- Advertisement -

88 кітап сыйға тартты

104

- Advertisement -

Газетіміздің қырық жылдан бергі тұрақты оқырманы Келіс Әбітаев есімді ардагер ұстаз редакциямызға келіп, акциямызға атсалысып, үйіндегі басы артық кітаптарын сыйға тартты.
– Мен «Aq jol»-мен 1970 жылдардан, «Еңбек туы» кезінен бастап «доспын». Басылымның оқырманы ғана емеспін, анда-санда өзім де газетке қалам тартып отыратын кездерім бар.
Ұмытпасам, 1973 жылы мен Қаратау қаласындағы бұрынғы ХХІІ-партсъезі атындағы мектепте мұғалім әрі бастауыш комсомол ұйымының жетекшісі болып қызмет істеп жүргенімде, «Еңбек туы» газетінің тілшісі келді. Ол кезде Қаратауда жалғыз қазақ мектебі сол болатын. Тілшінің міндеті – мектептегі жақсы істер, жаңашылдықтар болса газет бетіне шығарып, таныстыру еді.
Ал сол кезде жастар жетекшісі мен болғандықтан, тілшімен жұмыс істеу маған жүктелді. Ол тұста қала мектептері ауыл мектебінің біріне шефтік жасайтын. Біздің мектеп сол кездегі «Қызыл Октябрь», қазіргі Қызыл әуіт ауылындағы мектепке шефтік ететін. Екі мектеп үзбей байланыста болып, бірлесіп түрлі іс-шаралар жоспарын құрдық. Соның бірінде арнайы автобуспен 40-50-дей оқушыны апарып, кездесу ұйымдастырдық. Дайындалған спорт командалары футболдан, волейболдан, стол теннисінен, шахмат, тоғызқұмалақтан жарыстар өткізді. Соңынан біздің мектеп көркемөнерпаздары үлкен концерт қойып, қошеметке бөлендік. Сосын өз тарапымыздан мектеп кітапханасына 150 дана кітап, 5-6 доп, тоғызқұмалақ тақтатасын сыйлаған едік.
Сол кішігірім игі ісімізді газет тілшісіне жазып берген едім. Ол мақала менің атымнан басылымға жарияланды да. Сондағы менің қуанышымда шек болмады. Міне, сол уақыттан бері «Aq jol»-дан қол үзген емеспін. 1977 жылы тұрақты автор болғандықтан, штаттан тыс газет тілшісі де атандым.
Енді міне, сүйікті газетіміз «Басы артық кітаптарыңыз босқа жатпасын» деген айдармен игі акция ұйымдастырып отыр екен. Соған да өз үлесімді қоспақ ниетте әрі облысымыздың 80 жылдық торқалы тойына орай 88 кітапты тарту етіп отырмын. Бұл кітаптардың ішінде тек қазақ классиктерінің емес, орыс жазушыларының да кітаптары көп. Барша оқырманды акцияға атсалысуға және облыс айнасы – «Aq jol»-ға жазылуға шақырамын! – деді Келіс Дулатбайұлы.

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support