- Advertisement -

Жасөспірімдеріміз жарап тұр

70

- Advertisement -

Өңір спорты туралы сөз қозғалса, бірден боксшыларымыз ойға оралатыны бар. Оның себебі де жоқ емес. Жамбылдық боксшылар талай аламандарда ел намысын абыроймен қорғап жүргенін жалпақ жұрт жақсы біледі. Үлкендер бастаған жеңісті жорықты жастар мен жасөспірімдеріміз лайықты түрде жалғастырып келеді. Әрине, қуанасың.
Таяуда Талдықорған қаласында 2004-2005 жылы дүниеге келген жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігі өтті. Дуы басым додада еліміздің барлық облыстарының командасы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының сайыпқырандары бақ сынады. Тартысқа толы жағдайда өткен біріншілікте жалпы саны 224 боксшы топқа түсіп, жүлделі орындарға талас жүргізді.
Ел чемпионатына аттанған жамбылдық жасөспірімдер Талдықорған төрінде жасындай жарқырады. Шаршы алаңда барын салған біздің боксшылар төрт алтын, бір күміс, үш қола жүлдені қоржынымызға түсіріп, мерейімізді тасытты. Ринг төрінде өздерінің техникалық шеберліктерін жоғары деңгейде көрсете білген жасөспірімдеріміздің қимылы көз сүйсінтті.
Қазақстан Республикасы чемпионатының қорытындысы бойынша 44 килограмм салмақ дәрежесінде облыс намысын қорғаған Илья Калинин қарсыластарының барлығынан басым түсіп топ жарса, 46 килограмм салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Полад Әлиев, 66 килограмм салмақта ринг төріне көтерілген Тоқтасын Бабаханов, +80 килограмм салмақ дәрежесінде топқа түскен Елдос Шәріпбек те Ильяның жеңісті жолын жалғап, алтын жүлдеге қол жеткізді.
Төрт оғланымыз атой салған аламанда 63 килограмм салмақта бақ сынаған Әлинұр Өмірбеков күміс жүлдені қанағат тұтты. Сондай-ақ 48 килограмм салмақ дәрежесінде жарысқа қатысқан Нұргелді Садық, 52 килограмм салмақта жұдырықтасқан Бекзат Пірәлі, 80 килограмм салмақта шаршы алаңға шыққан Сұлтанбек Айбарұлы аламанның қола жүлдесін иеленді.
Біріншілік қорытындысы бойынша біздің облыстың құрама командасы жалпыкомандалық есепте топ жарды. Команданы облыстың аға жаттықтырушысы Ержан Жарқынбеков бастап барғанын да айта кету керек. Жасөспірімдер арасындағы додада тамаша нәтиже көрсеткен саңлақтарымыз болашақта бұдан да зор биіктерді бағындырады деп сенеміз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support