«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы басты назарда

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы басты назарда
ашық дереккөз
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы басты назарда

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бас партияның назарында. Сондықтан бұл бағдарламаның облыста жүзеге асырылуы «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросының кезекті отырысында қаралды. Жиынды филиал төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Бюро отырысында аталған жобаның іске асырылу барысы туралы облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы, партия мүшесі Гүлдана Жауынбекованың есебі тыңдалды. Жоба іске асырылғаннан бастап 2010-2018 жылдары ауылдық елді мекендерге 1538 маман жолдамамен келіп, 4,2 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген бюджеттік несие алу арқылы баспанамен қамтылыпты. Бүгінге оның 1377 маманы ауылдық елді мекенде жұмыс атқаруда. Сондай-ақ биыл 256 маманға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 969,6 миллион теңге жеңілдетілген бюджеттік несие бөлініп, осы қаржыға 268 маман несие алған. Яғни тұрғын үй сатып алудан үнемделген қаржы есебінен қосымша 12 маман несие алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Бюро мүшелері, мәслихат депутаттары және жауапты басқармалардың қызметкерлерінен құрылған топтар Жамбыл, Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас және Шу аудандарында болып, жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізген. Аталған мәселеге байланысты сөз алған бюро мүшесі Рүстем Бегалиев жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстарға зерделеу жұмыстарының жүргізілгенін айтып, өз ойын ортаға салды. Жоба іске асырылғаннан бастап, облыс бойынша жобаға қатысқан 1786 маманның 2019 жылдың 1 қыркүйегіне 640-ы несиелерін мерзімінде өтемей, борышкер болған. Олардың берешек сомасы – 116,5 миллион теңгені құрайды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық мәслихаттың депутаты, «Nur Otan» партиясының облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясының мүшесі Ғалымжан Сағынтаевтың №15 сайлау округі бойынша депутаттық міндетін атқаруы туралы есебі тыңдалды. – Менің Жамбыл ауданы сайлаушыларымен және «Nur Otan» партиясы бастауыш партия ұйымдарында есепте тұратын партия мүшелерімен арадағы қатынасым үзілген емес. «Nur Otan» партиясы қызметінің аса бір жауапты тұсы – қоғамдық қабылдаулар өткізу кестесін бұзбай, әрбір ауылдық округтерге белгіленген қоғамдық қабылдауларын өткізуді «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі ретінде өзімнің төл міндетім деп қарадым. Мысалы, бір ғана биылғы жыл ішінде 10 қоғамдық қабылдау өткізіп, оның тоғызының оң шешім табуына ықпал еттім. Біреуіне құқықтық кеңес бердім. Олардың қатарында Айша бибі, Бектөбе ауылдары тұрғындарының өтініштері бойынша тұрмысы төмен 15 отбасыға газ және Айша бибі ауылындағы 1 үйге жылу жүйесін кіргізіп бердім. Қоғамдық қабылдауға келген Түркісіб ауылының тұрғыны Сандуғаш Тоқтыбаеваның көзі нашар көретін баласы Алмат Әкімханды Алматы қаласына емдетуге көмек берілді. «Қаратөбе» бастауыш партия ұйымының кабинетіне компьютер, үстелдер мен орындықтар, шкафтар мен кеңсе тауарлары сияқты аса қажетті заттарды алып беруге көмектестім. Сондай-ақ жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, оның ішінде жас балаларға және тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетуді міндетіме алған болатынмын. Бектөбе ауылы жастары үшін жалпы құны 5 миллион теңге тұратын сырты қоршалған, түнгі жарықпен қамтамасыз етілген шағын футбол алаңын салып беруге атсалыстым. Жамбыл ауданы ардагерлер кеңесімен арадағы тығыз депутаттық байланысым арқасында қайырымдылық қолдауға аса мұқтаж ауыл тұрғындары Ж.Матақтаева, А.Тортаева және Б.Сауытбаевқа 3 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеттім. «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» жобасы аясындағы жыл сайын өткізілетін «Мектепке жол» акциясына тұрақты түрде қатысып келемін. Мысалы, 2016 жылы – 6, 2017 жылы – 5, 2018 жылы – 7, 2019 жылы 10 балаға жалпы сомасы 770 мың теңгеге киімдер мен оқу құралдарын алып бердім. Аса ауылының тұрғыны Аманкүл Орманованың 7 немересіне қыстық киім-кешек, азық-түлік пен жоғары оқу орынына төлейтін қаржысын беріп, өтінішін орындадым. Сонымен қатар «Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында Бесағаш, Ақбұлым, Бектөбе, Шайқорық ауылдарындағы аз қамтылған 15 отбасын азық-түлік тауарларымен қамтамасыз еттім. Ал ағымдағы жылдың қазан айында «Nur Otan» партиясы Жамбыл аудандық филиалымен бірлесе отырып, партияның «Кедергісіз келешек» жобасы шеңберінде «Мейірім шуағы» атты қайырымдылық шарасында Бесжылдық, Аса, Айша бибі ауылдарында тұратын мүмкіндігі шектеулі 5 балаға жүріп-тұруға аса қажетті тірек-қимыл құралдары мен ортопедиялық велосипедтер табыс еттім. Сондай-ақ «Nur Otan» партиясы атынан сайланған облыстық мәслихат депутаты ретінде Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі ғимаратының сыртқы кіре берісін заманауи архитектуралық сипатқа сәйкестендіріп салып беруге ықпал еттім. Әрине, мен осындай партиялық қоғамдық жұмыстарға белсене қатыса отырып, «Nur Otan» партиясының қоғамдағы орны мен беделін әрдайым жоғары көтеріп отыруды партия және депутаттық фракция мүшесі ретіндегі өз міндетім деп санаймын, – деді ол өз есебінде. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросы отырысының соңында партия облыстық филиалының 2020 жылдың І жартыжылдығына арналған жұмыс жоспары, партия облыстық филиалындағы қоғамдық қабылдауының 2020 жылға арналған кестесі, сонымен қатар алдағы жылдың алғашқы алты айына арналған медиа-жоспары, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясы мен партия филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің құрамдарына толықтырулар енгізу туралы мәселелер қаралды. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев партия облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросы отырысын қорытындылай келе облыстық филиалдың алдында тұрған ішкіпартиялық жұмыстарға және қоғамдық-саяси бағыттағы міндеттерге назар аударуға шақырды.

Маржан Рақай

Ұқсас жаңалықтар