- Advertisement -

Алдымен санаға сілкініс тудыру керек

194

- Advertisement -

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деді. Сондықтан бүгінгі жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беру – басты міндет. Қоғамның санасына сілкініс тудыру – баршаның парызы. Бұл тұрғыда ата-ананың рөлі зор. Мысаы, әрбір ата-ана балаларымен демалыс күндері тарихи-мәдени орындарға барып тұрса, ондағы ұлттық ерекшелігіміз бен тарихымыздан сыр шертетін жәдігерлермен танысып, мән-мағынасын түсіндірсе – бұл да рухани жаңғыру. Алысқа ұзамай-ақ, Таразда қала ішінде көрікті тарихи орындар жетерлік. Бұл тұрғыда мемлекет және жергілікті билік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.
Мәселен 2019 жылы Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы толықтай жаңғыртылды. Облыс тұрғындарының мақтанышына айналған «Ерлік» мемориалдық кешені бой көтерді. Саябаққа қаланың әр аумағында жатқан «Бауыржан Момышұлы», «Ауған соғысы жауынгерлеріне» арналған ескерткіштер көшірілді. Осы күнге дейін Ұлы Отан соғысына қатысқан жамбылдықтар саны 68 мыңдай болса, архив материалдары қайта зерделеніп, олардың саны 106 мыңға толықтырылды және есімдері мәрмар тасқа жазылды. Бұл нысандар жас ұрпақтың ата-баба ерлігіне тағзым етіп, еске алатын қасиетті орынға айналды. Қаншама жеткіншек өз ата-бабаларының аты-жөндерін сол жерден тауып, көріп, бойларын мақтаныш сезімі кернеді.
Ел тарихы үшін маңызды оқиғаның мазмұнын аша түсу мақсатында 1,5 миллион фото-суреттер жиналған «Даңқ» залы ашылды.
Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлестеріміз бен тыл еңбеккерлері туралы толық ақпарат беретін цифрландырылған деректер базасы орналастырылды. Жастарымызға Ұлы Отан соғысының қасіретін, ел басына күн туғанда қайсарлық пен ерліктің үлгісін көрсеткен батыр бабаларымыз туралы тек кітаптан емес, «Даңқ» залы арқылы жан-жақты мәлімет алу мүмкіндігі жасалды. Аталған ғимараттың 2-ші қабатынан даңқты қолбасшы, ұлт рухына айналған жерлесіміз Б.Момышұлының мұраларын зерттеу, жүйелендіру мақсатында «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Жас ұрпақтың бойында патриотизмді қалыптастыру, Баукеңнің ерлігі мен шығармаларын халыққа терең жеткізуде осы орталықтың маңызы зор болмақ.
Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ та қайта жаңғыртудан өтті. Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың ескерткішінен басталатын саябақта жастар жалынымен үндес «Желтоқсан-86» орталығы, «Тәуелсіздік ұшқыны» ескерткіші, ұзындығы 220 метр «Желтоқсан толқыны» атты әуезді субұрқақ, тағы да басқа жастар үшін түрлі спорт алаңдары ашылды. Саябақта Елбасы Н.Назарбаевтың, Бөлтірік Шешен, Ж.Жабаев, Б.Момышұлы, Ш.Мұртаза секілді әйгілі тұлғалардың тәрбиелік маңызы зор даналық сөздері жазылған архитектуралық көрнекі тақтайшалар орнатылды. «Желтоқсан-86» орталығына желтоқсан оқиғасына қатысқан жерлестеріміз туралы электрондық база жасақталып, патриоттық рух беретін тың материалдар жинақталды. Міне, осылайша жастарымыз жүз естігенше, бір рет көру арқылы өткен тарихпен танысып, ғибрат алады.
Теміржол вокзалы аумағына «Көне Тараз» стелласы қойылып, айналасы абаттандырылды. Сан алуан заманаларды өткерген Тараз шаһарының тарихынан сыр шертетін бұл стеллада Көк Тәңірін ұлықтаған ежелгі дәуірлердегі Түркі бабаларымызды еске салып тұратын «Тәңір» сөзі жазылып, өңірден ғұламалардың шыққанын меңзейтін белгілер бейнеленген. Сондай-ақ, Жамбыл бабамыздың қасиетті домбырасы, Ықылас күйшінің киелі қобызының бейнесі көрініс тапты. Тараз қаласының Талас, Тараз, Әулие-ата, Жамбыл аталған тарихи кезеңдерін айшықтайтын балбал тастар, ұлттық құндылығы жоғары басқа да дүниелер орналасқан.
Сондай-ақ мақалада «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі» делінген. Осы орайда 5-7 сыныптар үшін туған өлкеміздің тарихын оқытатын «Өлкетану», Жамбыл облысы» оқулығы әзірленіп, 2019 жылдың басынан бастап оқу үрдісіне енгізілген. Оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында республика бойынша алғаш рет біздің облыста Қазақстанның Еңбек Ері, «Казфосфат» ЖШС директоры Мұқаш Ескендіровтің демеушілігімен «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауы өткізілді. Мыңға жуық оқушы қатысқан, жастар арасында кітап оқуға деген ғаламат құлшыныс туғызған бұл іс-шара Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан қолдау тауып, биылдан бастап республика көлемінде өткізіле бастады.
«Алаңдағы тоғызқұмалақ» ойыны бірегей жобасы да елімізде алғаш рет біздің облыста 2017 жылы басталған болатын.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында рухани мәдениетіміздің жауһарлары қатарында Жамбылдың жырлары, халқымыздың ұлт¬тық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайтын тарихи жәдігерлері, Тараздың ежелгі ескерткіштері¬ аталған. Өйткені Жамбыл жері, Тараз топырағы, Әулиеата өңірі – әр тасынан тарих сыр шертетін қасиетті мекен.
Облысымыздың әр қиырында түрлі тарихи кезеңдерге байланысты мол құпиясын ішіне бүккен орындар жетерлік. Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне жалпыұлттық деңгейдегі 8 тарихи-мәдени нысан, ал микросакралды картаны жасау үшін жинақталып жатқан республикадағы 500 ескерткіштің тізіміне өңірімізден 27 тарихи ескерткіштің енгізілуі осының дәлелі.
Бұл тарихи-мәдени мұраларымызды кеңінен насихаттау мақсатында барлық 35 нысанның GPS координаттары жасалып, нысандарға қолжетімділік толықтай қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, 44 туристік мекеменің маршруттарына енгізіліп, отандастарымыз бен алыс-жақын шетелдерден келген туристерге таныстырылып жатыр. Киелі жерлердің картасына енген 8 жалпыұлттық нысан туралы арнайы деректі фильмдер түсіріліп, көпшілік назарына ұсынылды.
Осы бағытта баспадан «Әулиеатаның қасиетті орындары» атты кітап-альбом мен карта шығарылып, 53 қасиетті орынның 3D моделі жасалды. Олармен «Qasietti-taraz.kz» сайты мен әлеуметтік желілерде танысуға болады.
Сонымен қатар, архивтік деректер негізінде «Әулиеата негіздері» атты тарихи-танымдық кітабы, «Қазақ хандығы ту тіккен өңір» монографиясы мен өңірдегі тарихи-мәдени орындар туралы сыр шертетін «Әулиеата жауһарлары» жинағы жарық көрді.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде орнатылған «Жамбыл облысының архитектуралық ескерткіштері» голограммасындағы Айша бибі, Қарахан, Бабаджа-Хатун кесенелері мен Ақыртас сарай-кешеніне қосымша 15 қасиетті орын енгізіліп, келушілердің өңіріміздегі тарихи-мәдени нысандарды жан-жақты тамашалауына толық мүмкіндік жасалып отыр.
Мемлекет басшысы Ұлытауда өткен халықаралық туристік форумда «Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек» деген еді. Осы тапсырманы жүзеге асыру барысында өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің бастамаларымен соңғы екі жылда облысымыз қайта түледі. Мәдени-рухани-тарихи нысандар бірінен соң бірі бой көтере бастады.
Облыс мерейтойын жамбылдықтар жаңа форматта атап өтті. Аста-төк той-думанмен емес, өңірдің 80 жылдығына орай 80-нен астам әлеуметтік және мәдени-тарихи нысандардың ел игілігіне берілуі соның көрінісі. Оның ішінде шоқтығы биігі, тағылымы бөлек «Тектұрмас» этно-тарихи кешенін ерекше атап өткен жөн.
«Көне Тараз» қорғанынан Әулие-ата ескерткішіне дейін және әрі қарай жағалай созылып, демалыс аллеясы бой көтереді, оның екі жағында Тараз қаласы мен Жамбыл облысының әртүрлі аудандарында орналасқан 26 қасиетті тарихи орындарының кішірейтілген үлгідегі макеттері жайғасады. Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» жобасы аясында ашылған нысандардың бірегейі шаһардың қақ ортасынан орын алған «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешені. Орта Азияда баламасы жоқ алып кешен Тараздың 2000 жылдық тарихын қайта тірілтті десек артық айтқандық емес. Құрылысы орта ғасырлық шығыс сәулеттік стилінде жүргізілген кешенде барлығы 8 нысан қамтылған. Олар: «Руханият және тарихтану» орталығы, «Шеберлер және туризм орталығы», «Көркемсурет галереясы», «Облыстық тарихи-өлкетану музейі», «Ретро-фестиваль» амфитеатры, «Көрме» павильоны, «Сағат» стеласы, «Арбат-2» жаяу жүргіншілер алаңы. Ұлттық құндылығымызды болашақ ұрпаққа жеткізіп, тарихымызды танытуға бағытталған жобаға демеушілер де өз үлесін қосып, құрылысқа қолдау көрсетті.
Ашылған рухани нысандардың бірі – Асқар Тоқпановтың ескерткіші. Облыстық қазақ драма театрының негізін қалап, ондағы шығармашылық ұжымының кәсіби біліктілігін жетілдіруге өз қолтаңбасын қалдырған режиссердің мүсіні өнер ордасының алдына қойылды.
Жамбыл жері – талай өнер тарландары түлеп ұшқан өңір. Бүгінде қазақ өнері мен мәдениетінің дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген де таланттарымыз жетерлік. Міне, сол өнерпаздардың өнегелі өмір жолдарын бүгінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында «Әуендер әлемі» алаңы ашылды. Мұнда өнер иелерінің құрметіне арналған стелла қойылып, айналасына отыз тұғыр тас орнатылды. Бетіндегі алпыс жұлдыз белгісінде өнер жұлдыздары мен тұлғалардың есімдері бар. Стелланың тұғырына Ж.Жабаев, Б.Шолақ, Ы.Дүкенұлы, К.Әзірбаевтың өнер туралы қанатты сөздері қашалып жазылды. Алаңның аумағы 700 шаршы метрден асса, стеланың биіктігі – 6,5 метр. Республикалық және әлемдік ареналарда Жамбыл жерінің мерейін асырған спортшылардың құрметіне «Даңқты спортшылар алаңы» ашылды. Құрмет тақтасында Жамбыл өңірінен шыққан даңқты 145 спортшының және 96 еңбегі сіңген жаттықтырушының есімі жазылды. Міне, өзіңіз байқағандай бір ғана жылдың ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» жобасы аясында қыруар жұмыс атқарылды. Ендігі міндет – сол тарихи-мәдени нысандардың мәнін көпшілікке жеткізу, жас ұрпаққа ұғындыру, өміршеңдігін сақтау.

Зарина ҚУАТОВА,
облыстық «Рухани Жаңғыру» жобалық офисі коммуналық мемлекеттік мекемесінің басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support