«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақтың туы болған Қосы батыр

Қазақтың туы болған Қосы батыр
Автор
Кешегі халқымыздың басына қатер төнген жаугершілік заманда найзаның ұшымен, білектің күшімен ел қорғаған батырларымыз аз болмады. Олардың ішінде Қосы батыр Сәмбетұлының ерліктері ерекше айтылады.

Байзақ ауданы, Қосы батыр ауылында Қосы Сәмбетұлының 355 жылдығына арналған «Мыңбасы Қосы батыр – ерлігі ерен тарихи тұлға» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараны аудан әкімі Олжас Баққараев ашып, барша халық ардақтаған батырдың ерлік істеріне, жас ұрпаққа берер патриоттық құндылығына тоқталды. Мемлекет және қоғам қайраткері Бөрібай Жексембин де толғана сөз сөйледі.

«Берекесі мен бірлігі артқан Байзақ ауданы жылдан жылға өркендеу үстінде. Тарихта ерлігімен дараланған тұлғаларға тағзым жасау – ізгі істің үлкені», – деді ол.

«Қосы батыр» қоғамдық қорының төрағасы Дәулетбай Есімбеков те тағылымды сөздің тізгінін ағытты. Бұдан кейін «Қосы батыр – ерлігі ерен тарихи тұлға» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады. Ұлттық журналистік зерттеу орталығының жетекшісі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторанты Дәрмен Смайыл модераторлық еткен конференцияда белгілі тарихшы-ғалым, археолог, этнограф Сауран Қалиев, «Қосы батыр» қоры төрағасының орынбасары, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Болат Үсенбаев мазмұнды баяндама жасады.

Экономика ғылымдарының кандидаты Аманкелді Карентаев, қор құрылған күннен бастап хатшысы болып, барлық іс-қағаздарын жүргізіп келе жатқан ардагер журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы тереңнен сөз қозғап, конференцияның мазмұнын байыта түсті. Жиынға келген қонақтар аудан өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламаны тамашалады. Байзақтық айтыскерлер Дархан Әбдіманат пен Рай Дөңбай жырдан шашу шашты. Конференция аясында ұйымдастырылған спорттық ойындар да тартысқа толы болды.

Қазақ күресінен жеңімпаз атанғандарға, қошқар көтеруден алдына жан салмаған білекті жігіттерге жүлде берілді. Батыр баба мерейтойын өткізуге үлес қосқандардың барлығы сыйлықсыз қалмады. Ауыл ақсақалдарына шапан кигізіліп, өзгелеріне «Қосы батыр» қоғамдық қорының атынан сый-кәделер және Тұрсынхан Толқынбайұлының «Сәмбет ұрпақтары» шежіре кітабы берілді.

Қосы батыр ұрпағы, мемлекеттік қызмет пен білім беру ісінің ардагері Назым Қуанышбайқызы бастаған ақ жаулылықты әжелер де қонақтарға құрметтерін көрсетті. Түс қайта аудандық атшабарда бәйге өтті.

 

Есет ДОСАЛЫ

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар