«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әйгерім Сәттібаеваны жамбылдықтар құрметпен күтіп алды

Әйгерім Сәттібаеваны жамбылдықтар құрметпен күтіп алды
Автор
Абай облысының Семей қаласында бокстан ересектер арасында ерлер және әйелдер құрамалары бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды. Ел чемпионатында жамбылдық құрама 1 алтын, 2 күміс, 7 қола медальға қол жеткізді. Әулиеата жеріне бұйырған жалғыз алтын медальді 48 килограмм салмақтағы Әйгерім Сәттібаева иеленді.

Бейсенбі күнінің кешінде әулиеаталықтар Тараз теміржол вокзалынан ел чемпионы Әйгерім Сәттібаеваны ыстық ықыласпен күтіп алды. Қарсы алу салтанатына танымал жазушы, Әйгерімнің қайын атасы Көсемәлі Сәттібайұлы, чемпионның ата-анасы, Олжас пен Әйгерімнің ұл-қыздары келді.

– Ыстық ықыласпен қарсы алып, менімен бірге қуанып жатқандарыңызға көп рақмет. Қасиетті Әулиеатаға ел чемпионатының алтын медалін алып келгеніме өте қуаныштымын. Чемпионаттың жекпе-жектері оңай болған жоқ. Әр кездесу үлкен жоспар, еңбекпен өтті. Себебі, додаға Әлем, Азия чемпиондары қатысты. Дегенмен, намысты қолдан бермедік. Финалда Жетісу облысының боксшысы Әнел Құдайбергенді ұтып, тараздықтардың мерейін асырдым. Мені түсінген бапкерлеріме, ата-ене, әкешешеме, отбасыма және жұбайым, жеке бапкерім Олжас Сәттібаевқа ерекше алғысымды айтамын. Алдағы уақытта жоспарым үлкен. Бұйырса 2026 жылы қаңтар айында бокстан Азия чемпионаты өтеді. Сол байрақты бәсекеде чемпион балсам деген ниетім бар. Алда Азия алтынын иелену жолында тер төгеміз, – деді Әйгерім Бауыржанқызы.

– Мен үйдің тұңғышымын. 9-сыныпта оқимын. Анам түрлі жарыстарға кеткенде атам және апаммен бірге өзімнен кейінгі 4 бауырыма баскөз боламын. Себебі, жеке бапкері ретінде әкем де анаммен бірге жарысқа кетеді. Анамның алтын медаль алып оралғанына қуанып тұрмын. Жеңістері көп болсын, – дейді чемпионның үлкен қызы Найла Олжасқызы.

Қарсы алу сәтінде жамбылдықтардың Әйгерімге деген құрметі көпке дейін толастамады. Жеңістің құрметіне ән шырқалып, күй күмбірледі. Чемпионға бата берілді. Біз Әйгерім Сәттібаеваның алдағы байрақты бәсекелерде чемпион болуына тілектеспіз.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар