МЫРЗАХМЕТОВТІҢ МУЗАСЫ

МЫРЗАХМЕТОВТІҢ МУЗАСЫ
ашық дереккөз
МЫРЗАХМЕТОВТІҢ МУЗАСЫ
Көсемәлі сәттібайұлы.

Елге болсын дейтін азамат басшы болған жерінде үнемі жақсы да жарқын ізін қалдырып жүреді. Асқар Мырзахметовтің Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған кездегі игілікті істеріне Ел де, Елбасы да риза боп, Мемлекеттік сыйлықпен марапаттағанын білеміз. Ол сыйлықтың қаржысын балалар үйіндегі бүлдіршіндерге берген қамқорлығынан да хабардармыз. Міне, сол жақсы істердің бәрі бүгінде қасиетті Әулиеата өңірінде де жалғасын тауып, қолға алынып жатыр. Міне, облысымыздың 80 жылдығының қуанышы да басталды. Өңір оған қандай тарту-таралғымен келді? Қаламыз бен даламызда не істеліп жатыр? Нендей жағымды жаңалықтар мен өркенді өзгерістер бар? Құдайға шүкір, ел мақтанатын да, шаттанатын да тірліктер көп. Соның бірі, халқымыз ежелден киелі жер деп ерекше қастерлейтін Тектұрмас әулиенің биігі адам танымастай өзгеріп, жан сүйсінетіндей жайнап шыға келді. Күнделікті қарбалас қызметтен қол қалт еткенде арнайы барып көрдік. Көрдік те көңіліміз толқып, сезіміміз шалқыды. Ежелгі Таразымыздың, қасиетті Әулиеатамыздың атын бұрынғыдан да аспандатып, бұрынғыдан да айшықтай түсетін үлкен этно-тарихи кешеннің құрылыс жұмыстары аяқталыпты. Қуанғаным, Тектұрмас әулие биігі енді туристер мен қалалықтар үшін тек зиярат ететін орын ғана емес, сонымен бірге тарихи-мәдени ғибраты көз алдыңда тұрған танымы мол тағылымды орынға да айналған. Барлық шежірең, бүкіл тарихың, хандарың, абыздарың, ғалымдарың, батырларың бәрінің де дерегі осы жердегі тұғыр тастарда әшекейлі әріптермен жазулы тұр. Жоғары оқу орындарының тарих пәндерінің ұстаздары үшін ашық аспан астындағы аудитория десе де болғандай. Шәкірттеріңді ертіп әкел де, Тектұрмас биігіндегі саф ауаны кеуде кере жұтып тұрып дәрісіңді оқи бер. Одан бөлек, ақ некелерін қиып, жас шаңырақтарын көтерген жарасымды жұптар үшін Әулиеаталарының басына барып, тағзым ететін мекеніне де сұранып тұр. Туристердің де тарихи-мәдени кешенді таңғала тамашалап, Тараз қаласының үстінен қараған кездегі ғажайып понораммалық көрінісіне сүйсінетін жері де енді осы ара болмақ. Ал бұрын осы жер қандай еді? Әлбетте, шөбі қураған, қуаң да жұтаң төбелердің бірі ғана болатын.

Көне Тараз шаһары қақпасының символындай болған арканы көріп те риза боласыз. Ондағы көне руна стилі арқылы латын графикасымен бәдізделген қазақ сөзі дербес мемлекет, тәуелсіз ел екенімізді паш етіп тұр. Тілімізді түсінбейтін жұрт тілін жаттықтырсын, үйренсін, онда тұрған ештеңе жоқ. Англияға барғанда ағылшындардың, Қытайға барғанда қытайлардың, тіпті, Грузия мен Арменияға барғанда да сол елдің ирек-ирек төл жазуларына қызыға қараймыз, түсінбесек те ұлттық рухтарының мықтылығына, әліпбилерін тоталитарлық режимнің сойылынан сақтап қалған қайсарлықтарына таңғаламыз. Біздің әліпбиімізді де сол қанқұйлы жүйе кезінде латыннан кириллицаға күштеп ауыстырды. Елбасымыз, міне, сол жазу-сызуымыздың басынан өткен «ақтаңдақтар» залалдарын қалпына келтіру үшін арнайы тапсырма берді. Енді кері шегіну жоқ. Әрине, кейбір әріптердің ыңғайлысын таңдау тұрғысынан әлі де жұмыс істеу керек. Ендеше, ежелгі шаһарымыздың киелі қақпасы құтты болсын! Одан пиғылы жамандар емес, тек қана пейілі түзу достарымыз ғана оң аяқтарымен аттап, елімізге бақыт пен бейбіт өмір тілеп өтетін болсын! Тараздың төрінен шығыс стилінде салынған «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені де керемет! Жолдың екі шетіндегі баяғы «хрущевкалардың» бәрі жаңарып, сәнді кірпіштермен қапталған. Терезелері жаңаланған. Бірінші қабаттағы шаштараз, т.б. қызмет көрсету орындары заманауи келбетке ие болған. «Жасұлан» дәріханасынан бастап «Чайка» сауда үйіне дейін қарап өттік, атқарылған жұмыстарға көңіл толады. Халық үшін жасалып жатқан іс екені көрініп тұр. Елдің, сол елдің келешек ұрпағының игілігі екені де анық. Бұрын Таразда «Арбат» жоқ деуші ек, ол арман да орындалатын бопты. Бұл көшемен енді автокөліктер бұрынғыдай ерсілі-қарсылы ағылмайды. Қала тұрғындары мен туристер емін-еркін, алаңсыз демалатын болады. Шығыс үлгісіндегі ғимараттар ою-өрнекке бай. Бояулары қанық және сан алуан түсті. Қарап тұрып сүйсінесің. Ертең осы жерде немерелерің, шөберелерің қыдырып жүріп, руханият орталықтарының ғажайып ғибраттарын тамашалайтынын ойлап, риза боласың. Орта ғасырлардағы Шығыс шаһарларының құрылысы (патша сарайлары, уәзірлер мекен-жайлары, мәдени ғимараттар, медреселер, кітапханалар, базарлар, қолөнер шеберханалары, түрлі ұсақ сауда орындары, т.б.) «цитадель», «шахристан» және «рабат» деп үш бөлікке жіктеліп салынғанын тарихшылар да, археологтар да өз еңбектерінде нақты мысалдармен жазып қалдырған. Ол әлі де жазыла бермек. Жеке-жеке тоқталсақ, «Цитадельде» билеушілер тұрса, «Шахристанда» қоғамдық ғимараттар, сауда үйлері, мәдени мекемелер, медреселер, кітапханалар болған. Қызметкерлер де осы маңды мекендеген. Ал «Рабат» шеткерілеу, тіпті, қамалдан тыс орналаса береді екен. Бұл мысалдар Отырар, Қараспан, Ақтөбе (Баласағұн), Талғар және Тараз қалаларындағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде анықталған. Демек, Тараз қаласында ашылғалы отырған «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің мәдени, рухани тұрғыда халыққа көрсететін қызметі де лайықты деп білеміз. Мысалы, руханият орталығы, мұражай, қолөнер шеберханалары, т.б. туристерге көне шаһарда жүргендей әсер етіп, көңілдерінен шығары даусыз. Тағы бір есте ұстайтын жайт, ежелгі Тараз қаласы дегенде көзі ашық, көкірегі ояу адамның ойына кешегі ғасырлардағы Қоқан ханы билеген Әулиеата кезеңі емес, одан әрідегі, тіпті, сонау орта ғасырлардағы Талас, Янги Тараз, Тараз сияқты шаһарлардан бастау алатын тарихи-мәдени-рухани жәдігерлер түсіп, соларды көргісі, білгісі келетіні анық. Ал оны «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінен ғана табатынымыз тағы шындық. Ал мұнаралы сағатқа келсек, олар Меккеде тұр – өз көзімізбен көрдік, Лондонда тұр – фильмдерден, суреттерден тамашаладық. Технология дамыды екен деп, уақыт дегеніңіз қазір смартфоныңызда тұр екен деп, ешқандай ел мұнаралы сағаттарын тәркі етіп, алып тастап жатқан жоқ. Ал өз елімізге келсек, басқа қалаларымызды айтпағанда, мұндай биік мұнара басындағы сағатты Алматыдан да, астанамыз Нұр-Сұлтан қаласынан да көргеміз жоқ. Жамбыл бабамыздың тарихи ескерткіші де өз орнын тапты. Ұлы Абай атындағы үлкен даңғылдың бойына жыр алыбы Жамбыл атамыздың ескерткішінің әкелінуі ақынын іздеген әкімдері бар елдің үлгісі, өнегесі ретінде жарасып тұр. Сонау хандар заманынан бермен қарай ақындарын әлпештеген, жырауларын ұлықтаған халық екенімізді дәріптеп тұр. Қаланың кескін-келбетін жаңғыртып, жаңа мазмұн-реңк пен жаңа сәулеттік шешімдерге қол жеткізу үшін кейде осындай батыл қадамдарға да бару керек болады. «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі шығыс стилінде салынып жатқан көркем ғимараттардың үлгісі ежелгі шаһарларға ортақ. Тәж Махал, Шах Жаһан сияқты т.б. ежелгі кесене-ескерткіштердегі сәулет өнерінің үлгісін тек бір ел мен оның шеберлеріне теліп қоюға болмайды. Бәрі де Шығыс үлгісі. Сол Шығыстың бірі Еуропа мен Азияны жалғап жатқан біздің еліміз. Қасиетті Қожа Ахмет Ясауи мазарын да атақты Ақсақ Темір Шығыс шеберлеріне күмбезін көк түспен айшықтап салдырыпты. Біз білетінде, Асқар Мырзахметовтің басшы ретінде өзіндік бір стихиясы, өзіндік бір музасы бар. Оны басқа басшылардан ерекшелеп тұратын да осы қасиеті. Ол – өзі басқарған өңірдің тарихына, мәдениетіне, руханиятына, өнеріне қатысты жәдігерлерді, тағылымдарды бір арнаға бұрып, бір орталыққа тоғыстырып, сосын оларды сәулет өнеріне, ғажайып ғимараттарға айналдырудың нәтижесінде ел игілігіне тарту ету. Сол арқылы тарихи-мәдени құндылықтарымызды, салт-дәстүрлерімізді әр жүрекке жеткізу. «Қуаныш бөліссе көбейеді». Әрине, өңір басшысының алдағы мақсаттары мен жоспарлары бұдан да биік, бұдан да үлкен екенін халық сезіп, біліп отыр. Ол сүйінішті жаңалықтарды да кезі келгенде халыққа жеткізіп, қуанышты өздерімен бөлісетін боламыз. Әзірге «Көне Тараз», «Тектұрмас» тарихи-этномәдени кешендерінің ашылуына Алла разы болсын айтайық. Жаңарған, жасарған өңіріміздің 80 жылдық мерекесі құтты болсын, ағайын!

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар