- Advertisement -

Орфографиялық қателер қашанғы орын ала береді?

74

- Advertisement -

Облыс әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекованың төрағалық етуімен облыс әкімдігі жанындағы ономастикалық комиссияның кезекті отырысы өтіп, оған аудан әкімінің орынбасарлары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, тіл мамандары және БАҚ өкілдері қатысты. Жиында облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нәбира Сүйманова баяндама жасады.
Баяндамада айтылғандай, ономастика мәселесі жөніндегі жұмысшы топ Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарында зерделеу жұмыстарын жүргізіп, ілгерілеген істермен қатар бірқатар кемшіліктерді де анықтаған. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданында өткізілген аудан әкімдігі жанындағы жұмысшы топтың бірінші отырысының тақырыптары бекітілген жылдық жұмыс жоспарынан ауытқып кеткен. Ал Меркі ауданында тіл саясатының жүзеге асырылу барысы және ономастика мәселесі бойынша бір ғана (өзге аудандарда екі рет) отырыс өткен. Облыстық ономастика комиссиясында осы саланы дамыту мақсатында сапалы іс-шаралар санын көбейту керек екендігі айтылып келеді. Алайда Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарында іс-шаралардың жоспарлануы көңіл көншітпейді. Баяндамашы Меркі ауданында зерделенген 428 нысанның барлығы (100 пайыз), Қордай ауданында қаралған 321 нысанның 95 пайызы, Т.Рысқұлов ауданында белгіленген 250 нысанның 95 пайызы талапқа сай болғанын да айтып өтті.
Жиында Тараз қаласы және Сарысу, Талас аудандарындағы сыртқы көрнекі ақпараттардағы тіл сауаттылығына жүргізілген зерделеу қорытындысы да талқыланды. Баяндамашы Н.Сүйманова Тараз қаласындағы жүзге жуық көшедегі 5017 нысанды тексеру барысында оның 251-інен түрлі кемшіліктер анықталғанын айтты. Сарысу ауданында қаралған 65 көрнекілік ақпараттың 6-уында орфографиялық қателер және 5-еуінің эстетикалық талғамға сәйкес келмейтіні анықталған. Талас ауданында 4 көрнекілік ақпаратта орфографиялық қателер орын алғанын, 45 көрнекілік ақпарат «Тіл туралы» Заңның талабына, 4 көрнекілік ақпарат эстетикалық талғамға сәйкес келмейтіні белгілі болған.
Жиында Тараз қаласы әкімінің және жоғарыда аты аталған аудандардан аудан әкімінің орынбасарлары кеткен кемшіліктердің тез арада түзетілетіндігін айтып, алдағы уақытта жұмысты ширата түсетіндіктеріне сендірді.
Жиын барысында облыстық ономастикалық комиссияның мүшелері Мақұлбек Рысдәулет, Асаубай Майлыбаев сөз сөйлеп, көрнекі ақпараттардағы тіл сауаттылығын ілгерілетуге арналған кешенді бағдарлама қабылдасақ деген ұсыныстарын білдірді. Олар орфографиялық қателердің талай жылдан бері түзелмей келе жатқанына алаңдаушылық танытты.
Комиссия отырысын облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Сәтбекқызы қорытындылап, көрнекі ақпарат құралдарындағы тіл сауаттылығы өте өзекті екенін айтып, тиісті басшыларға Тараз қаласы және аудандардағы барлық көшені жаңа аншлагтармен қамтуды, нысан мен көшелерге жаңа атау беру кезінде тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді, көрнекі ақпараттарды талапқа сай жүзеге асыруды тапсырды.

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support