін 26 мектепке дәретхана орнату жұмысы жүргізілуде. Әрине, бұл соңғы жылдары болмаған жағымды жаңалық, білім саласына деген үлкен қамқорлық деп тануға болады.
Ауданда шалғай жатқан елді мекендерден жақын жердегі мектептерге оқушыларды тасымалдау жұмыстары да өзекті мәселелердің бірі. Бұған дейін 3 мектепке ғана бюджеттен автокөлік сатып алу жұмысы жүргізілсе, қалған білім нысандарында тасымалдау шараларын жеке кәсіпкерлер өз мүмкіндіктеріне қарай жеке көліктерімен ұйымдастырып келіпті. Өзекті мәселені оңтайландыру үшін ауданға 2 автобус сатып алуға, оқушыларды тегін тасымалдауға қаржы қарастырылғаны құптарлық іс.
Мемлекет өнер мен білім, мәдениет пен әдебиет, ғылым мен жаңа технологиялар, медицина мен спорт, саясат пен экономикада үлкен ізденістерді басынан өткеруі керек. Ал бұған бастар бірден-бір жол рухани жаңғырып, мәдениетті дамыту. Ауданның мәдениет саласын өркендету үшін бюджеттен барлығы 415,5 миллион теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа Көкдөнен мәдениет үйіне контейнерлік типті блокты-модульді қазандықты орнату, Құландағы К.Бекебаев атындағы орталық стадионның, «Сұлутөр» кинотеатрының, Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйі, Қарақат ауылдық клубы мен Мелс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған.
Ауданда тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары да қолға алынуда. Құлан ауылы «Арай» алқабына 5 қабатты 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысын бастауға қаржы қарастырылыпты, құрылыс жұмыстары алдағы жылы басталып, пайдалануға берілгенде көптеген әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасылар тұрғын үймен қамтылды.
Құлан ауылына спорт кешені, Ю.Гагарин атындағы орта мектепке спорт зал, Құлан ауылы «Арай» тұрғын алқабындағы тұрғын үй кешеніне қазандық, Луговой ауылында дене шынықтыру мен демалыс орталығын салуға және Луговой ауылының тұрғын үйге берілетін алқаптарының инфрақұрылымын жүргізуге, Абай ауылындағы Жастар, Самал көшелеріне электр желісін орнатуға, Жаңатұрмыс, Көгершін ауылдарына 90 орындық мәдениет үйінің жобалау-сметалық құжаттамаларын жасауға 12,5 миллион теңге қарастырылып отыр.
Сонымен қатар сапалы жолмен қамту мақсатында ауданда 91 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтар болсақ, тек Құлан ауылы орталығында ғана 46 көшеге, Луговой ауылында 17 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жайы бар. Осы 91 көше жолдарының жөндеу жұмыстарына 716739,0 мың теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын жергілікті «Құлан жолдары» ЖШС атқарады. Бұл мекеме қазіргі таңда 58 көшенің жөндеу жұмыстарын қызу жүргізуде. Бұл жолдар тек жөнделіп қана қоймай, жаяу жүргіншілер жолымен де қамтылып, тал-дарақ, гүлзарлармен абаттандырылады.
Мәселен, облыстық мәндегі автожол – Құлан, Абай, Луговой, Көкдөнен, Каменка, Жаңатұрмыс ауылдарында жаяу жүргіншілер жолы салынып, қауіпсіздік шарасын нығайтуға тағы бір қадам жасалуда.
Сапалы жолмен қамтылған аудан тұрғындары сапалы, таза ауызсумен қамтылуы тиіс. Бұл мәселені де аудан атқамінерлері қолға алып, 8 ауылдың су жүйелерін жаңартуға кіріскен. Жарлысу, Әбжапар, Құмарық, Қаракемер, Алғабас, Бәйтелі, Тасшолақ ауылдарында су құбыры желілері мен су іркуші құрылыстарын салу және Құлан ауылындағы орталық су алғыш құрылысты реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Жоспарланған жұмыстардың барлығы сәтті жүзеге асқан кезде мыңдаған ауыл тұрғындары таза ауызсумен қамтылады.
Талап бар жерде нәтиже бар. Бұл атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы тұрғындар тілегі, қажеттілігі. Халқына жақын әкімдік қызметкерлері халықтың барлық талап-тілектерін назардан тыс қалдырмай, алдағы атқарылатын жұмыстар жоспарына енгізіп, тиісті шараларды қолдануда.

Ләззат ҚҰРАЛБАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support