- Advertisement -

Сортөбе мен Масаншыда жағдай тұрақты

118

- Advertisement -

жергілікті қазақтар дүнген ауылдастары зардап шегіп қалмас үшін оларды өз үйлеріне жасырған

Қордайда орын алған оқиғаға байланысты мәселенің анық-қанығын жеткізу мақсатында аталған ауданға жол тарттық.
Сортөбеге жақындағаннан-ақ жол бойында қаптаған әскерилер мен полицейлердің көліктерін көріп, алабөтен күйге ендік. Ауылға кіреберістен-ақ өртенген май құю бекеті мен қираған кафе де көңілге қорқыныш ұялата түскендей. Ресми мәліметке сүйенсек, аудан бойынша бүгінде 36 тұрғын үй, 11 коммерциялық нысан мен 44 автокөлік өртке оранған. 39 үйдің терезесі сынған. Көше бойындағы өртенген көліктер мен қоқыстарды тазалау жұмыстарына 30 техника, 125 адам жұмылдырылыпты.
Біз Сортөбе ауылының Мәдениет үйіне барғанымызда әкімшілік, халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары жергілікті халықпен кездесіп, олардың шығындарын есептеп, өтініштерін қабылдап, хаттама толтырып жатыр екен. Өткен тәулік ішінде 22 азаматқа жеке куәлік, 17 азаматқа туу туралы куәлік беріліпті.
Мәдениет үйіне келген ауыл тұрғыны Хэ Парова есімді келіншекті сөзге тартып, мән-жайды білмек болдық.
– Бәрі де ойламаған жерден, қас-қағым сәтте басталып кетті. Қас қарайып қалған. Біздің үй ауылдың ішкі жағында, қалтарыста орналасқандықтан, ештеңе болған жоқ. Бірақ сырт жақтағы және орталық көшелердегі біраз үй зақымдалды. Тұрғындардың көпшілігіне түнделетіп, жалаң аяқ, жалаң бас үйлерінен қашып, туыстарын паналауға тура келді.
Осы уақытқа дейін жергілікті тұрғындармен, қазақтармен ешқандай жанжал туындаған жоқ еді. Өте тату, ауызбіршілікте тұрдық. Бұзақылардың барлығы негізі сырттан келген азаматтар секілді. Сосын бір мезетте басталып кеткеніне қарағанда, алдын ала ұйымдастырылған, жоспарланған әрекет секілді әсер қалдырды, – дейді.
Ал келесі жапа шегуші Айгер Фулиннің үйі түгел өртке ораныпты. «Алты балам бар. Өзім жұмыссызбын. Түн ішінде не болып, не қойғанын да білмей қалдық. Барлығы бетперде киіп алған. Кімнің кім екенін танып-білу мүмкін емес. Үйлерімізді тастай қаштық. Уақытша туыстарымызды паналадық. Бұл туралы тіпті есіме де алғым келмейді. Бұған дейін тіпті, болмашы бір жанжал да туған емес еді. Бұл жерде екі жақтан да кінәлілер бар шығар. Бірақ кімдікі басым екені, әлде сырттан арандатушылардың рөлі басым болды ма, белгісіз. Ол жағын айта алмаймыз. Барлығымыз әрі-сәрі күйдеміз. Басқа ештеңе айта алмаймын», – деді.
Ауылда қазір әскерилер мен полицейлер кезекшілік етуде. Зардап шеккен тұрғындарға көшпелі Халыққа қызмет көрсету орталығының, әкімшіліктің, өзге де құзырлы орын мамандары қызмет көрсетуде. Мектептерде, балабақшалар мен мешіттерде ыстық тамақ ұйымдастырылыпты.
Біз барған келесі Масаншы ауылында қираған нысандар қатары көбірек көрінді. Масаншы ауылдық округ әкімінің аппаратына бас сұқтық. Онда түрлі өтінішпен барған көпшіліктің қарасы аз емес екен. Соның бірі Мухарме Самвармен тілдестік:
– Жанжалдың барлығы кешкі сағат 18.00-дер шамасында басталып, түнгі сағат 2-лерге дейін жалғасты. Көше апыр-топыр болып, жанұшыра айқайлаған дауыстан шошып кеттік. Үйіммен жапсарлас соғылған дүкенім бар еді. Алты балам мен кәрі әке-шешемді дереу қуыстағы бөлмеге тығып, үйді құлыптап алдық. Бірақ дүкенім отқа оранды. Ешқайда қашпадық. Бірақ сол күні туыстарына бас сауғалап кеткен ағайындарымыз болды. Оның барлығы дерлік ертеңіне өз үйлеріне қайта оралды. Шекараға дейін барып, еліміз бен облысымыздағы басшылардың сөздерінен кейін сол жерден қайтып келгендер де бар.
Осында бар-жоғы он шақты үй қазақ. Бірақ олармен барлығымыз туыстай болып кеткенбіз десек, артық айтпаған болар едім. Олардан ешбір жаманшылық, қиянат шығады деп ойламаймын.
Қазір бар құжаттарымызды жинап, мүлкімізді қалпына келтіру үшін жүгіріп жүрміз. Әкімшілік тарапынан барлығы түсіндіріліп, бағыт-бағдар берілуде. Құжаттардың барлығы тез арада дайын болады деп уәде беріп жатыр. Бәрі қалпына келіп, бұрынғыдай ауызбірлікте, тыныш өмір сүреміз деп ойлаймын, – деді.
Тұрғындармен тілдесу мақсатында ауыл көшесін араладық. Барлығының дерлік айтатын сөздері бұрын-соңды мұндай алауыздық орын алмаған. Тіпті жергілікті қазақтар оқиға орын алған күні дүнген ауылдастары зардап шегіп қалмас үшін оларды өз үйлеріне жасырған деседі.
Көше бойында Т. Рысқұлов әкімшілігінен келген қызметкерлерге тап болдық. Аты-жөнін жасыруды жөн көрген ағамыз мұнда келгендеріне екінші күн болғандығын айтты. Барлығы 15 адам, 1 КамАЗ, 1 ГАЗель-53, 2 трактор, 1 экскаватор, өзге де қажетті техникаларымен қолұшын созып, тазалау жұмыстарына көмек беруге келген көрінеді. Алайда әзірге жергілікті халық оған рұқсат бермей жатыр екен. Мүлік шығындарын есептеп біткенше қоя тұруды жөн көрген секілді. Мұнда да әлеуметтік нысандарда ыстық тамақ ұйымдастырылып, көмек беру пункттері орналасқан.
Жалпы, аталған ауылдарда қазіргі уақытта жағдай тұрақты. Халыққа түсіндіру, құжаттарын қалпына келтіру, шығындарын есептеу жұмыстары қызу жүргізілуде.
Әзірге бір күнде біз көрген жағдайлар осы. Алдағы уақытта аудандағы жұмыстар журналистердің ең басты тақырыбының бірі болады. Аз күнде мұндағы тіршілік те қайта қалпына келіп, баяғы бейқам күндер қайта оралар деген үмітпен Таразға аттандық.

Сортөбе және Масаншы ауылдары,
Қордай ауданы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Эльвира Жарылқасынова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support