Екі мың жылдық тарих сахнасында ойып тұрып орын алған Тараз қаласының туризмдегі әлеуеті әлі де төмендей қойған жоқ. Бұған тарихи фактордан бөлек, шаһардың еліміздегі ең үлкен қалалардың аралығында орналасуы, көршілес Бішкек, Ташкент, Самарқанд сынды қалаларға жақын жатуы себеп болып отыр. Осы себептен де Туризм және спорт вице-министрінің айтуынша, өткен жылы өңірге келген туристер қатары айтарлықтай артқан.
– Былтыр Жамбыл облысына 156 мыңнан астам турист келді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 21 мыңға жоғары. Сонымен қатар, орналастыру орындарының саны 13-ке өсіп, 225 бірлікті құрады, төсек орындары 7048-ге дейін өсті. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша туризм секторындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі артып, 9,8 миллиард теңгені құрады. Бөлінген қаржыға туристік инфрақұрылымды дамыту қажеттігін атап өту маңызды. Өңірде Жуалы ауданындағы «Көксай» этнотуристік демалыс аймағы, «Таскөл» туристік орталығы және Жамбыл ауданындағы «Алмалы» демалыс аймағы сияқты туристік объектілерге инфрақұрылымды жеткізу бойынша өзекті мәселе тұр, – деді Ержан Мәлікұлы.
Сонымен қатар, вице-министр туризм жобалары бойынша инфрақұрылымды жақсарту жұмыстарына тоқталды. Ол үшін жергілікті атқарушы билік органдарына елді мекендерден тыс жерлерде инженерлік-коммуникациялық және көлік инфрақұрылымын жүргізу құзыретін беру туралы мәселе пысықталуда екендігін айтты. Осы бастама бекітілгеннен кейін жергілікті әкімдіктер барлық туристік орындар бойынша жетіспейтін инфрақұрылымды жөндеуге және салуға мүмкіндік алады. Айта кетейік, қазіргі таңда туристік нысандарға инфрақұрылымдық желілер салу міндеттемесі арнайы заңнамамен бекітілмеген. Тек министрлік нұсқаулығына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар өзіне тиесілі аймақта ғана жол салу мүмкіндігіне ие болса, автомагистраль маңына жол салу міндеті жол салушы компанияларға жүктелген. Бұдан бөлек, Ержан Еркінбаев мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер жайында айтты.
– Курорттық аймақтарда туристер тасымалын жеделдету мақсатында өз қаражаты есебінен инженерлік инфрақұрылым салған инвесторларға шығындарды өтеу тетігін әзірлеу бағытында жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ, туристік орындарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша арнайы бюджеттік бағдарламаны әзірлеу бағытында ауқымды жұмыс күтіп тұр. Өңірлердегі қажеттілік бойынша егжей-тегжейлі пысықтау үшін «Kazakh Tourism» АҚ еліміздің ең танымал курорттық аймақтарына түгендеу жүргізуді жоспарлап отыр, – деді ол өз сөзінде.
Сонымен қатар, вице-министр мемлекеттік қолдауға мақұлданған өтінімдердің көлемі өткен жылы 8 есеге ұлғайғанын жеткізді. Осылайша жалпы сомасы 800 миллион теңгеден астам қаражатқа өтінімдер мақұлданған. Олардың қатарында жол бойындағы қызмет, автомобиль көлік құралдарын сатып алуға жұмсалған шығындар, аудандық және облыстық маңызы бар жол торабы бойында туристік нысан салу мен қонақ үй секторы бойынша шығындарды өтеу жұмыстары бар.
Жиын соңында Ержан Еркінбаев алдағы дүниежүзілік Көшпенділер ойынында өңірдің тарихи-мәдени артықшылығын ұтымды пайдаланып, шетелдік туристерді тарту ісін дамыту жөніндегі ұсынысын айтты. Өз кезегінде Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил аталған бағыттағы жұмыстарды бірлесе атқаратындығына сенім білдірді.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ұлтына ұлы қуаныш сыйлаған ұл
- 5 желтоқсан, 2024
Бес жерлесіміз Тайландта жұдырықтасады
- 5 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді