- Advertisement -

Құтты болсын Табиғат, тұңғыш кітабың!

201

- Advertisement -

өңіріміздің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында облыстық «Аq jol» газетінің бөлім меңгерушісі, Әріптесіміз Табиғат Абаилдаевтың алғашқы жыр жинағы облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен жарық көрді

«Миллениум». Ақынның алғашқы кітабы осылай аталады. Бұл сөз «Мыңжылдықтар тоғысында» деген мағына береді. Таптаурын болған атаулардан алыстап, автордың жаңаша ойлауға талпысы – бұл. Пышақтың қырындай ғана жіңішке кітап. Бірақ көтерген салмағы атан түйеге жүк болардай. Тұсаукесерді жас ақын Нұрболат Жолдасбек жүргізді.
Әріптесіміз, газетіміздің бұқарамен байланыс және спорт бөлімінің редакторы Табиғат Абаилдаевтың «Миллениум» атты жыр кітабының тұсауын қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлы мен республикалық «Жас Алаш» газеті бас редакторының орынбасары Оралхан Дәуіт кесіп, қадамына сәттілік тіледі. Облыс әкімінің кеңесшісі Жасұлан Әбдіхалық жылы лебізін арнап, ақынға: «Жазарың көп болсын!» деп тілеулестік білдірді. Аталған басқарманың басшысы тұсаукесер рәсімінде сөз алып, ендігі кезекте тағы бірқатар жас ақындардың жыр жинағы жарық көретінін жеткізді. Жазушы, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы облыстың бас басылымында жас қыз-жігіттер шоғыры қалыптасқанын, редакция тарапынан жастарға қолдау жоғары екенін, өңірдің жас ақындарының өлеңін өзі сұратып, жариялауға дайын екенін айтып, жас ақын Табиғаттың алғашқы кітабына қуанышын білдіріп, шығармашылығына табыс тіледі.
Келесі сәтте «Aq jol» газетінің өкілдері Табиғатқа өлең арнап, құрмет көрсетіп, қуанышын бірге бөлісіп жатты. Мұнан соң журналистика саласының ардагері Бекет Момынқұл, медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабеков жылы лебіздерін білдірді.
Т.Абаилдаев бірнеше өлеңдерін оқып, кешке жиналған көпшілікке алғыс айтты.
Алғашқы жыр жинағың құтты болсын, Табиғат!

«Aq jol-Aqparat».

Біздің ақын

Жинамайсың жаныңа досты күшпенен,
Ашулансаң – ақпансың! Бұл қысқы шағың.
Жарық көрген арнайы тапсырыспенен,
Құтты болсын Табиғат тұңғыш кітабың!

Сыйғызатын жігітсің ғасырды үйге,
Өлеңіңе осылай шын баға берем.
Мың жылдыққа кететін асыл дүние,
Тарайды енді Алашқа мың данаменен.

Жүрміз сені бағалап, шын бедел көріп,
Ашылады ақынмен қоғамның мәні.
Мүшәйрадан жүруші ең жүлдегер болып,
Өлең болып кетті ме солардың бәрі.

Сырды бізге ашасың біреуге ашпаған,
Сенің де адал білемін көңілің досқа.
«Ақ жолдықтар» ұжымың тілеулес саған,
Тұңғыш шыққан кітаптың жөні бір басқа.

Бір адамдай өзіңді білгендей едік,
Шын ақынсың жазылар кемел жырлары.
Тек жұмыстың қамымен жүргендей едік,
Қашан туды осынша өлеңнің бәрі?

Жетелепті биікке арман күтпеген,
Әр өлеңі биік тұр мұнда ғылымдай.
Кітабынан тазалық, дархандық көрем,
Табиғаттың өзінің мырзалығындай.

Жаңа кітап! Естідім жақсы ақпарды мен,
Шығардың сен Табиғат айды аспанға да.
Енді сенде тағы бір мақсат бар білем,
Берсек екен тапсырыс қай басқармаға?

Бәрімізді қуантсын шешімі қақтың,
Болады рас тәттісі, сөздің кермегі.
Авторы ауыр болған соң осы кітаптың,
Жеңіл-желпі өлеңді жазғым келмеді!

Тараз қаласы.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support