- Advertisement -

Елім деп соққан жүрегі

3 157

- Advertisement -

Өткен ғасырдың басындағы саяси тартыста бұғанасы бекіп, қиын жылдарда орысша білім алып, мемлекеттік деңгейдегі тұлға дәрежесіне көтерілген арыстарымыздың бірі – Тұрар Рысқұлов. Әділетсіз қадамдардың арғы жағында өз халқының бұлқынған ызасы, қорлануы жатқанын түсінген Тұрар бүкіл өмірін өз елінің бақыты жолындағы күреске арнауды мұрат тұтқан. Міне, осындай қайталанбас тұлғаның, қазақтың асыл перзенті Т.Рысқұловтың туғанына – биыл 125 жыл.
Осыған орай және облыстың 80 жылдығы қарсаңында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бас ғимаратында «Тұрар Рысқұлов – халықаралық деңгейдегі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері» тақырыбымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияның пленарлық мәжілісін аталған университеттің ректоры Махметғали Сарыбеков ашып, Т.Рысқұловтың қазақ халқының жүрегіндегі биік бағасына тоқталып, алғашқы сөзді облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбековаға берді.
Сұлушаш Сәтбекқызы Т.Рысқұловтың сонау ел басына күн туған шақта Сталинге бірнеше мәрте хат жазған ерлігін айта келіп, оның тарихтағы болмысына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ ол Тұрарды тану – елдің шері мен мұңын, қасіретке толы өткенін тану екеніне елдің назарын аударып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Мұнан соң сөз сөйлеген Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразалы Сәбден Нұр-Сұлтан мен Алматыда сөйлеу бөлек, Тұрардың жерлестерінің алдында, қызмет еткен жерінде мінберге көтерілу басқаша дей келіп, қайраткердің халықаралық деңгейдегі тұлғасына тоқталды.
– Тұрар Рысқұлов туралы ізденгенде қатты қиналдым. Оның артында қыруар ісі, мемлекетшіл көзқараспен елдің мүддесі жолында өз қолымен жазып кеткен еңбектері бар. Оларды зердеден өткізбей, Тұрардың тұлғалық портретін ашу өте қиын. Тәуелсіздікті армандап, отаншыл болған Т.Рысқұлов озық ойымен ерекшеленіп, қыруар іс жасаған, тарихта сирек кездесетін тұлға. Ол анасынан да, әкесінен де ерте айырылды. Ерте есейді. 1917 жылы қазақ-қырғыз жастар революциялық одағын құрды. Тұрар сол кезде бар болғаны 23 жаста болатын. 24 жасында денсаулық сақтау комиссары болса, 1926 жылы РКФСР Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне көтерілді. Артында 250-ден астам еңбек қалдырды. Академик Манаш Қозыбаев «Тұрар – өз Отанының патриоты» деп бағалады. Тұрар Түркістан Компартиясы атауының Түркі Компартиясы болуын қалады. Түбі бір Түркі халқының басын біріктіруді армандады. Түптің-түбінде Тұрардың бұл арманы орындалады деген сенімім мол. Алматыдағы Халық шаруашылығы институтына Тұрар Рысқұловтың атауын қайта беруді ұсынамын, қолдаймын, – деді Оразалы Сәбден.
Бұдан соң әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова сөз алып, еліміздің тарихында үш мәрте ашаршылық болғанын, олар 1916, 1921-1922, 1931-1933 жылдарды қамтығанын, осы нәубет жылдарда Т.Рысқұлов өз халқын ауыр азаптан, қырылып кетуден арашалау жолында жан аямай еңбек еткенін, Сталинге хат жазғанын, онда ашаршылықты ашып көрсетпесе де, халықтың ауыр тұрмысын кеңінен қамтығанын, қазақ жеріндегі 40 миллион малдан 4,5 миллион ғана мал қалғанын күйзеле көрсеткеніне, бірақ оған Сталин көз жұма қарағанына нақты деректермен тоқталды.
Келесі сәтте тұрартанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұхтар Қазыбек Тұрарға қатысты жазылған құпия құжаттар жөнінде айтып, қайраткердің 100 жылдығына Виктор Устинов 15 мың тиражбен кітап жазғанына тоқталып, жалпы 1972 жылдарға дейін Тұрар туралы жазуға, айтуға қатал тыйым болғанын еске алып, бұл іске Асанбай Асқаровтың ықпал еткенін, содан кейін барып Шерхан Мұртазаның қалам сілтеуіне жол ашылғанын баяндап өтті. ҚР Президенті сыйлығының иегері Көлбай Адырбекұлы қазіргі таңда кейбір тәуелсіз басылымдарда Т.Рысқұлов жайлы келеңсіз мақалалар жазылып жүргенін сөз етіп, Мұхтар Мағауиннің «Дат» газетіне Тұрарды қаралап жазған мақаласына кеңінен тоқталып, талдап берді. Ол жерде Тұрарды халықтың жауы етіп, ашаршылыққа себепкер етіп көрсеткеніне қынжылыс білдірді.
Мұнан соң әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Гүлнар Қозғанбаева «Т.Рысқұловтың Моңғолиядағы қызметінің бір қыры» тақырыбында баяндама жасаса, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының «ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы» бөлімінің меңгерушісі Сәбит Шілдебай, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры Меруерт Көпбаева мінберге көтеріліп, Тұрардың публицистикалық және поэтикалық тұлғасына терең тоқталды.
Пленарлық мәжілісті Махметғали Сарыбеков қорытындылап, жиында Тұрардың биік тұлғасын сүбелі сөздерімен ашқан қайраткерлер мен ғалымдарға алғысын білдірді.
Мұнан соң конференция бірқатар сырт елдерден және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан келген ғалымдардың қатысуымен секциялық жұмыстарда жалғасты.

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support